17:42
Әкім бол, халқыңа жақын бол

ЖЕР ЖАННАТЫНЫҢ ЖАНАТЫ

Жер жаһанда басқарушылық іскерлігімен әлдеқашан танылып жүрген аяулы жандар аз емес. Гендерлік саясаттың бүгінгі таңдағы әлеуеті әлемдік үдерісте аспандауда. Тұтастай бір мемемлекетті ұршықша иіріп, кәсіби іскерлік таныта басқарып отырған президент әйелдер қаншама. Сонымен бірге үкіметтік аппаратта министрлік портфельге ие болып жүрген аяулылар да бар ғой. Біздің елімізде де гендерлік саясат сәт сайын өршуде. Лебяжі ауданына қарасты Қызылғаш ауылдық округінде әкім болып отырған Жанат Шоқанқызы Байтілеуова осынау жауапты лауазымдық қызметке кіріскеніне бір жылдан міне-міне асып отыр. Сұхбаттасу кезінде ауылдың бүгінгі ахуалынан сыр тарқатты.

 

Жанат Шоқанқызы, Қызылағаш ауылдық округінің қазіргі хал-ахуалы қандай?

Сұраққа жауап бермес бұрын Қызылағаш ауылдық округі әкімі аппаратының басты мақсатына тоқталып кетейін. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  атты халыққа Жолдауын  жұмысымызда басшылыққа алып,  тұрғындардың  сұранымдары мен  ұсыныстарын қарау, жергілікті проблемаларды уақтылы және сапалы шешу, ауылдағы  әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту  біздің басты меже болып табылады.

Қызылағаш селолық округ бойынша 700 адам тұрады, оның ішінде ерлердің саны –  353, әйелдер – 347, округте 10 ұлт өкілдері бар: 82 пайызды құрайтын қазақтар саны – 600, 96 орыс, яғни 13,2 пайыз, немістер – 11, украиндер – 10, шешендер – 6, татарлар – 3, қалғаны басқа ұлт өкілдері.

Демографиялық жағдайға келсек, жылдың басынан 4 бала дүниеге келді, 7 адам қайтыс болды. Тұрақты тұруға сырттан 7 адам келсе, басқа жаққа 17 адам қоныс аударды.

Селолық округ көлемінде бір елді мекен – Бесқарағай ауылы бар, ең үлкен кәсіпорындар “Бесқарағай-Әлкей”, «Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  жұмыс істейді. 5 шаруа, 1 фермер қожалықтары, 123 жеке шаруашылықтар бар. Сонымен қатар 11 жеке кәсіпкер, оның ішінде жетеуі дүкенде, төртеуі басқа жұмыстармен айналысады.

 

Кез келген ауылды елді мекеннің экономикалық-әлеуметтік әлеуетін ауыл шаруашылығы құрайды. Осы жағын мәлімдесеңіз.

Қазіргі таңда ірі қара мал саны – 2440 құрап отыр, оның ішінде сиыр 1105 бас, қой, ешкі 1246, жылқы 401 бас,   үй құсының саны – 820, түйенің 3 басы бар. 2014 жылдан бастап  округ аймағында  «Дәнекер» ЖШС және «Дияр» шаруа қожалығы жұмыс істей бастады. Қос шаруашылық та  мал ұстайтын кешендер кұрып жатыр. Болашақта мал басы көбейеді деген үкілі үміт те бар.

 

Мал демекші малды аман сақтау шаралары қалай жүзеге асырылуда?                                                  

Бұл жағы да қалыпты жүйеге түсті. Атап айтқанда, ветеринариялық пункт әкімдік ғимаратында орналасқан. Ұдайы ветеринариялық-профилактикалық жұмыстарды өткізіп отырады. 2014 жылы 1510 бас ірі қара мал, 1690 бас ұсақ  мал бруцеллезге, 4400 бас ірі қара мал туберкулезге тексерілді. Сібір жарасына қарсы 2200 бас ірі қара мал, 1000 бас ұсақ қара мал, 400 бас жылқы егілді. Қарасанға қарсы 1200 бас ірі қара мал егілді. Малды бірдейлендіру жұмыстары үнемі жалғастырылып отырылады. Айталық, биыл 600 бас қара мал, 700 үсақ мал бірдейлендірілді. Жылқыны бірдейлендіру жөнінде жұмыстар жүргізуде. Десе де оны жүйелеу үшін әлі де жұмысты белсендендіру керек. Эпизоотикалық жағдайды жақсарту үшін мал өлекселерін тастайтын жер жабдықталған, белгі қойылған.  Округ бойынша малдың аса қауіпті жұқпалы аурулары әл-әзір тіркелген жоқ.

 

Жанат Шоқанқызы, жасыратыны жоқ ауылда тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту оңай шағылатын жаңғақ емес. Десе де соңғы уақытта осынау түйінді шешуде мемлекет тарапынан қолдау да, арнайы бағдарлама да септігін тигізуде. Бесқарағай ауылында жұмыспен қамту жүйеге қойылған ба?

Орынды сұрақ. Оған да орнықты жауабымыз бар. Шағын кәсіпкерлік саласында  11 адам жұмыс істейді, оның ішінде 7-еуі саудамен айналысады. Нанның, басқа да тағамдардың бағасын  тұрақтандыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.  2014 жылы «Жұмыспен қамту Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 жас маман жастар тәжірибесінен өтуде,  1 адам (жеке кәсіпкер Жанпеисов Ғарифолла) несие алып, «Газель» автокөлігімен жолаушыларды облыс орталығы Павлодарға тасымалдаумен айналысуда. Сонымен бірге «Бесқарағай-Әлкей» ЖШС мен «Дәнекер» шаруа қожалығында тұрақты түрде жұмыс істеп жүрген ауыл тұрғындары бар. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жұмыстар үзбей жүргізіліп келеді.

 

Елді мекенді көріктендіру, жарықтандыру, жолдардың жағдайлары жөнінде не айтасыз?

Елді мекенді көріктендіру бойынша санитарлық тазалау жұмыстары кезінде 2450 тонна көң-қоқыс шығарылды. “Жасыл ел” бағдарламасы аясында жоспарлы 150 түп ағаш отырғызылды, оның ішінде 50 қарағай, 4 гүлзар 700 шаршы метрге отырғызылды. Жазғы және таза су құбыры ауылдық округ әкімі балансына берілді. 2014 жылы  су құбырларына 1 млн 447 мың тенге  бөлінді, жазғы су құбырын іске қосуға 180 мың, 1 млн 267 мың тенге  таза су құбырын ұстауға жұмсалуда. Жазғы су құбыры  мамыр-қыркүйек айлары  жұмыс істеді, таза су  құбыры ұдайы жұмыс істеп тұр. Ауыл ішінде 6 колонка бар, бірақ скважинада су аздығынан, жаңа скважина  керек. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар қол алынуда.

 «Аймақтарды дамыту»  бағдарламасы бойынша бөлінген  300 мың тенге игерілді: қосымша 8 шам құрылып, 1 көшеге фотореле және 1 билборд орнатылды.

Санитарлық тазалау жұмыстарына берілген 573 мың теңге толығымен игерілді, оның ішінде 373 мың теңге иесіз бұзылған үйлердің орнын тазалауға, 200 мың тенге  ұйымдастырылмаған жерлердегі үйінділерді жоюға  жұмсалды.

Қазір Бесқарағай ауылында 38 көше шамы орнатылған, оның ішінде 35-і тұрақты жұмыс істеп тұр.

Жолдар мәселесіне келсек, ауыл ішіндегі жолдарды ұстауға 488 мың тенге бөлінген, оның ішінде 338 мыңы жолды қысқы кезде қалыпты ұстауға жұмсалды, 150 мың тенге жаздағы ағымдағы жөндеуге ұсталды. Жасыратыны жоқ, аудандық маңызы бар  Бесқарағай-Аққу  тас жолына  күрделі жөндеу  керек.

 

Жанат Шоқанқызы, ауыл халқы әлеуметтік жағынан қаншалықты қорғалуда?

Күн тәртібінен түспейтін басты бір міндеттің бірі – халықты  әлеуметтік жағынан қорғау. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар болған жоқ, балалар жәрдемақысы 2 отбасынан 9 балаға  төленеді.  1 көпбалалы отбасы  мал сатып  алуға 150 мың тенге  әлеуметтік жәрдемақы алды.

Экономикалық белсенді адамдардың саны 390-ды құрауда, оның ішінде 365-і үнемі жұмыспен қамтылған. Жыл басынан  жаңа жұмыс орындарына алты, бос, маусымдық жұмыс орындарына 15 жұмыссыздар орналастырылды. Қоғамдық жұмыстарға 11 жұмыссыз қатысты.

18 жалғыз басты қарттарға, бір 1-топтағы мүгедекке, жасынан мүгедек балаға, үш 2- топтағы мүгедекке  4 әлеуметтік қызметкер кесте бойынша ұдайы қарайды. 2014 жылы 4 зейнеткер демалу орындарында  болды. Айталық, үш адам «Ардагерлер» үйінде, бір адам «Энергетик» санаторийінде әрі демалды, әрі сауықты. Бір 2-топтағы мүгедекке өз ісін ашуға қаржы бөлінді, 2 мүгедек жұмысқа орналастырылды, қазіргі кезде 1 мүгедек жұмысқа орналастыруды қажет етеді. Алты 2-топтағы мүгедекке аудан бюджетінен «Отау ТВ» жерсерік телеқұрылғылары, бір мүгедекке телефон құрылды. Ұлы Отан соғысы ардагері Қасенов Қаблен ақсақалдың үйіне күрделу жөндеу жүргізу үшін биыл аудандық бюджеттен 630 мың тенге бөлінді.

 

Іргеде орын теуіп отырған мектептегі оқу-тәрбие үрдісі туралы не айтасыз?

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде 29 мұғалім жұмыс істеп, 67 оқушыны оқытуда. Өкінішке орай, соңғы кезде оқушылар саны азаю үрдісі бой бермей барады.

Биыл мектепті 8 түлек бітірді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде биылғы жылы орташа ұпай 82,2 болды. Аудан бойынша үшінші көрсеткіш болды. Бір түлегіміз Айгерім Тілектесова «Алтын белгі» иегері атанып, грантпен Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің студенті атанды. оның 2-і – грантпен  Басқа да түлектер жоғары оқу орындары мен колледждердің грант-бюджеттік бөлімдеріне оқуға түсті.

Мектеп жанында 3-5 жастағы 15 балаға арналған шағын орталық жұмыс істейді.

2014 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 500 мың теңге бөлініп, толығымен мектептің іші әктелді, сырланды. Бірақ мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. 2013 жылы осы бағытта 567 мың теңгенің  жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды.

Мектеп жанында асхана бар. Барлық мектеп оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Биыл 500 мың теңгеге  жаңадан асхана құрал-жабдықтары алынды. Мектептің жылу беру жүйесіне күрделі жөндеу жүргізуге 2 млн 250 мың теңге бөлініп, жаңадан екі отқазандығы орнатылды.  Көмір толығымен әкелінді.

 

Халықтың денсаулығын тексеру жайында нендей мәліметтерді ортаға сала аласыз?

Ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Онда 1 фельдшер, 1 медбике  халыққа қызмет етеді. ФАП-та 2 орындық күндізгі стационар, зертхана, егу кабинеті, дәріхана пункті  жұмыс істейді. Арнайы жедел жәрдем көрсету автокөлігі де бар. 2014 жылдың алты айында  фельдшермен 1200 адам қабылданды. Күндізгі стационарда 83 адам емделді Маммография тексерісінен 11 әйел өтті. Бір жақсысы, қауіп төндірер дерт-сырқат анықталған жоқ. Сәуір айында ауылға облыстық автополиклиника келіп, халыққа дәрігерлік қызмет көрсетті. Гинеколог, лор, педиатр, окулист, стоматолог, терапевт, рентгенолог мамандары  239 қабылдау жасады.  Флюкар тексерісінен 154 адам өтті. Жаңадан ауруға шалдыққандар анықталған жоқ. Жыл басынан 380 адам флюорографиялық тексеруден өтті. Ауыл тұрғындары скринингтен өтуде: қан айналымы жүйесі – 120 адам, асқазан жүйесі – 36 адам (оның ішінде 6 адамда әртүрлі аурулар анықталды), әйелдер – 28 адам (ауру анықталған жоқ).

 

Жанат Шоқанқызы, мәдениет, спорт қандай күй кешуде?

Мәдениет Үйі әлдеқашан күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан барлық қоғамдық-мәдени шаралар мектеп, әкімдік ғимаратында өтеді. Әр мерекеге арналған концерт, спорттық шаралар, жастар кеші өткізіледі. Округ спортшылары аудандық спартакиадаға, жарыстарға белсене қатысты. Ауыл жастары және жалпы тұрғындар күнделікті мектептің спорт және жаттығулар залдарында спортпен айналысуға толық мүмкіндіктері бар.

 

Жанат Шоқанқызы, алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін сізге шексіз алғыс. Қисыны қиын әрі қызығы мол жауапты қызметіңіз халыққа әрдайым жақын болсын тек.

Рахмет! Айтқаныңыз келсін.       

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 796 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: