23:18
Әкім бол, халқыңа жақын бол

ТОҚСАН САЙЫНҒЫ ТОЛАЙЫМ ЕСЕП

   Мемлекеттік деңгейдегі әкімшілік-басқару жүйесінде жүзеге асырылып жатқан қозғалыс тетіктері өз нәтижелерін беріп жүр осы күндері. Айталық, «А» корпусы мен «Б» корпусы, аудан-ауыл әкімдерін мәслихаттар арқылы сайлау һәм тағы басқалары – осының бәріне ет үйреніп бара жатқаны қашан. Осынау жаңашылдықтың қатарына ірілі-ұсақты елді мекендерге бас-көз болып отырған әкімдердің халық алдындағы ашық есебін жатқызуға әбден тұрарлық. Оның үстіне әкім әдеттегідей тек жылына бір рет есеп берумен шектелмейді, есесіне әр тоқсан сайын, яғни үш айда бір, атқарылған іс хақында өз елді мекенінің тұрғындары алдында жариялы есеп беруге міндетті екен осы күні.

Сондай есептің бір парасы жақында Бесқарағай ауылының Қызылағаш ауылдық округінің әкімшілік мекемесінде болып өтті. Осыдан жарты жыл бұрын ауыл әкімі  орынтағына сайланған Ж.Ш.Байтілеуова бесқарағайлық ел алдында есеп берді. Айта кету керек, бұл есептің өту жүйесі бұған дейінгі жүзеге асқан есептерден пәленшедей ерекшелігі болмай дәстүрлі сүрлеумен өрілді. Көп жағдайда өзгеріске тек сан-көрсеткіштер ұшырады.

Бұл есептік кездесуге облыс орталығынан қандай да бір билік тізгінін ұстаған шенеунік ат басын бұрмағанмен, аудан орталығынан Лебяжі ауданы әкімі аппаратының басшысы Ж.А.Мукатова, Лебяжі аудандық мәслихаты хатшысы Қ.М.Әлтаев өкіл ретінде қатысты. Ауыл әкімі Жанат Шоқанқызы өз есебінде осы күнге дейінгі статистикалық мағлұматтарға кеңінен тоқталды. Сондағысы мыналар: Бесқарағай ауылында тұрып жатқан халық саны 740 адамды құрауда, өткен жылы жарық дүние есігін сегіз шақалақ ашса, алты адамның жалғандағы талқаны таусылып, бақилыққа мәңгілік сапар шеккен екен; ауылда ұзын саны 11 жеке кәсіпкер бар, оның бесеуі жеке сауда-саттықпен айналысса, қалғаны өз шаруашылықтарымен шұғылдануда; «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 500 түп ағаш, оның ішінде 100 түп қарағай отырғызылыпты. Үйінділерді тазалауға, иесіз иттерді құртуға бөлінген қаржы орынды жұмсалды. Сол сияқты тоқсандық есепте ауыл әкімі ауылдың ветеринариялық хал-ахуалына, әлеуметтік қызметтің жүйеге түскен мінсіз қызметіне, іргеде бой көтеріп тұрған Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің білімдену-тәрбиелеу бағытындағы тыныс-тіршілігіне, ауылдың фельдшерлік-акушерлік пункітінің жұмысына тоқталды. Ал құқықтық-тәртіптік жағдай бойынша тіркелген 17 қылмыстың 12-сі ашылған екен, өзгелері де тізбеленді.

Былтырғы жылдың қазан айында болған есепті кездесуде көтерілген мәселелердің қаншалықты орындалғанына тоқталған Жанат Шоқанқызы қысқы ауыз су аясы ғана ретке келгенін жеткізді. Ал сол кезде проблема болған Мәдениет үйін жөндеу я жаңадан бой көтеру, Бесқарағай-Аққу арасын жалғап жатқан тас жолды жөндеу, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебін күрделі жөндеуден өткізу өз шешімдерін тілене күтуде. Бір анығы, мектептің күрделі жөндеуден өтуіне байланысты сметалық құжаттамасы әл-әзір дайын екен. Ендігі басты қадам – осынау кешенді жұмысқа қомақты қаржы бөлу.

Есептік кездесуге келген бесқарағайлықтардың ішінен қайсыбіреулері түйіні шешілмеген мәселелерді де алға тартты. Атап айтқанда, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке қосымша қызметкер беруді, ұялы байланыс қызметінің сапасын көтеруді, облыс орталығына жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын маршрутты шағын автобустың кестеге сай жүйелі қызметін жөнге салуды қадап тапсырды. Соңғы уәж бойынша ауыл әкімі бұл мәселенің ақпан айында жүйеленетінін асыға жеткізді.

Дәстүр бойынша ардагер ұстаз, ауылдың зиялы ақсақалы Думаш Ақатайұлы мінбеден ауыл әкімі Ж.Ш.Байтілеуованың жартыжылдық жұмысына ауыл тұрғындары атынан оң баға беріп, жасалған есебіне қанағаттанарлық танытты.

Жалпылай алғанда, соңғы кездесуден өткен үш ай өтісімен Ертісті жар жағалай орналасқан Бесқарағай ауылдық мекенінде тұрғындарды қысқы ауыз сумен қамту қызметі мінсіз болды. Басқа да мәселелер өз шешімін табады деген үміт еріксіз ұялайды.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 804 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: