16:37
Халықаралық мұғалім күні

МЕНІҢ ҚОЛЫМДАҒЫ БАЛА БОЛАШАҒЫ

Әр жылдың қазан айында, басқасым қайдам, ал өз басым ерекше қастерлейтін Халықаралық мұғалімдер күні кәсіби мерекесі бар. Ұстаздық жолдың бастау алғанына жиырма жылға қадам басса да мектеп өмірі мен үшін оттай ыстық, көңіліме жақын. Бала күнімнен санама сіңген қоңырау үні қырық бес минуттық білім сағатына шақырып тұратын. Қазір де солай. Бірақ айырмашылығы қиын да абыройлы ұстаз жолында жүруім.

Осынау Ұстаз атына саймын ба? Жаңарған, жасарған қоғамда ұстаз міндетін қалай атқарып жүрмін?

Әлбетте, Ұстаз болу – жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз білімді, еңбекқор, бала жанын түсіне алатын болса ғана ұстаздық кәсіптің шыңына жете алады деп ойлаймын. Олай болса, ең алдымен, өзімді өзім танып, тынымсыз ізденіп, аяусыз еңбектенуім керек. Бойымдағы бар білімді, асыл қасиеттерімді шәкірттеріме арнай білсем, олардың жүрегіне жол тауып, сан алуан мінезі бар өзіміздің қара көздерімізді, өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлетіп, жаза білетін дәрежеге жеткізсем, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын танып білуге талпындырсам, тілін құрметтеуге һәм Отанды, адамзатты сүюге тәрбиелесем менің мақсатымның орындалғаны, еңбегімнің ақталғаны деп білемін.

Адам баласы алған тәрбиесін өз мақсатына жету үшін білім кілті арқылы ашып, пайдаланады. Неғұрлым білімді болған сайын, ілгерілеу соғұрлым жылдамдайды. Ендеше, тәрбие бар жерде мақсат бар, мақсат бар жерде білім басты қажеттілік болмақ. Жасөспірім алдына үлкен мақсат қоя білсе ғана биікке ұмтылады. Жас ұрпақты өмірге дайындап, олардың «сегіз қырлы, бір сырлы» дарынды, білімді азамат болуы үшін тәрбиенің барлық түрін ұштастыра жүргізуім қажет.

Еліміз егемендік алып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болды. Тәуелсіз еліміздің болашағы кімдер? Олар – бүгінгі менің алдымда отырған шәкірттерім.

Тәуелсіз еліміздің берік тірегі – білімді ұрпақ. Ендеше, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келелі мәселе – оқытудың жаңа технологияларын қолдана отырып, саналы, рухани бай, салауатты, жан-жақты дамыған жеке тұлға даярлау – бүгінгі ұстаздар қауымының басты парызы екені баршаға аян. Ертеңгі болашағымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуы – қазіргі қоғамдағы ұстаздарға байланысты. Оның ішінде маған да байланысты.

Елбағарымыз Н.Ә.Назарбаев қазіргі мұғалімнің қоғамдағы орнын бағалай отырып: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы азаматтық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз», - деген еді.

Ұстаздық қызметті ерекше ұлықтаған халқымыз өзінің ең қымбаттысын – балаларын оқытып, тәрбиелеуді бізге, мұғалімдерге, тапсырған. Сондықтан кездесетін қиындықтарға қарамастан, білім сапасын арттыру, баланы тәрбиелеу – мұғалімдер қауымының міндеті.
«Адамның адамшылығы … жақсы ұстаздан» деп Хакім Абай айтқандай, мен қандай болсам, алдымдағы шәкірттерім де сондай боп шығарын түсінем. Шынында да, бала болашағы – менің қолымда. Қызығы да, қиындығы да мол ұстаздық жолдан мүдірмей өтсем, менің де биік шыңға шыққаным.

Дана Абай Құнанбайұлының:

 «Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға»
-

деген қасиетті қағидасы менің әрдайым жүрегімнің түкпірінде ұстайтын ұстанымым.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 719 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: