13:32
Игі дәстүр ізімен

АРАЙЛЫ АЛТЫН КҮЗ

Хакім Абайдың «сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, күз болып дымқыл тұман жерді басқан» деп әдемі ұйқасатын жыл мезгілінің төрлетіп жүргеніне де бір айдың жүзіне айналды. Күні кеше ғана жасыл желекке армансыз оранған тоғайлар сары алтын түске боянса, көк майса реңктегі сай-дала сарғыш тарта бозарды. Бау-бақшадағы өнім де, шабындықтағы пішен де жиналды. Не керек, алтын күзбен айнала өзінше ажарланды.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде жылдағы игі дәстүр ізімен бастауыш және орта буын оқушылары арасында «Арайлы алтын күз» айдарымен өнер-сауықты тәрбиелік шаралар өткізілді жуырда.

Мектептің мәжіліс залының сахнасына жұп құраған я бүкіл сынып болып қатысқан оқушылар көрермендер алдында көркем тілмен өздерін таныстырды, күзгі жеміс-көкөністерден жасаған тамаша бұйымдарын һәм жапсырмаларын көрмеледі, ұйымдастырушылар тарапынан әзірленген қызықты сұрақ-тапсырмаларға мардымды жауап берді, тіл үйірер ас мәзірін ұсынды, неше түрлі заттарды пайдаланып жасаған күзгі сән үлгісін көрсетті. Осынысымен көрермендер қадіріне, әділқазылар алқасының ықыласына мейілінше бөленді. Ол ол ма, өнер көрсетуде күміс көмейлене әндер шырқады, тал шыбықтай мың бұрала билер биледі.

Жеме жемге келгенде, бастауыш буын оқушылары арасында бас жүлдені 1 қазақ сынып оқушысы Ахметова Ділназ бен 4 қазақ сынып оқушысы Зейнуллинова Ділназ жұбы еншілесе, орта буын сыныптары бәсекесінде 8 қазақ сынып оқушылары Молдажанова Камила мен Әлімбет Ақжолдың жұбы және 5 орыс сынып оқушылары өзгелерден сырық бойы озып, жеңімпаз атанды.

Осындай шараға оқушыларын жатпай-тұрмай дайындаған сынып жетекшілеріне ұйымдастырушылар атынан шексіз ризашылық білдірілді.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1155 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: