18:44
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Италия – 1934

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

27 мамыр-10 маусым 1934 ж., Италия

Қатысушылар саны:

16

Ойындар жүйесі:

1/8 финалдан бастап олимпиалық жүйе бойынша

Өткізілді:

17 кездесу, оларды 395 000 көрермен тамашалады, бір ойынаға орта есеппен 23 235 адамнан келді

Соғылды:

70 гол (орта есеппен 4,12)

 

Екінші мәрте өткізілген әлем чемпионаты тарих құшағына ең саясиланған сипатпен кірді. Футболдың дамуына орасан зор үлес қосқан аты аңызға айналған ФИФА президенті Жюль Римэ Италияда фашистік режимді орнатқан диктатор Бенито Муссолинидің асыра өзімшілдігіне төтеп берер қарсылық көрсете алмады, сондыктан болар 1934 жылғы мундиальді өз күшін дәлелдеу құралына айналдыруға барын салды.

1932 жылы Стокгольмде өткен ФИФА конгресінде 1934 жылғы біріншілікті өткізетін елді анықтау қарастырылды. Сонда оны өткізуге небәрі екі ел ғана тапсырыс берді: Италия және Швеция. Оның өзінде шведтер өз тапсырыстарын кері қайтарып алды да, итальяндықтар жеке дара қалды. Сонымен Швеция ұйымдастырудан үзіді-кесілді бас тартқан соң, өткізу құқы Италияға ұсынылды. Әрине, ФИФА басшылығының басым бөлігіне Муссолини режимі ұнай қоймады. Әйгілі «Вундертимді» («Ғажайып команда») жасаған әрі айтарлықтай беделді Хуго Майзель чемпионатты өткізуді 1936 жылға дейін шегеруді ұсынды. Ондағы ойы – қалыптасқан жағдайдың оңалуы. Әйтсе де оның ұсынысы қабылданбады да, итальяндық фашистер діттеген мүмкіндікке ие болды.

Жеңімпаз атануға сөзсіз үміткерлер ретінде турнир қожайындары итальяндықтар һәм 30-жылдардың ортасындағы мықты құрамалардың бірінен саналатын әйгілі австриялық «вундертим» саналды. Өз үйінде ойнаған итальяндықтар қарсыластарынан айтарлықтай басымдықтарға иелік етті. Олар жарысты жеңеміз дегенге толықтай бекінді. Дегендеріне жетті де ақыры. Фемидаға қызмет жасайтындардың үлесі де тиді осынау жетістікке. Айталық, ширек финалда Испания құрамасымен кездескен жарыс қожайындары испандық қақпашы Замораға бір гол да соға алмай, әуре-сарсаңға түсті. Қырсыққанда әлгі қақпашы ғажап ойын өрнегін көрсетті. Басқадай амалдары таусылған итальяндықтар испан футболшыларына қарсы ашықтан-ашық қатал да қатаң түрде ойын ережесін бұзды, нәтижесінде бірнеше испан футболшысы, оның ішінде Замора да бар, түріше жарақаттар алды. Дегенмен испандықтардың қақпашысы алаңнан кеткен жоқ. Замораның асқан ерлігі мен шеберлігі арқасында қонақтар кездесуді тең аяқтады.

Ойын келесі күні қайыра өткізілді. Испандықтар жеті негізгі ойыншысын алмастырды. Замора да алаңға шыға алмады. Алаң иелері жеңіл жеңетін сияқты көрінді. Олар шынымен де жеңді. Бірақ қанша жүйке тоздыруға тура келді. Оның үстіне ойынға төрелік еткен швейцариялық арбитр Мерсе де бұған өз «үлесін» қосты. Айталық, ол ойын ережесін өрескел бұзумен итальяндықтар соққан голды санады, ал кезекпе-кезек екі голды қақпа торында тулатқан Испания командасының жетістіктерін есепке алмай қойды. Қалай болса солай ойынға төрелік жасаған Мерсені осы ойыннан соң-ақ Швейцария футбол федерациясы төрелік қызметінен бірден алып тастады.

Жартылай финалда кездесуге шыққан фавориттер есебіндегі Италия – Австрия ойынын мамандар ақтық сынның нақ өзі деп бағалады, себебі осы ойын чемпионаттың нағыз жеңімпазын анықтайтын-ды. Ойын нөсер жауыннан соң сорға ұқсап тұрған Милан қаласының футбол алаңында өтті. Ойын тағдырын австриялықтардың қақпасына Гуаита соққан жалғыз гол шешті. Итальяндықтарды қуанышында шек болмады. Олар өздерін алдын ала чемпиондар деп санады, сондықтан Чехословакия құрамасымен жоспарланған ақтық ойынға немқұрайлықпен қарады. Десе де ойын түзілімі оларды айтарлықтай толғанысқа түсірді. Чехословактық футболшылар қарсыластардың негізгі ойыншыларын жекелей тығыз бақылауда ұстап, сәті түскенде олардың қақпасына қауіпті шабуылдарын үдетіп отырды. Аталмыш ойын алаң иелерінің қалауынша өрнектелмеді, содан да болар итальяндықтар бұрынғы әуендеріне тағы басты: ережеге қарсы ашықтан-ашық әсіре қатал ойнады. Олардың сәтіне қарай, швед төрешісі Эклунд бұндай сұмдыққа көз жұма қарады. Көз алдымызға елестеткенде, итальяндық Монти өз айып алаңында чехословакиялық Свободаны палуандық әдіспен сұлатты. Эклунд... чехословак командасына бағытталған айып соққысын белгіледі. Ал итальяндық Меацца Крчилге бірнеше дүркін бокс соққысын жаудырып, жарақат жасады. Осыдан соң әлгі Крчилдің алаңда не бары, не жоғы байқалмай қалды. Төбелесқорды алаңнан қуу керек төреші тек қана ескерту жасаумен шектелді. Ақырында ғой, екінші таймның ортасында алаңнан қатты жарақат алған қонақтардың мықты шабуылшысы Пучаны алып кетті. Дәрігердің жоқтығынан оған... чехиялық тілші алғашқы көмек көрсетті. Моральды тұрғыдан көрсетілген бұл көмек Пучке құнды болды, өйткені алаңға қайта оралған ол итальяндықтардың қақпасына қарай киліге кіріп, стадионның шыбын ызыңы естілмес тыныштығымен қақпашы Комбидің қақпасында ойын сферасын тулатып, 1:0 есебімен өз командасын алға шығарды.

Алаң иелері ессіз шабуылға төтеп берді де, ойынның аяқталуына тоғыз минөт қалғанда итальяндық шабуылшы Орси оқыс бұрыштан адам сенгісіз тәсілмен өз қақпасын керемет қорғап тұрған Планичкаға гол соқты. (Бір қызығы сол, келесі күні тілшілер әлгі Орсиге сол тәсілді қайталап көрсетуді өтінген-ді, дегенмен жиырма шақты мәрте әрекеттенген шабуылшы түк өндіре алмаған екен. Қайталанбас сәт деп осыны айтса керек.) шешуші голды итальяндықтар қосымша уақытта соқты. 2:1 есебімен жеңіске жеткен Италия құрама командасы еуропалықтар ішінде алғашқылары боып футболдан әлем чемпиондары атағына қол жеткізді.

Сонымен, Еуропа һәм Оңтүстік Америка құрлықтары арасындағы бейресми тартыстың есебі 1:1 болып теңесті.

жиған-терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1319 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: