14:33
Ескі жыл - есіркесін, жаңа жыл - жарылқасын

ТОЛҚЫНДЫ ТОЛҚЫН ҚУАДЫ, ТОЛҚЫННАН ТОЛҚЫН ТУАДЫ

Қолданыстағы күнтізбенің өз жүрісінен жаңылған я қате басқан кезі бұл жалғанда әл-әзір болмаған шығар әлбетте. Таңын қалай уақытында атырса, күнін де солай дер кезінде ұясына батырады да. Жалпы жыл он екі айда осынау бұлжымас заңды үрдіс-үдеріс қой қашанда.

«Өткенге – салауат» дейді данагөй халқымыз. «Ескі жыл – есіркесін, жаңа жыл – жарылқасын» деген тағы бар. Құшақ-қойны небір шежірелі мұраға толы һәм кемері арнасынан тасыған тарих міне-міне үстіміздегі жылды да бауырына мәңгіге басуға дайын. Есеп емес, есте қалатын естеліктей шымылдығы түрілуге шақ Жылан жылы қандай болды?

Өткен жылдың желтоқсанында Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – 2050» атты даму стратегиясын жариялап, мемлекетіміздің өркен жая арықарай дамуының нақты қадамдарын айқындап, ойлағанды ойдағыдай жүзеге асыруға мақсатталған негізгі тетіктерді қозғалысқа қойды. Осынау екпінмен еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы сапалы жүйе даңғылына түсті. Сонымен бірге Астанада өтеді деп айшықталған «EXPO – 2017» бірегей бүкіләлемдік көрмеге дайындық жұмыстары басталып та кетті. Мемлекеттігімізді халықаралық стандарттарға сай қылу бағытында бірнеше реформалар жүзеге асырылды. Әсіресе аудан-ауыл әкімдерін сайлау осынау үрдістің бірден-бір қарлығашындай қанат қақты. Не керек, еліміздің қалалық та, ауылдық та елді мекендері экономикалық-әлеуметтік жағынан еңсесін тіктеудің жаңа сатысына көтерілу үстінде. Халықтың әл-ауқаты әуелеуде, тұтыну аясы түрленуде, білімдену белестері кеңеюде һәм тағы басқасы.

Бүгінгі таңда мүшелер санымен де, жұмыс сапасымен де өзгелерден озып тұрған «Нұр Отан» партиясының да аяқ алысы қуантады. Елордада өткен съезде жетекші партия жаңаша сипатқа ие болып, халық сеніміне одан сайын жақындай түсті. Елбасының сарабдал һәм салиқалы саясатын ілгерілете жылжытудың бірден-бір тірегі екенін артық рет дәлелдеді.

Ал өзім ауасын жұтып, суын ішіп, жерін басып жүрген қарт Ертісті жар жағалай қонған Бесқарағай ауылы үшін Жылан жылы нендей ерекшеліктерімен есте қалуда? Айталық, тамыз айында аудандық мәслихат депутаттары өткізген сайлау нәтижесінде ауыл әкімі қызметі орынтағына өз жерлесіміз Ж.Ш.Байтілеуова отырды. 11 сыныпты тәмамдаған Шәріпова Нұрилә Астанадағы Л.Гумилев атындағы Ұлттық Еуразиялық университетіне, ал Қазбеков Мағжан С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне мемлекеттік білім грантына ие болып, оқуға түсті. Дегенмен ауылдан басқа жаққа көшіп кету салдарынан мектеп оқушыларының саны айтарлықтай азайып қалды ағымдағы жылы. Жалпы ауылымыздың тірлік-тіршілігі қалыпты: біреулер талқаны таусылып, дүниеден озса, біреулер жалғанның есігін ашып, дүниеге келуде; оқушылар мектепте білім-тәрбие жинауда, мұғалім-тәрбиешілер бар білгенін шәкірттеріне нұр-сәуледей шашуда және басқа-басқа бағындырған белестер, алынған асулар...

Адуынды арғымақтай, желдей жүйріктей, тегеурінді тұлпардай, сағымды сәйгүліктей жыл төресі атану құрметіне шауып келе жатқан жаңа Жылқы жылы көмбеге есен-аман жетсін тек. Тұғырлы Тәуелсіздігіміз, ерен Егемендігіміз, мығым Мемлекеттігіміз берік болсын тек. Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ел басқару ісінде ой-көңілден шығатын қомақты жұмыс нәтижелері болсын тек. Халықтың әл-ауқаты, қасиетті еліміздің, кең де дарқан жеріміздің өркендеп дамуында игі жақсылықтар орын алсын тек. Осынау қайталанбас қолайлы сәтті пайдалана отырып, оқырмандардың патша көңілінен мейілінше шығып жүрген газеттің айрандай ұйыған редакция ұжымын, газетке деген жанашырлық танытып жүрген қадірменді жазылушыларды, құрметті оқырмандарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Асылы сол, ел аман, жұрт тыныш болсын.              

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББМ оқу-тәрбие істері меңгерушісі,

«Нұр Отан» партиясының «Бесқарағай» БПҰ төрайымының орынбасары,

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 2089 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: