12:37
Егделерге деген құрметпен

АҚЫЛДЫ ҚАРИЯ – АҒЫНДЫ ДАРИЯ

Қазанның бірінші жұлдызында ұлан-байтақ елімізде халықаралық егде жастағы адамдар күні тағылым-ғибратқа толы түрліше шаралар өткізумен аталып келе жатқаны қашан. Зейнеткерлік құрметті демалысқа әлдеқашан шығып, үйде от-қазанды жаңартып, немере-жиен, шөбере-шөпшектің балдан да тәтті қылықтарына қызығып отырған қариялар да жылда бір-ақ рет келетін осынау мерекелік сәтті сағынышпен күтеді. Себебі сол – дәм-тұзды дастарқан басындағы жайлы отырыста орынды әзіл-қалжынның, келісті әңгіме-дүкеннің көбесі мейілінше сөгіледі. Сонымен қатар барсакелмеске кеткен жастық шақты еске түсіретін, елес боп өзіне шақыратын «көңілге түрлі ой салар жақсы әндер» шырқалады, арагідік биге ерік беріледі.

Бесқарағайда да ерен еңбектің шыңына шығып, шексіз құрмет-қадірге бөленіп жүрген егде жастағы жандар, Құдайға тәуба, баршылық. Алпыстың асқарына шығып, одан арықарай да барып қалған қарт-қариялар қатары да өсіп отырғаны бірден көзге түсті.  

Биыл да Бесқарағай ауылындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мәжілісзалында Қызылағаш ауылдық округі әкімдігі аппараты бастап, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі ұжымы қостап алпыс жастың аржағына шығып отырған егде жандар үшін «Ақылды қария – ағынды дария» атты демалыс кеші ұйымдастырылды. Арнайы шақырылған қарт-қариялар дәм-тұзды дастарқандардың айналасын мейілінше толтырды.

Ауылдың көнекөз тұлғаларын құттықтаған ауыл әкімі Ж.Байтілеуова, ауылдың ардагерлер Кеңесінің төрағасы С.Темірғалин, мектеп директорының тәрбие істері бойынша орынбасары Б.Мазанова жүрекжарды тілектерін шын жүректен білдірді. Қоғам үшін егде жандардың орны әрқашан да бөлек екенін бірқыдыру атап өтті сөз алған тұлғалар.

Дәмі тіл үйірер тағамнан алып отырған қарт-қариялар ауылдың көркемөнерпаздарының шырқаған әндерін ұйып тыңдап, арагідік сахнаға шығып, би билеп сергіді де.

Күміс көмей әншілік дауысымен ән шырқауда көрермен ықылас-құрметіне мейілінше бөленіп жүрген Л.Сейітова бұл жолы да бойдағы өнерін нұр-сәуледейін шашуда еш аянып қалмады. Ал ардагерлер ішінен гармон аспабының сүйемелдеуімен әндер шырқаған Е.Ибрагимов мерекелік отырыстың көңіл-күйін әрлей түсті. Педагогикалық қызметкерлер тарапынан Б.Мазанова, Б.Ибраһим өз өнерін көрсетті.

Көңілдері жаз күніндей жадыраған егде жандар өз алдына ән шырқау арғымағының басын жіберді. Қазақша да, орысша да орындалған әндерге көңілдері ақжарқынданған аталар мен әжелер белсенділіктің бірегей үлгісін көрсетті.

Бір жақсысы – биылғы отырысқа келген егде жандар сан жағынан бұған дейінгі кездесулердің алдын екі есе орап кетті. Бұл да болса ауылдық әкімшіліктің айрандай ұйыған бірлікті тірлігінің сапалылығы болып табылады.

Ас қайырған сәтте бата берген ауыл имамы Ж.Оспанов жалғанның жақсылығын өрнектеді. Бір жасап қалған қарт-қариялар осынау отырыс-кездесуді қимай-қимай тарасты.

Келесі жылы да келісті кездесу болатынына сенім нық. Тек бұл қамшының сабындай қысқа аралықта жақсылық қана гүлденсін деген қарапайым тілек қана бар бізде. Үлкендерімізді көзіміздің қарашығындай сақтауда, шынайы шексіз құрметтеуде тікбақайлық, бітбеткейлік танытпасақ болғаны.       

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 767 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: