13:51
Әдеби қазына

САРЫАРҚАНЫҢ САЙЫПҚЫРАНЫ – СҰЛТАНМАХМҰТ

 Әлбетте, Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ халқының сүйікті перзенті, асқан дарынды ақыны, ағартушысы, педагогі.

            Аз жасаса да соңына аса бай, мейлінше қызықты әдеби мұра қалдырған классик ақын, ұлағатты ұстаз. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» арман еткен Сұлтанмахмұт Торайғыров бүкіл ғұмырын халық ағарту ісі мен шығармашылыққа арнаған.

            Ақын еңбектерінде өзі өмір сүрген дәуірдің өзекті мәселелерін, яғни, оқу-ағарту жайын сөз ете отырып, заман сырын, замандас келбетін көркем кескіндей білген. С.Торайғыров – нағыз ағартушы, педагогқа тән еңбектерінің азабын тартқан қаламгер. Ол шындықтың жолымен жүрді.

            Ақын өмірінде көпшілікке белгісіз ақтаңдақтар бар, оның өмірінің кейбір кезеңдері туралы білетініміз де аз. С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы егжей-тегжейлі зерттеліп, туған әдебиет тарихынан алар орны сараланғанмен, оның ағартушылық қызметі саласында сіңірген еңбегі әлі де болса өнер қазынасын мұра тұтқан ұрпақтар мойнына жүктелетін парыз. С.Торайғыровтың педагогика саласына қосқан үлесіне бүгінгі күн биігінен жаңа көзқараспен келуіміз керек, оның шығармаларын талдау арқылы қараңғы қазақ халқын өнер-білімге, мәдениетке шақырып, көзін ашу мақсатында сіңірген еңбегі, бала оқытып, ұстаздық ету жолындағы ақынның шеберлігінің поэтикалық қуатын көрсету қажет.

            Сұлтанмахмұт Торайғыров Ресей тарихының, соның ішіншде қазақ халқы тарихының аса бір өрлеу кезеңінде – тарихи дамулар, күрес-көтерілістер, қиян-кескі соғыстар, ұлы төңкерістер дәуірінде жасады. Осының бәрі ақынның көз алдында болды, күнделікті қызметіне, шығармаларының тақырыптық мазмұны мен жанр түріне, көзқарасына зор әсер етті, із-таңбасын салды.

            Шындықтың аулын іздеп түстім жолға,

            Разымын не көрсем де осы жолда.

            Шаршармын, адасармын, шалдығармын,

            Бірақ бір табармын деп көңілім сонда, - деп бастады. Өмір бойы осы сертін орындау жолында қызмет істеді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, өзіне, өз халқына өнер, білім, еркіндік, бақыт іздейді.

            Сұлтанмахмұт Торайғыров 28 қазанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келді. Оның туған әкесі кедей шаруа, момын, қазақша хат тани білетін адам болды. Болашақ ақынға бар болғаны бір жас толғанда анасы қайтыс болды. Ол балалық шағынан аштық пен жалаңаштықты, қиындықты көріп өсті.

            Сұлтанмахмұт алты жасар күнінд, әкесінен оқып, хат таниды. Осыдан соң оны 1902-1907 жылдары ауыл молдасына оқуға береді. Ол молдаға оқып жүрген кезінен бастап, сонан көріп, он үш жасында өлең жаза бастайды. Оның тұңғыш жазған өлеңі «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» деп аталады.

            Ол 1908-1910 жж. Баянауыл қаласында ашылған діни медреседе оқиды. 1912 жылы Сұлтанмахмұт Троицк қаласына келіп, мұсылман діни мектебіне оқуға түседі. Онда барып оқуға түскен кезде Сұлтанмахмұт іздегенім табылды, енді дегеніме жетем деген ойға келеді. «Шәкірт ойы» деген өлеңінде:

            Мұздаған елдің жүрегін

            Жылытуға мен кіремін, - дейді ақын Сұлтанмахмұт. Троицк қаласында мұсылман мектебінде оқып жүріп, өз бетімен діни емес ғылымдардың негізін оқып үйренеді, орыс тілін терең меңгереді, ол Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты оқиды. Оның ой-өрісі артады, дүниеге көзқарасы қалыптаса бастайды.

            Ол 1913 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты ол қаланы тастап, ауылға баруға мәжбүр болады, ауылда ұстаздық қызметпен айналысып, аз уақыт бала оқытады. Біраз уақыт өткеннен кейін Троицк қаласына оралып, сол кездегі алдыңғы қатарлы ілгерішіл бағыттағы, өзінің терең ойымен, демократиялық бағытының анықтылығымен ерекшеленетін «Айқап» журналының хатшылығы қызметіне орналасады. «Айқапта» жұмыс істеген кезеңі оның қайраткерлігінің, дүние танымының қалыптасу және шығармашылығының жемісті жылдары болды. Сұлтанмахмұттың ағартушылық-демократиялық көзқарасының қалыптасуына бұл кезеңнің мәні айырықша болды.

            1914 жылдың жазында Сұлтанмахмұт өзінің туған елі Баянауылға қайтады. Кейін Тарбағатайда ұстаздық етеді, бұл 1914 жылдың күзі мен 1915 жылдың жазы болатын-ды, содан кейін Қатонқарағай, Зайсан жағында бала оқытып, ұстаздықпен айналысады.

            Сұлтанмахмұт қиян- кескі күрес-көтерілістер, сұрапыл соғыстар, ұлы төңкерістер дәуірінде жасады. Өз заманының азамат ақыны, күресшіл ақыны болды. Бұл жағынан ол ұлы Абайдың жолын дамытушы болды.

            ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Сұлтанмахмұттың шығармашылығындағы ерекше зерттеуді қажет ететін мәселе оның педагогикаға, тәлім-тәрбиеге және халық ағарту ісіне қатысты ой-пікірлері. Ол тұрмыстың барлық тауқыметі мен зұлматын сейілтетін тек оқу-ағарту, ақыл-ой, ғылым мен өнер деп есептеген.

            Сұлтанмахмұт – ұлы Абайдың және Ыбырайдың ағартушылық идеяларын дамытқан ақын. Абай мен Ыбырай өзінің туған халқын қараңғылықтан, надандықтан құтқару үшін, оқуға, білімге шақырған еді, туған  халқын жарық күнге шығаруға талпынды. Жастарды өнер-білім жолына түсуге үндеді.

            Сұлтанмахмұт тәрбиенің күшіне сенді. Дұрыс тәрбие арқылы адамгершілік жақсы қасиеттерді қалыптастыруға болады деп есептейді. Ақын адамның әділ, адал болуы тәрбиеге байланысты деп қарап, «Сүйекке біткен мінез, сүйекпен кетеді» дейтін көзқарасқа қарсы тұрып, өмірді өзгертуші адам, адал мінезін қалыптастырушы ұлы күш саналы тәрбие дейді. Бұл көзқарасты Абайдың «Заң қуаты қолымда болса, адам мінезін өзгертуге болмайды деген адамның тілін кескен болар едім» деген қағидасымен ұштасып жатқанын аңғару қиын емес.

            Ұстаздық етуден жалықпаған ұлы ағартушы «Оқу» деген жаңа өлеңнің бірінде:

            Надандықтан екенін білмейміз бе,

            Көрінгенге болғаның семіз жемдік,

            Ел болуға алдымен білім тірек,

            Бір сөзді, бір ауызды, намыс керек, - деп білім алуға шақырады.

            Ақиық ақынның өмірі өте қысқа болғанымен, оның артына қалдырған мұрасы, халқына істеген игілік істері, қазақ тағылыиына сіңірген еңбегі өте орасан дерлік. Бала оқытуда өзіндік жинақтаған тәжірибесін педагогика саласына енгізген бірден-бір жаңалығы деп айтуға мүмкіндік береді. Ол білім берудің жөні осы екен деп дүмше молдаларша оқушыларды жинап алып, қалай болса солай білім беруді қолдамай, ең алдымен, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөліп, дидактиканың жеңілден ауырға қарай қағидасының негізін ұсынып отырғандығын көруге болады.

            Сұлтанмахмұт өлеңдерінің тәрбиелік, тағылымдық мәні ерекше.

            Ұлтының, жұртының қасіреттік халі қаламгерді қатты тебірентеді, тығырыққа тіреліп қалмай, лирикалық кейіпкерінің жігерін жанып, алау сезімге бөлейді.

            Қараңғы қазақ көгіне

            Өрмелеп шығып күн болам!

            Қараңғылықтың кегіне

            Күн болмағанда кім болам?!

            Жарық дүниеге 27 жыл ғана қонақ болып, мәңгілік өмірін рухани мұраларымен жалғаған С.Торайғыров шығармашылығы өз кезеңінің шындық шежіресі ғана емес, бүгіннен болашаққа ұласқан қысқа ғұмырының ұзақ та мағыналы жолы, өнер сапарының өнегелі құбылысы деуге әбден болады.   

қсултанұрастырған

 ИБРАҺИМ Бегімхан

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1076 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: