18:47
Білімдену белестерінде

«АЛТЫН БЕЛГІ»: ДАҢҚ һәм ДАҚПЫРТ

Жалпы орта білім беретін мектептердің оқыту әлеуетін арттыратын және де мәртебесін аспандататын бірегей өлшем – «Алтын белгіні» дәлелдеген тұлпардайын түлегі ғой әлбетте. Дегенмен алтынбелгілік атану бір басқа да, «Алтын белгінің» білімдарлық дарынымен иегері болу бір басқа. Осылардың ара-жігі жер мен көктей.

Осымен он рет мектеп түлектерінің бір мезетте жалпы орта білімін бағалау һәм жоғары я арнаулы орта білім беретін оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қолданысқа кіргеннен бері «Алтын белгіні» дәлелдеу салмақтана түскені жасырын емес. Оған қоса соңғы бір-екі жылда ҰБТ-ны өткізу жүйесі айтарлықтай күрделене түсті. Атап айтқанда, талапкерлерді тест өткізу орнына өткізер кіреберісте арнайы құрылғылар арқылы жақсылап тұрып бір тексерсе, аудиторияда отырған кезде жан-жақтан бейнекамералар бақылайды һәм ұялы байланыс құралдарының дабылын мейілінше шектейтін, тіпті мүлдем тоқтатып тастайтын бірегей құрылғылар да іске қосылады. Дегенмен әңгіменің бағыты бұл емес.

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде аудан-аймақ, республика көлемінде «Алтын белгіге» үміттенген мектеп түлектері ҰБТ қорытындыларынан соң омақаса құлап жүр. «Әлін білмеген әлектің» кері де. Әйтсе де жиған білім-білігін толайым дәлелдеп, осынау даңққа бөленіп жүрген саңлақтар да табылып жүргені қуантады. Өкінішке орай, бұндайлар некен-саяқтау.

Негізінен, «Алтын белгі» атанудың өлшемдік критерийлерін әу бастан қатаңдату қажет. Көп жағдайда бұл атақ-даңққа мектеп түлектері «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жетуге дағдыланып алған сыңайлы. Ашып айтқанда, бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін кілең «бестік» бағамен шығумен ғана шектеледі. Ал облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі білім байқауларында жүлде атануды былай қойғанда, оларға қатыспайтын да болады. Ал дәстүрлі көк түсті аттестат пен «Алтын белгі» арасында ерекше үлгідегі қызыл мұқабалы аттестат барын да қаперден шығармау керек. Жеме-жемге келгенде, оның талапты үдесінен шығу қиынның қиыны.

Өз жиған білім-білігін шынайы түрде озат  түрде бағалай алса, онда басы артық әңгімеге негіз жоқ әлбетте. Ал ҰБТ сынды сын сағатында сыр беріп қалғанда ше?! Тестілеу нәтижесінде қанжығалаған ұпайлар жекелеген пәндер бойынша үйреншікті бағаларға айналады. Қордаланған ұпайлар жиыны талапты бір баллдан кеміп қалса, аппеляциялық комиссияға арызданып шағымдануға болады. Онда да тек уәждің дәлелді негіздемесі болғанда ғана. Былтырғы оқу жылында Лебяжі ауданы бойынша екі мектеп түлегі «Алтын белгіге» үміткер ретінде ҰБТ тапсырған-ды. Бір оқушының жалпы ұпай қоры талапты деңгейден алшақ қалса, екінші бір оқушыға бір ұпай ғана жетпей қалды. Дегенмен Сатыбалды жалпы орта білім беретін мектебінің үміткер түлегі математикадан болған тапсырманың берілуінде баспалық қате кеткенін аппеляциялық комиссия алдында дәлелдеп шығып, «Алтын белгіні» салтанатты түрде омыраулады.

Биылғы оқу жылында Лебяжі ауданы бойынша «Алтын белгіге» үміткерлер саны осы күні үшеу екен. Дегенмен мектеп ішіндегі дайындық сынақтарын былай қойып, сырттай өткізілетін әзірлік нәтижелері көрсетіп отырғандай, лебяжілік үміткерлердің ешқайсысы әлі күнге дейін барлық пәндердің ұпай қоры бойынша талапты деңгей биігінен көріне алмай, дал болуда. Күзгі-қысқы демалыс кезінде облыс орталығындағы іргелі оқу орындарында дайындық жұмыстары жатпай-тұрмай жүргізіліп келеді. Бірақ жұмыс өнімі еселенбей-ақ қойды. Аудандық білім бөлімі де, мектеп әкімшілігі де, пән мұғалімдері де барын да, нарын да салып бағуда. Әлі де көрсеткішті еселеу тетіктерін ілгерілетуде.

Осыдан соң еріксіз ойға шомасың. Бағындырылмайтын «Алтын белгі» дау-дамайлы дақпырт болып қалатын сияқты. Мұндай боларын білгенде, несіне оқушыны үміттендіріп, «бестік» бағасын келсін-келмесін қоя берген екен. Әрине, әлі де уақыт бар, бірақ ол да сәт санап кемуде. Анығында, «Алтын белгіге» жан-жақты лайық болғанға не жетсін.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысыБілімдену бел

Просмотров: 793 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: