23:29
Бастауыш партия ұйымы

БАСЫМДЫҒЫ БАЯНДЫ БЕЛЕС

Жақында Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясының Лебяжі аудандық филиалына қарасты «Бесқарағай» бастауыш партия ұйымының есептік-сайлау жиналысы ұйымдасқан түрде өткізілді. Оның жұмысына аудандық партия филиалының саясибюросынан Лебяжі аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры А.Абилова арнайы қатысты. Жиналысты «Бесқарағай» бастауыш партия ұйымының төрайымы әрі Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Байтілеуова тізгіндеді.

Есептік-сайлау жиналысының күн тәртібіне соңғы екі жылда атқарылған партия жұмысының есебі, бастауыш партия ұйымының саясибюросының жаңа құрамын сайлау һәм қараша айына жоспарланып отырған аудандық филиалдың саясибюросы өткізгелі отырған аудандық конференцияға делегаттарды сайлау шығарылды.

Бірінші сұрақ бойынша сөз алған Жанат Шоқанқызы «Бесқарағай» бастауыш партия ұйымының соңғы екі жылда атқарған жұмысын барынша жайып салды. Сондағысы – еліміздің қазіргі таңда экономикасы дамыған, халықтың әл-ауқаты жақсарған һәм тұрақты гүлдену даңғылына түскен мемлекет атану жолында және Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы айқындап берген міндеттерді жүзеге асыруда еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күші «Нұр Отан» партиясының рөлі айырықша екенін екшеді. Жыл-жылдардың ішінде партия сапалық һәм сандық жағынан жаңа деңгейге көтерілгенін, барлық қазақстандықтың мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін қорғап жүргенін, бір сөзбен қайырғанда, шын мәніндегі бұқаралық, халықтық партияға әлдеқашан айналғанын нықтады тағы.

Қысқа да нұсқа баяндамада бастауыш партия ұйымының төрайымы мынадай деректерді жариялады: қазіргі таңда 137 бесқарағайлық партияға мүше екен, соңғы екі жылда партия қатарына жиырма мүше қабылданыпты. Бүтінді бөлшектегенде, шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары бес мүше, білім және мәдениет саласынан елі бір мүше, мемлекеттік қызметкерлерден он бір мүше, денсаулық саласынан бір мүше, зейнеткерлерден қырық жеті мүше, әзірге жұмыссыздар қатарынан он мүше, тұрғындардың басқа да санатынан он мүше партия қатарында екен бүгінгі күні. Сонымен бірге партиялық жарналарды жинауда да көлденең жатып алған кедергілер жоқтың қасы. Осы күні партиялық жарналарды жинауда қарыз жоқ екен. Соңғы екі жылда бастауыш партия ұйымының үш жиналысы, жергілікті саясибюроның үш отырысы өткізіліпті. Оларда бірнеше маңызды партиялық сұрақтар қарастырылды. 

Бастауыш партия ұйымы тарапынан өткізілген шараларға да шолу жасалды. Айталық, 2013-2014 жылдар аралығында жалғызілікті зейнеткерлерге, соғыс және тыл ардагерлеріне көмек қолын созуды мақсат тұтқан «Қамқорлық», теріс діни ағымдардан сақтануға шақырған дөңгелек үстелдер, «Орман отырғызу күні» экологиялық акциясы, салауатты өмір салтырн ұстану мен насихаттауға бағытталған «Денсаулық фестивалі», «Президенттік миля» шаралары жүзеге асырылыпты.     

Ал аудан өкілі әрі Лебяжі аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Айымгүл Зейтенқызы өз кезегінде бесқарағайлық нұротандықтарға аудандық филиалдың қарқынды жұмысы хақында сүбелі мәліметтерді тілге тиек етті. Сонымен қатар жұмыспен қамту орталығының қомақты жұмысы жайын нақты-нақты деректер арқылы әспеттеді. Бесқарағайлықтарды да тұрақты жұмыспен қамтуға болатынын, оның тиімді жолдарын ашық түрде баяндады. Бастауыш партия ұйымының саяси бюросының мүшелері Г.Сейітова, Б.Ибраһим өз кезегінде жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар, отбасылық құндылықтарды құрметтеу мен ардагерлерді қадірлеуге бағытталған қайраткерлік хақында өз көзқарастарын білдірді. Жиналыс барысында жаңадан саяси бюро мүшелері сайланды. Аудандық баратын делегаттар құрамы да бірауыздан мақұлданды.      

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1553 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: