20:45
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

ЖЫЛҚЫШЫ мен АЙДАҺАР

Бір елде жалмауыз айдаһар пайда болып, жылына бір рет шаһарға келіп құрбандығын алып кетіп тұрыпты. Шаһар халқы жыл сайын оған он қой мен беті ашылмаған пәк қызды беріп отыруға мәжбүр еді. Айдаһарды қалай жеңудің жолын білмей, дымы құрыған хан осы жөнінде арнайы жарлық шығарған болатын. Онда жаңа туылған әрбір нәресте қыз он сегіз жасқа толған соң айдаһарға құрбандыққа тартылуы тиіс делінген.

Міне, тағы да айдаһардың келетін мезгілі тақап қалды. Осы бір жойқын аждаһаға жұрттың шамасы жетпей, өлтіре алмай-ақ қояды. Онымен шайқасам деп талай-талай ерен батырлар ажал құшты. Бұл жолы ханның өз қызы, батырдың сүйген қалыңдығы сондай құрбандыққа айналуы керек еді. Жарлықты өзі шығарған хан оны орындамай да тұра алмады әрі іштен шыққан баласын мына обыр жалмауызға беруге де қимады. Бір күні хан болашақ күйеу баласына не істеу керектігін ақылдаспаққа келеді.

«Бір амалы жоқ па, не істейміз? Мына бәледен құтылатын күн бола ма?» - деп қайғырады ол.

Жауларын жайратып, жеңіп жүрген жылқышы батыр бұл жалмауыз айдаһар ханға ғана емес, бүкіл халыққа қасірет шектіріп тұр-ау деп ойланып қалды. Сол арада ол өзінің батыр атын көтеру үшін:

«Айдаһарды жеңеміз! Көзін жоямыз!» - деп айқай салды.

Хан оның мынадай жауабына риза болып, күйеу баласы ешбір шайқаста беті қайтпайтын нағыз батыр екен деген ойға қалады.

«Егер айдаһар келсе, оған қарсы тұратын күйеу балам бар» деп, хан құс жастықта алаңсыз жата береді.

Тап осы кезде жфлқфшф ханның алдында қызбалықпен бөсіп кеткендігіне қапаланып отырған. Ол (Қылышпен шаба білемін, аттың құлағында ойнаймын. Зәулім қарағайды түп-тамырымен жұлып аламын. Бірақ тілсіз айдаһарға не амал қыламын, оны қалай жеңемін? Білмеймін-ау» деп дағдарды.

Осынау үрейлі ой маза бермей, жылқышы айдаһардан зәресі ұшып, не де болса қашпаққа бекінді. Ешкім көріп қалмасын деп, семсерін беліне байлап, түнде жеңіл киіммен ғана үйінен асығыс аттанды. Таң сібірлеп атқанша, түні бойы жүрді.

Шаршап, қарыны ашқан ол жалпақ сақарадан жанына сая таба алмай торықты. Кенет анадай жерде өсіп тұрған зор бәйтеректі көрді:

«Осы бәйтеректің басына шығып, бұтағының арасында күннен көлеңкелей тұрайын, түнде қайтадан жолға шығамын», - деп ойлады жылқышы. Сөйтіп, ол ағаштың ең ұшар басына шықты.

Таңертең хан күйеу баласын шақыруға әмір етті. Бірақ ол үйінде болмай шықты. Хан тығырыққа тірелді. Амалы құрыған ол, ақыры, жазмышқа мойынсұнып, айдаһардың аранына апарып салуға он қой мен өзінің қызын дайындауға бұйырды. Сөйтіп, хан бастаған бір шоғыр топ айдаһар күтуге тиісті жерге келе жатты.

Айдаһардың мекені, құдіреттің бұйырығымен, жылқышы басына шығып, жапырақтарын саялап ұйықтап отырған бағанағы бәйтерек болып шықты. У-шудан шошып оянған ол жылап-сықтаған адамдарды көрді.

«Әне, әне, қыбырлады», - деген дауысты естіді жігіт.

«Бұлар мұнда неғып жүр?» - деп ойлаған ол төңірекке қарап еді, алғашында ештеңе көрмеді. Есесіне тура өзінің астынан тек жорғалағыш мақұлықтар ғана шығара алатын ысыладған ысқырықты естіді. Төменге қараса, сұмдық-ай, өзі күннен саялаған бәйтеректің дәл түбінде аузынан жалын лақылдатқан қорқынышты айдаһар жатыр.

Аждаһа қозғалып қалғанда жылқышының зәресі ұшып, қалтыап, қалбалақтап кетті. Теңселе бере қармаған бұтағы да сынып, жылқышы ағаштың басынан айдаһардың дәл арқасына топ етіп құлап түсті!..

Өмірінде мұндайды бастан кешпеен айдаһар да қатты шошып, елеуреп, өзінің алып құйрығымен жерді соққылай бастады. Оның алапат ысқырығынан қара жер қақ айырылғандай болды. Жере құласа құритынын білген жылқышы аждаһаның арқасына тастай қатып, айырылмады. Шабандоз атбеілігі, аттың құлағында ойнайтыны, ерде құйып қойғандай нық отыратыны осы арада көмектесті.

Осының бәрін тамашалап тұрған хан мен шаһар халқы:

«Құдайым-ай, мынау неткен көзсіз ер! Неткен ер жүрек батыр!» - деп  таңқала сүйсінді. Біреулері: «Қылышпен шап!» - десе, екіншілері: «Найзамен түйре!» - деп айқайлады. Үшіншілері: «Балтамен басынан шап!» - деп кеңес берді. Айдаһарды ерттеп мінуге шамасы жеткен ер енді ешкімнен ақыл сұрамайды деп ұйғарғандар да табылды. Олар бұл қызықтың немен аяқталатынын көруге құлшынды.

Ал тағдырдың бұл ісіне көндігіп, еті үйрене бастаған жылқышының үрейі тарқап, бір кезде айдаһардың басындағы айдарынан шап беріп ұстай алды. Сөйтуі мұң екен, айдаһар тыныштала қалды. Айдаһардың жаны, өмір тынысы оның айдарында болып шықты... Жылқышы айдардан ұстап қысқанда айдаһар тынышталып, ал босатса, құтырынып, құйрығымен жерді соға бастайды. Жылқышы енді батылданып, айдаһардың айдарынан тартып, қос бүйірден қылыштың қырымен ұрғылады.

Ақыры, айдаһар үйретілген аттай жуасыды. Айдарды тізгін қылып ұстаған жылқышы аждаһаның бүйірінен қылышпен қамшылап, топталған жұртқа жақын келіп, ханна:

«Әлгі жалмауыз айдаһарыңыз осы ма еді?» - деп сұрады. Хан сілейіп, не жауап берерін білмей, тілі байланып қалды.

Жұрт ұлан-асыр қуанышқа бөленіп, ержүрек батырды мадақтап, той жасады. Ханшайым оның әйелі болды. Осылайша қарапайым жылқышы айдаһарды ауыздықтап үйретіп, теңдессіз ерлікпен даңқы шығып, ұлы батыр атанды. Қолымен айдарынан тартып, қылышымен құйрығынан піскілеп, ол аждаһаны әбден жуасытып, қол үйретіп алды.

Бұл оқиға өте ерте заманда болған екен.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 116 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: