22:52
Бабадан қалған асыл сөз

БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ ТАЛАПТЫҒА БОЛСЫН КЕЗ...

ЫБЫРАЙ (ИБРАҺИМ) АЛТЫНСАРИН (1841-1889 ж.ж.)

Қазақ халқының ағартушылық тарихындағы аса көрнекті тұлға. Жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Қазақ даласындағы тұңғыш ағартушы-педагог. Қазіргі Қостанай облысы аумағында дүниеге келген. Бар өмірін халық-ағарту ісіне арнаған ол Торғай өңірінде мектеп ашып, онда қазақ балаларына жаңаша әдіспен хат тануды үйретеді. Бір хатында ол: «Балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімд салып отырмын...» деп жазады. «Балалар әдебиетінің атасы» атанған Ыбырай Алтынсарин жас жеткіншектерге арнап шағын өлеңдері мен әңгімелерін де қалдырған. Онда ол жастарды оқу оқып, білім алуға шақырады.     

Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі болған жерде, қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе білу керек. Суға батып бара жатқан кісіні көре тұрып, қол ұшын бермеу арамдық болар еді... Ал енді, Құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын.

* * *

Құдай маған көмек етсе және дәрменім жетсе, мен азды-көпті қазақ халқына ғана пайдалы бола аламын, ал басқа ұлттарға, халықтарға, әрине, түк пайдам болмайды.

* * *

Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.

...Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді,

Теңізде жүзді балықтай

Дүниені кезді жалықпай.

* * *

Біз надан боп өсірдік

Иектегі сақалды.

«Өнер – жігіт көркі» деп,

Ескермедік мақалды.

Біз болмасақ, сіз барсыз,

Үміт еткен жастарым,

Сіздерге бердім батамды!

* * *

Оқысаңдар, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Кел, балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

* * *

Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды.

* * *

Мал, дәулеттің байлығы –

Бір жұтасаң, жоқ болар.

Оқымыстың байлығы –

Еш жұтамақ жоқ болар.

* * *

Береке кеткен елдерде

Күн қысқарса керек-ті.

* * *

Азған елдің түбіне тақсыр жетер...

* * *

Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз

Азған елдің ішінен.

Алыс-алыс қашыңыздар

Зияндасты кісіден.

Жақсыны көзден салмаңыздар,

Жақсыдан қапыл қалмаңыздар.

Өзі болған ерлердің

Аяғынан алмаңыздар.

* * *

...Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігіне көңілі сенбесе, әлбетте ол намаз болып табылмайды.

* * *

Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады.

* * *

Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру, қалай дегенмен де аса қажет болып отыр.

* * *

...Қазақ халқы қарапайым, бірақ біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз.

* * *

Қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды; оның ой-пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр.

* * *

Менің ойымша, көңілдің хошы, бақыт дегеннің бәрі де ата-бабаның өмір сүрген және жерленген жерінде, туған ошағыңның басында жақсырақ, ал қайғы дегеннің қандайы да, тіпті, ажалдың өзі де сол жерде жеңіл болатын сияқты...

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 165 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: