19:34
Бабадан қалған асыл сөз

БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ ТАЛАПТЫҒА БОЛСЫН КЕЗ...

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ (1835-1865 ж.ж.)

Халқымыздың тарихындағы жан-жақты білгір ғалым, саяхатшы, қазақтың тарихы мен этнографиясының, әдебиетінің тұңғыш зерттеушісі. Қазақ пен қырғыздың әдебиет теориясы мен фольклоры туралы алғаш рет ғылыми пікір айтып, зерттеу еңбектерін жазған бірегей әдебиетші. Шоқан – қазақтың демократтық сынын бастаған, кезіндегі ілгерішілі дәстүр мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаған, публицист жазушы. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін орыс жұртшылығына танытқан кемеңгер ойшыл, жасампаз ғалым.     

Қазақтар – жақсылықтың қадірін білетін халық!

* * *

Қазақ халқы – ең бір бейбіт халықтардың бірі.

* * *

Ертеде «қазақ» деген сөз «еркін», «еркіндік» деген мағынада қолданылған. «Қазақылық» деген етістік «Бабырнамада», Бабыр жазбаларында жиі ұшырайды. «Кезбе», «қаңғыбас» деген мағынада «қазақ» сөзі Ежелгі Русь жерінде де жақсы таныс болған, кең қолданыс тапқан.

* * *

Қазақтардың ұлттық әуендерінің табиғатынан, сөз жоқ, ұлан-ғайыр ұлы даланың, желмен жарысқан жүйрік һәм сұлу тұлпарлардың, таңғажайып көркем әйелдердің әсері сезінеді.

* * *

Қазақ поэзиясы – соны, жалықтырмайды және отырықшы халықтарға тән сан алуан жасанды тәртіп-ережелерден мүлдем ада.

* * *

Біздің халқымыздың шығыстық үлгілерден гөрі, үнді-герман эпосына жақындау бай ауыз әдебиеті бар.

* * *

Қазақ жырын еуропалық рапсодияға ұқсатуға болады.

* * *

Өлеңдер, әпсаналар, мақалдар мен мәтелдер далалық тіршілікті қазақ халқының өмірін жырдай ғып жарқыратып көрсету мақсатымен арнайы жазылған кез келген кітаптан артық ғажап етіп көрсете алады.

* * *

Қазақтар поэзияға қабілеттілігі жөнінен бүкіл түркі тілдес халықтар (татарлар) арасында бірінші орын алады десе де болады. Олар туралы белгілі ориенталист Сенковскийдің арабтар жайлы айтқан: «Бедуин – табиғатынан өлеңші болып туады, басым көпшілігі ақын халық» деген сөзін қайталаса, еш артықтық етпейді.

* * *

Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім керек.

* * *

Қазақ халқы туралы асқақтата ой айтуға болады: олар өздерінің нанымдарымен, әдет-ғұрыптарымен, сауық-сайрандарымен, ақыл-ой, қажыр-қасиеттерімен, ақындық дарынды тарихи аңыздарының орасан мол қорын жинақтаған. Әр заманда өмір сүрген суырып салма ақындары, жыраулары, әуен мен сайранды жанындай сүйіп, билік айту төрелігі бар көне заманнан келе жатқан халық.

* * *

Қазаққа басқа да геометриялық пішіндерден гөрі шаршы көбірек ұнаса керек. Өйткені ол үшін зат – неғұрлым ауқымды болса, солғұрлым маңыздырақ көрінеді. Сондықтан да, әдетте, атақты һәм бай қазақтардың қабірінің үстіне осындай ескерткіштер тұрғызылады.

* * *

Киіз үйдің маңдайшасында жалау ілініп тұрған болса – сіз оны осы шаңырақтың бір адамы опат болған екен деп түсінгеніңіз жөн. Жалаудың түсі қызыл болса – орта жастардағы, ақ болса – қарт адам деген сөз.

* * *

Қазақтардың отқа деген көзқарасы ерекше: оны тек от-әулие деп қана атайды. Ал «әулие» деген сөз әдетте мұсылман дінінің пайғамбарларына қолданылады. Отты өзгеше қастерлегендіктен де, қазақтар оны, моңғолдар сияқты анаға теңеп «от-ана» деп атайды. Ұлттық наным-сенімдерге орай, оттың жамандықты аластайтын құдірет-күші бар деп есептеледі.

* * *

Қазақтардың ескі аңыздары мен наным-сенімдерінің қалай қаз қалпында сақталғаны таңқаларлық. Және бір кереметі – ен даланың қай түкпіріне барсаңыз да олардың, әсіресе, өлеңмен жазылған сагалардың, бір-бірінен ешбір аумайтындығы: салыстырып көрсеңіз – бір қолжазбаның тізіміндей төгіліп шығады. Білімсіз саналатын көшпелі ордалардың ауыз әдебиетінің қайнар көздеріне тән таңқаларлық дәлме-дәлдік – ешбір күдік келтіруге болмайтын факті.

* * *

Қазақтар өз дауларын әдетте сырттан шақыртылған билерге, мүлдем бейтаныс адамдарға шешкізгенді ұнатады.

* * *

Еңбекқорлық, ұлттық мақтаныш, ұстанымдылық – сайып келгенде, осы қасиеттердің бәрі де халықтың тұрмыс-салты мен ұлттық мінезінен шығады.

* * *

Қазақ аңыздарындағы Абылай хан келбеті айрықша поэтикалық ореолға ие. «Абылай заманы» - қазақтың рыцарлық дәуірі деп саналады.

* * *

Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі. Бокль айтқандай, білім беру ісі жалпы адамзаттық сипатта болуға тиіс. Ал ұлттық сипат ортаның және оқу жүргізілетін тілдің әсерімен пайда болады.

* * *

Адам – таңғажайып құбылыс! Оның жан дүниесі, ақыл-ойы, жан-жақты талант-қабілеті – құдіреттілік табиғатының, мүлдем беймәлім әрі ешқашан да танып-білу мүмкін емес мәңгілік құпияның нақты көрінісі осы емес пе?!

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 177 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: