13:03
Қазақтық

КІНДІК ШЕШЕ

Босану, қол аяғын бауырына алу, жеңілдеу, өмірге адам әкелу – әйел адамның табиғатындағы, өміріндегі ең үлкен кезең. Ал жаңа туған нәресте үшін бұл қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Қазақ халқының дәстүрлі ырым-тыйымдарының арасында босану процесі кезінде атқарылатын бірнеше жоралғы бар. Толғағы жиілеп, ширық атқан ананың «белін ұстап», «арқанға асылтса», тіпті кеттім-бардым болған кезде «жылқыға иіскету» арқылы толғақты жеңілдететін болған. Ал тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен шақалақ «шар» етіп шаранадан шыққан сәтте оны қолына алғаш алып, анасының кеудесіне басатын адам – кіндік ана немесе кіндік шеше.

Кіндік шеше – қазақтың салтындағы үлкен бір сыйлы ана, мол кәделі әйел. Кіндік шеше баланың екінші анасы болып саналады.

Қазақтар «екінің бірі, егіздің сыңарына» баланың кіндігін кестіре бермейді. Қол-аяғы жеңіл, ауылда, ел ішінде беделі бар, мінезі жайдары, ақ еділ аналарға ғана кестіреді. Өйткені бала кіндік кескен адамға тартады, кіндік анасы қандай болса, бала да сондай болады деп ырымдайды.

Кіндік жолын алған әйел балаға иткөйлек әкеп кигізеді. Бала қырқынан шыққанша қарап, тамақ жасап беріп көмектеседі. Бала есейіп үлкен азамат болғанда да кіндік анасын құрметтеп, кәдесін өтеп жүреді. Оған кіндік кескені үшін мал атап, қымбат бұйым сыйға тартылады. Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақылы, адамгершілігі, еңбекқорлығы кіндік шешеге тартады деген түсінік бар.

Қазіргі уақытта кіндік шешенің міндетін дәрігер-акушер атқарады.

 

Психологиялық мәні:

Жүкті әйел айы-күні жетіп, толғатқан сәттен бастап, баланы аман-есен бауырына салғанға дейін толғақ ауруын басынан өткеретіні мәлім. Тоғыз ай көтерген баласын босану, адамнан адамның шығуы физиологиялық және психологиялық тұрғыда жеңіл дүние емес.

Толғақ – тек барлық босанған әйел кездесіп қана қоятын, ұмытылып кететін ауру сезімі емес, сонымен бірге, бір организм, симбиоз болып біте қайнасқан екі адамның бір-бірінен айырылу шағы. Осы тұста, ана мен бала жанында оңы мен солын таныған, бала табу, оны тәрбиелеуде тәжірибесі мол адамның болуы – өте маңызды.

Бұл кезде ана тоғыз ай көтерген баласын босанар алдында екі түрлі ойға бой алдырады: бір жағынан, баланы ары қарай көтеріп жүруге шамасы жетпесе, екінші жағынан, аналық сезімі оянып, баласын қорғаштап қалуға ұмтылады. Тіпті босану қауіпті болып сезілуі мүмкін. Осынша уақыт тұтастық кезеңін басынан өткерген әйел, босану барысында өзінен басқа, яки өзге адамды дүниеге әкелуге жан деңгейінде дайын болмауы да мүмкін.

Осы жерде білікті маманның психокоррекциялық көмегіне жүгінген, ай-күнінен асып, босану уақыты кешіккен бірнеше әйелмен жұмыс барысында анықталған мән-жайлар туралы айта кетелік.

Алдына келген әйелдердің балалық шағы өте қиын болған. Бұл дүниеде қорғайтын адамы болмаған. Әлемнің қатыгездігін сезініп өскен. Бойларында өз-өзін қорғай алмаймын деген үрейі бар болып шықты. Бойдағы баланы әлемнен қорғаштауға қатысты қорқыныштарымен жұмыс жасай отырып, адамдар ортасында өмір сүріп жүрген ананың сенімінің жоқтығы баланы бейсаналы түрде қорғаштауына әкелгендігін ұғынды. Ана бойында адам баласына осы әлемде өмір сүру мүмкіндігі берлігендігі, ол үшін қажетті барлық керек-жарақтың бар екендігі, өз тағдыры арқылы пайда болған сенімсіздікті тек өзінің сенімсіздігі деп қабылдау, оны бала бойына таратпау қажеттігі туралы ұстанымдардың пайда болуына әрекет етті.

Бойында өз қорқыныштары басым, оған қоса толғақ барысында өмір мен өліммен арпалысқан ананың әлсіреуі шыр етіп дүние есігін ашқан балаға кері әсер етуі мүмкін. Осы тұста әйелдің жанынан жанашыр адамның табылып, баланың кіндігін кесіп, оны ананың бауырына салып, ауыздандыруы – дүние есігін ашқан сәби үшін фундаментальді маңызға ие. Себебі адам өз өмір жолында тек эскплицитті, яки есі бар кездегі жадымен ғана өмір сүрмейді. Оған қоса имплицитті, яғни дүниеге келгеннен бастап басынан өткергенді сақтайтын жады арқылы да өмірмен байланысқа түседі.

Сонымен бірге балалықтың маманы эрик Эриксон бала анасының жылы құрсағынан ажырап, жарық дүниеге келген алғашқы минуттарда оған анасының емшек беруі өте маңызды дейді. Жаңа туылған балада тамақ жұту мүмкіншілігі ғана болады, сондықтан емшек беру арқылы мынау жаңа кездесіп отырған әлем бала үшін жау емес, оны жұбататын және асырайтын жайлы, қолайлы орта екендігі денесіне сіңіріледі. Осы ему арқылы бала жұбанып, әлемге деген ең алғашқы сенімі қалыптасатындығын айтады.

Адам өмір бойы қарым-қатынаста өмір сүреді, өзгеге қатынасын білдірумен өтеді. Адам өзіне, өміріне, әлемге деген қатынасын, дүниеге келген сәтінен бастайды. Сонымен бірге дүниеге келген сәттен бастау алатын қатынас адамның тұлғалық ерекшеліктерін анықтайтын бірден-бір дүние. Мысалы, Дональд Вудс Винникотт «Баланы ең алғаш анасы немесе жақын адамы қолына алғанда, әсіресе, анасы ең алғаш емізгенде ол бұ дүниемен, адаммен қатынасын бастайды» деп жазады.

Сондықтан кіндік шеше – ана мен бала үшін толғақ пен босануды «ұйымдастырушы» ғана емес, ананың аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алып, баласын құшағына алуына барлық жағдайды жасап, психологиялық жағынан көмек беріп, толғағын жеңілдетіп, оның балаға деген сезімін арттыруға көмектесетін де адам. Одан бөлек, жаңа туылған баланы ана құрсағына сала отырып, мынау әлемге келгенде ең жақыны – жат емес, кеше құрсағында көтерген ана екендігін түйсіндіреді. Бұл арқылы осы әлемнің бала үшін жат емес екенін ұғындырылады.

Сонымен бірге қазіргі таңда баланың ет алуының (қалыпты дамуының) маңызды алғышарттарының бірі – өмірге келген сәттен бастап алғашқы 30 минуттың ішінде анасының емізуі. Сондықтан кіндік шеше – баланы ананың қойнына салып, оған ананы иітіп, емшегін аузына салып, бұл әлемнің адам үшін нығмет екенін ұғындыратын маңызды адам.

Осы мәселелерді ескере отырып, қазір медицина ілімінде де «партнерские роды» деген үрдіс кеңінен таралып отыр. Бұл үрдіс – қазақ халқының ежелден келе жатқан кіндік шеше салтының қайта жаңғыруы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 119 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: