14:18
Қазақтық

ЖЕРІК АСЫ

Қазақта «сүтпен кірген, сүйекпен кетеді» деген аталы сөз бар. Ал баланың болашақ өміріне ана сүтінен де бұрын әсер ететін тағы бір ас бар. Ол – «жерік асы».

Қазақ тәжірибесінде аяғы ауыр, екі қабат әйел ертелі-кеш әйтеуір бір тағамға жерік болады. Мәселен кейбір ана бес түлік малдың бірінің етіне, кейбір ана аң мен құстың етіне, кейбір ана жеміс-жидек сынды тәтті шырынды нәрселерге, кей ана ащы бұрыш, басқа да ащы-тұщы нәрселерге, қышқыл, кермек тағамдарға, кей ана ойда жоқ қай-қайдағы қиырдағы қол жетпес нәрселерге жерік болады. Кейбір аналар жыртқыш аңның етіне, кей аналар топырақ, күл тәрізді ұсақ-түйек нәрселерге құмартады.

Қызығы да, қиыны да да сол, бір асқа жерік болған ана сол жерік асын жегенше күні-түні көксейді. Аңсап, асығып тұрады. Аңсаған асқа аңсары ауа береді. Сілекейі шұбырады, ұйқысы қашады. Ойы бұзылады. Қарадай бағасы кетеді. Мінезі өзгереді. Жерік асын қашан тауып жесе, сонда жерігі қанады. Көксігі табады, бойы кеңиді. Ойы сергиді. Жайбарақаттанып қалады. Мұны қазақ «әйел жерігі», «жерік асы», «жерік немесе көксік», «көксеу» деп атайды.

Қазақ азаматтары әйелі бір асқа жерік болған күннен бастап, сол жерік асын қайдан болса да тауып әкеледі. Өйткені жерік асын қанып жемеген, жерігі қанбаған, көксігі басылмаған әйелден жетесіз бала туады. Ол баланың ерні жырық, мұрны тәмпіш, таңдайы шұңқыр, қол-аяғы қисық, бос сүйек, әлсіз болады деп санайды. Сондықтан жерік әйелге ерекше көңіл бөледі, бөлекше назар аударады. Қандай қиын жағдай болмасын, әйелінің жерік асын іздеп табады.

Мұнда тағы бір назар аударар мәнді мәселе: кей ананың жерігі бір жолғы жерік асымен басылады. Тас түйін жерігі тоқтап қалады. Тоқырап тынады. Кй ананың жерігі екі-үш күнге созылады. Кей ананың жерігі екі-үш күнге созылады. Кей ананың жерігі бір жұма не бір айға жалғасады. Кей ана бір-біріне ұқсамайтын бірнеше асқа кезек-кезек жерік болады. Бірінен соң бірін жеп барып, жерігі басылады. Мұны қазақ «жұпты жерік» немесе «қайталама жерік» болмаса «созылмалы жерік» не «жарыспалы жерік» деп атайды.

Жерік дегеніміз не? Оның көксікпен қандай байланысы бар?

Әйел жүкті болғаннан кейін оның құрсағындағы бөбегі суретке айналғаннан бастап ана денесіндегі дәрумендермен қажетті қорктіктермен қоректене бастайды. Іште жатып-ақ сол қоректіктермен кіндік арқылы тоғыз ай, тоғыз күн қоректеніп өседі. Кей ананың денесіндегі керекті дәрумен іштегі баланың өсіп жетілуіне, азықтанып, ауқаттанауына жетіспейді. Не мүлде жоқ болуы да ықтимал. Енді ғана адам кейпіне келе бастаған шарана ана денесінен таба алмаған азығын сырттан іздейді. Осы кезде іштегі баланың қажет еткен дәрумендерін анасы өз денесімен қамдап бере алмайды. Бала көксігіне қарай қажетті бір асқа жерік болады. Аңсары ауады. Көксікті ас іздейді, жегісі келеді. Тоқ етерін айтқанда, жерік асы – әйелдің организмінде жоқ не мүлдем кем дәрумен деуге болады. Мұны қазақ «ананың жерігі», «іштегі баланың көксігі» деп атайды.

Қазақ қандай «жерік», қандай «көксік» болса да, сол асты қайдан тапса да тауып жегізуге, жерік пен көксікті басуға тырысады. Егер жерік өтіп кетсе жерігі қанбаған әйелден мінезі шадыр, кем бала туатынын біледі, ырым етеді.

Жерік асы – тума мінезді қалыптастыратын ең негізгі фактордың бірі. Адамның «сүтпен кіріп, сүйекпен кететін» дара табиғатын тасқа басқандай танытатын, бітімдер мен пішіндерді, жан мен тәнді айқындайтын, мінез бен сырды сипаттайтын, адам қасиетін қалыптастыратын, кие мен иені көрсететін аса көрнекті астың бірі саналады.

 

Психологиялық мәні:

Жерік пен көксікті психологиялық тұрғыдан зерттеу барсында өте қызықты жайттарға жолықтық. Мысалы, жүктілік кезінде әйел өміріне қауіп төндіретін ауытқудың бірі және бірегейі ретінде гестоз (қалыпты жүктіліктің қиындауы, экслампсия) процесін басынан өткереді. Жүктіліктің соңына таман әйел өміріне қауіп төндіретін гестоз сынды аурудың психоәлеуметтік себептерін зерттей келе ғалымдар оның себебін әйелдің жүктілік кезінде өз дегенінің, қалауының орындалмауы (эгоцентризм), бойындағы өзгеріске әйелдің дайын болмауы қатарлы жеке бастық мәселелермен байланыстырған. Оның қосымша себептері ретінде әйелдің басынан өткеріп жүрген созылмалы күйзеліс, отбасындағы кикілжіңдер, әйел бойындағы табиғи өзгерісті күйеуінің, ата-енесінің және тағы басқа отбасы мүшелерінің мойындамауы сияқты жайттар бар.

Осы тұста, аяғы ауыр әйелдің жеріктігі мен көксігін мойындаған қазақ, бұны тек физиологиялық деңгейдегі дүние деп қарастырмаған секілді.

Бұл не жерін білмей әр нәрсеге аңсары ауған болашақ анаға көп көмек. Халқымыз «Жерік асын жеген жетілер, жерік асын жемеген кетілер» деп бекер айтпаса керек. Осылайша жерік астың әрбірі ана мен балаға тек физиологиялық деңгейде ғана емес, жүктіліктің отбасы мен әулет үшін маңызды оқиға екендігін ыммен түсіндіргенін аңғарамыз.

Сонымен бірге, жерік пен көксік туралы сөз қозғағанда адам өз қалауы мен жаратылыстан берілген нығметтерге лайықты екенін сезіну қабілеті туралы да ойланған жөн.

Қазіргі кезде психотерапиялық кездесулерге келетін адамдар өз қалауы барын біледі, алайда өз қалауының болуы – табиғи заңдылық екенінен бейхабар. Ана бойына бала біткенде өмірде қалауының болуын, оны жан-жағындағы әлемнің қанағаттандыра алатындығын жерік арқылы құрсағындағы шақалаққа ыммен түсіндіретін секілді. Жас келін неге жерік екенін, нені жегісі келетінін жақындарына емін-еркін айтып, балаға қоршаған адамдардың бөтен еместігін, бұл әлемнің баланы қалап отырғандығын, осындай мейіріммен қарауға өзінің лайық екендігін сезіндірген.

Ең қызығы, ана әр баласына жүкті кезінде түрлі тағамға жерік болады. Бұл нені көрсететеді: жеріктік – тек ана мен баланың физиологиясы ғана емес, түп-тамыры тылсым, тереңде жатқан дүние. Психологиялық тұрғыда құрсақтағы шарана анасының жеріктігі арқылы жарық дүниемен байланысын орнатудың алғашқы баспалдағын басады. Психологияның логотерапия ілімінде «ата-ана адамның тәні мен организмін ғана қалыптастырады, ал оның рухы мен болмысы – ананың бойына біте салысымен пайда болатын жеке дара дүние» деп дөп басып айтылады. Сондықтан жерік пен көксікті адам рухы, қалауы мен өміршеңдігі, өзін жақсы нығметтерге лайықты сезіне алуы сияқты болмыстық қабілеттерінің бастауы деп айтуға болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 125 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: