23:09
Қазақ хандығының құрылғанына - 550 жыл!

ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ ДҮБІРЛІ МЕРЕЙІ

Әлбетте, адам өткенін жақсы білмей – болашаққа нық қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу һәм сол сыңайлы құнды деректерді игеру біз үшін өте маңызды. Сонау 1465 жылы қазақтың ел алғашқы хандары Жәнібек пен Керейдің Қазақ хандығының туын тіккеніне міне биыл 550 жыл толып отыр. Елбасымыздың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы жарлығы шығып, былтырдан бері бүкіл ел болып үлкен танымдық-тағылымдық шаралар жүзеге асуда. Асылында, Қазақстан елінің өткенді білуге деген үлкен құлшынысы аңғарылуда.

Өткенге көз жүгіртсек, талай қиындықтар мен тағдырдың соққылары қазақ халқының басына таяқ болып тиді. Біз бүгінгі күнге көптеген сындардан өтіп келіп отырмыз. Ең алғаш туын тіккен елдің болашағы қашанда бұлыңғыр болатыны белгілі. Ол үшін құрылмақшы болып жатқан елге білгір де қайратты, парасатты көшбасшылар керек. ХV ғасырдың ортасы Моғолстан, Әбілқайыр хандығы тағы басқа да мемлекеттердің дипломотиялық байланысы шиеленісіп тұрған қиын кезең болатын. Дәл осы уақытта Әбілқайыр хандығына сыйыса алмаған Керей мен Жәнібек қазақ халқының ұлт-ұлысын құрайтын көптеген ру-тайпаларды алып шығып, Шудың бойына Қазақ деген хандықтың туын тігеді. Алғашында халқының саны аз-аздау хандыққа сырттан төнетін қауіптер шаш етектен болған. Дейтұрғанмен, бір адам бір елді құтқара алады, дәл сол уақытта да Жәнібек пен Керей хандар Қазақ хандығын түрлі қауіптерден қорғап, болашаққа қарай жылжуына, дамуына жағдай жасады.

Құдіреті күшті Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен һәм бір мезетте жүзеге асқан саяси үрдіс емес, керісінше, он жылдан астам уақытқа созылып, өз ішінде оқиғалардың дамуына қарай бірнеше сатыға бөлінген. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығы билігінің толық және түпкілікті орнауы – хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді.

Қазақ хандығының жері бірнеше есе ұлғайып, халқының саны миллионға жеткен тұс – Қасым ханның дәуірі болатын. Жалпы, қазақ үшін ең маңызды кезеңдердің бірі дәл осы тұс. Тарихта Қасым ханның есімі Қазақ хандығының күшеюі һәм нығаюымен тікелей байланысты. Жазба деректерде Қасым хан XV ғасырдың 70 – 90 жылдары Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар мен өңірлер үшін жүргізген күрестерге белсене қатысады, басшылық етеді. Осы кезеңдегі оқиғаларды баяндайтын деректер Қасым ханды «белгілі сұлтан және атақты баһадүр» деп атайды. Ширек ғасырға созылған Сыр бойы үшін күресте Қасым хан және  Жәнібек ханның  басқа да ұлдары Сығанақ, Сауран, Отырар, Сайрам түбінде бірнеше рет Шайбани хан әскерін тас-талқан жеңіп еді.

Қазақ тарихында Қасым ханнан кейін де көптеген мықты хандар хандыққа билік жүргізді. «Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жинағымен белгілі Есім хан, 600 әскермен 50 000 жоңғардың әскеріне тойтарыс берген Жәңгір хан, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды орнатқан һәм «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарған әз-Тәуке хан, дипломатияны шебер пайдалана білген Абылай хан, отаршыл орыс әскерлерінің апшысын қуырған Кенесары хандардың есімі ұлт тарихында алтын әріптермен әспеттелген. Кейіннен, Кеңес үкіметі орнаған тұста, алашордашылардың көсемі Әлихан Бөкейхановтың, Қазақ КСР-ін қырық жыл басқарып, қырық  қала тұрғызған Дінмұхамед Қонаевтың орасан еңбегі де ел үшін ерекше.

Кеңес үкіметі құлап, ел-елдер тәуелсіздік алып жатқан тұста етек-жеңін жинай біліп, қазақты қиын кезеңнен алып шықан бүгінгі Президентіміз Н.Назарбаев екені белгілі. Өткен ғасырдың 90-жылдарының орта тұсында жарытып ішерге тамақ, жарасып киерге киім таппай қалған кезеңде осындай көшбасшымыздың болуы қазақ халқының бағы еболды. Бүгін Тәуелсіз Қазақстан дүние жүзіне ықпал ете алатын, беделі зор, бейбітшілікті ту еткен ерекше қонақжай халық болып өмір сүріп жатыр. Татулық-достықты, ынтымақ-бірлікті халқы бар көп ұлтты еліміз тарихын тіктеп, болашаққа қарай нық қадаммен келе жатыр. «Қазақстан – 2050» Даму стратегиясы бар еліміз Мәңгілік елге айналу үшін тырысып бағуда. Асылы сол,  Жаратқан Ие, Хақ тағала біздің мемлекетімізді осынау игі ниетіне жеткізсе екен!

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 853 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: