14:16
Атбегілік арналары

САЯТ АТЫНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ

Саят атын баптау

Құсбегі адам саятшылық жасап, бүркітке аң ілдіру үшін өзі мініп-түсетін саят атын баптайды. Ол үшін: саятқа таңдап алынған жылқының етін қатырып баптау, бүркітті алып жүруге дағдыландыру және құс пен атты үйлестіру сияқты жұмыстарды тиянақты атқару қажет.

  • Саят атын жаз бойы үйірде ұстайды. Мінілмейді. Күзде жыра салып, толық тойынғаны абзал. Күйі қануы керек. Одан кейін оны күзге салым құс шақыру, шырғаға келе бастаған кезде қыркүйектің бірінен бастап ұстайды да, қазан айының біріне дейін етін қатырады.
  • Ол үшін қағыр (тақыр) жерге арқандайды. Алғашқы үш күн суармай, қақтықтырады. Төртінші күні қандырып суарады. Одан соң екі күнде бір суарады. Соңында күн аралатып суарады.
  • Саят атын ұстаған соң бір апта бойы таңертең-кешке ауы маңайына тер шығармай аяңдап жүреді. Екінші апта бойы желе шоқытып, аттың арам терін алады. Кейін белгілі қашықтарға шауып, үш-төрт күн қатарынан таң асырады.
  • Осындай тәсілмен бірте-бірте етін қатырған ат қыс бойы жалғасқан аңшылық маусымында ұзақ мінуге жарайды. Мұндай атты қыс түсіп сонар басталардан екі апта бұрын тастан, қар мен мұздан таймайтын бүршік тағамен тағалайды.
  • Еті толық қатқан ат терлемейді әрі тау-тасқа жүргенде ентігіп, шалдықпайды, тынысы кеңіп, жүрген сайын ашылып отырады. Етін дұрыс қатырған терлемейтіндіктен арымайды, күйін ұзақ уақыт қалыпты ұстайды.
  • Саят атын дайындау барысы құстың түлек пен қайыруына да қатысты жүргізіледі. Яғни жазда түлекте отырған құсты иесі тамыздың ортасынан бастап қайырады. Былайша айтсақ, қыс түсіп күн суымай тұрып құсбегі бүркітінің етін қатырып, аң аулауға дайындайды. Бұл әрекет 30-40 күнге созылады.
  • Бүркіттің қайыруы қанып, аң аулауға икемделе бастаған кезін білу үшін оны шырғаға шақырады. Бүркіт шырғаны ұстаған соң қызылға шақырғанда (қызыл ет көрсетіп қолға қондыру) шырғаны тастап қолға келетін болса, саят атын дайындайды.
  • Саят атын баптау жүйрік жылқыны баптау сияқты үкрделі емес. жүйрік аттай ішін тарттырып жаратпайды, тек етін ғана қатыру мақсат. Оны арқандап қойып, таңертең, кешке жақын маңайға тер шығармай аяңдап жүру керек. Әйтпегенде арқанда тұрған семіз ат аңға шығып, ұзақ жол жүргенде «топқазы» болып қалады.
  • Еті қатқан аттың аңға шыққанда қарыны тоқ болғаны жөн. Себебі құс салғанда ұзақ жүрік жүрген сайын ішіндегі шөп кетіп, іші тартылып тұрады. Түнде шөпті мол салып тойдырып алады да, таңертең аңға шығарда суарып шығады. Егер суармаса, сусап шөлдегендіктен топқазы болады.
  • Саятқа алаң-елеңнен шықса, күн көтерілген кезде суара беруге болады. Саяттан қайтқан соң атты 2-3 сағат қаңтарып қояды. Түнде шөпке қоярда көнге аунатып алса тері кепкенге пайдалы.
  • Ат суыған соң мүмкіндік болса сұлу берген дұрыс. Сұлы бойындағы ыстықты басады да, ертеңгі жүріс кезінде аттың жүрегі қараймайды, яғни ішінен шөп кетпей, шаршамай-талмай жүреді.
  • Саят атына қыс бойы сұлы, көк шөп, жем берген жөн. Ат қара етін ұзақ ұстайтын болса қыс бойы мінуге жарайды. Мұндай берік жылқылар некен-саяқ кездеседі.
  • Саят атын көбіне екі ай мініп алмастырып отырады. Алмастырған екінші атты 6-7 күн бұрын ұстайды да, мініп отырған атын жібереді. Қыста ұстаған атты күн аралатып суарып, шөбін деміл-деміл аздан беріп, үнемі қозғалтып, аяңдатып отырса 7 күннен соң бабына келеді.
 
 

жиған-терген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 107 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: