19:34
Атбегілік арналары

САЯТ АТЫНЫҢ СЫНЫ МЕН БАБЫ

Саят атын таңдау

Саят аты – аң-құс аулау үшін саятшылыққа, сонарға, салбурынға шықанда мінетін, осы іске арнайы үйретілген, тау-тасқа жүріске жарамды, саятшылық дағдыларына бейімделген, мінезі кең, жуас әрі арқалы һәм белді жылқы.

Әсіресе, құсбегілікке, яғни бүркіт салуға үйретілген жылқы мініп-түскенде, сондай-ақ құс қанатын жайып қозғалғанда үрікпейтін, үстіндегі құстың қимыл-әрекеті мен мінез-құлқын жатырқамайтын болғаны дұрыс. Бұл іске қажет аттарды арнайы таңдап алып үйретеді.

  • Саят атының дене бітімі кесек, кеуделі, сауыры шығыңқы, аяқ-қолы жуан болғаны ләзім. Жүрісі нық, аяқ-қолы бүтін жүріп-тұрғанда сүрініп-қабынбайтын, яғни қартаймаған, тізесі кетпеген, мініске көнбіс, жүрісі шапшаң, елпек болуы қажет. Шабысты болса да артық емес. Себебі құс олжаны ұстаған соң артынан тез, жедел жету керек.
  • Жаз-көктем маусымдарында құс ілуге баулыған шәулі (шағын) қырандарды салған кезде мінілетін атқа онша зор талап қойылмайды. Олар бар болғаны үркек емес, үстіндегі шәулі құсты жатырқамайтын, ұшқыр ат болса жарайды.
  • Сондай-ақ шәулі қырандардың ерекшелігі жыл құстарын аулаға бейім болатындықтан, сулы-нулы, өзен-көлді жерлерде құс ілетіндіктен, оның ілген олжасын жинап алу үшін кейде сушыл, жүзгіш аттардың қажеті басым болады.
  • Саятқа ұшқыр, жүрдек, елпек жылқы таңдалады. Себебі бүркіт аңға түскен сәтте құс иесі оған өте тез жетуі керек. Бүркіт қасқыр немесе түлкіге түскен соң иесі жеделдетіп көмекке келмесе, қыранның жазым болуы әбден мүмкін.
  • Құстың иесі кешіккен жағдайда қыран өзінің ұстаған олжасын бүлдіріп (терісін жыртып, т.б.) жарамсыз етіп тастайды. Сол себепті саят аты тау-тасқа өрмелей алатын, аңды қуған кезде жықпыл-жықпылдан сүрінбей жылдам жүретін епті болуы керек.
  • Өлкенің табиғи өзгешелігіне байланысты саят атын таңдаудың өзіндік ерекшелігі бар. Жері сазды немесе құмдауыт, топырақ қыртысы жұмсақ жерлерде күрек табан, кесе тұяқ, жүрісі жайлы әрі жылдам, сергек жылқы таңдалады.
  • Таулы аймақтарда тұяғы шымыр, алды-арты тең, тұрпаты таған, биік қыратты жерде туып-өскен, күдірден жол тауып жүретін жылқы қолайлы.
  • Дағдыланған ат қашқан аңды немесе аңның жүрген маңын адамнан бұрын сезеді. Пысқырып, құлағын қайшылап белгі береді. Сол кезде құсбегі бүркіттің томағасын сыпырып, жан-жағын шолдыра қояды.
  • Толық үйретілген ат құс аңға қарай ұшқанда, тоқтай алмай құспен бірге ол да шабады. Кейбір жағдайда құс аңды адам көрмейтін таса жерге барып басады. Оны ат құсбегіден бұрын сезіп солай қарай өзі алып барады.
  • Саят атының аяғындағы жүрекшесі бүтін болуы керек. Сосын қайырма немесе бүршік тағамен тағаланады. Өйткені тау-тасқа, тік еңіске салғанда аттың аяқ жүрекшесі тез мұқалады. Осы жағдайдан сақтану үшін көбінде қайырма тағамен тағалайды.
 
 

жиған-терген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 110 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: