20:23
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІКТІҢ БАБЫН БІЛУ

Бабы қанған жүйріктің белгісі

  • Құйрық-жалын түйіп, бала мінгізгенде күнге қарап есінейді.
  • Артынан қарағанда аяғын алшаң басады.
  • Шақпақ, қоң етінің қан тамырлары адырайып көрінеді.
  • Шапқанда терлемейді, бусанып қана қояды.
  • Еріккен кезінде ауыздығын қарш-қарш шайнап, езуіндегі сулығына тілін орап алады.
  • Көздері танадай жарқырап ойнақшиды.
  • Құлағын қайшылап-қайшылап, төрт аяғын ортекеше көтере басып ойнайды.
  • Мойнын күлдіреуіштей иіп, жер тарпып, басын сүзе шұлғып тұрады.

 

Жүйрікті қырлау

Бабы қанған, жаратуы келіскен жүйрікті ары қарай толық жетілдіріп баптауды атбегілер жүйрік қырлау дейді. Жүйрік қырлау немесе өткірлеу ісі нағыз бапкерлердің қолынан келетін шаруа. Атбегілер қырлайтын жүйрікті семіз, орташа, арық деп танып, осы үш жағдайдың біріне орайластырып баптайды.

Бұл дегеніміз – жүйрік жылқы еті семіз болса жақсы шаба ма, әлде, орташа қоңды күйде шапқанды ұната ма, немесе арық күйінде бабы толық қана ма, осыны дәл басып танып, баптау ісі.

Семіз күйінде қырланған жүйрік жауынды-шашынды, салқын ауа райында жақсы шабады.

Арық күйінде қырланған жүйрік күн көзі өткір ыстық өлкеде жақсы шабады.

Орташа етті қырланған жүйрік ауа райының кез келген жағдайында шаба береді.

Тәжірибелі атбегілер жүйрік қырлағанда қысқа жарыстарға салады. Ол жүйріктің тарамыс-сіңірін жұмсарту үшін қажет.

Жалпылама қоданылмайтын тек көп жыл бапталған атақты жүйріктерге қатысты жасалатын торғын қыр дейтін баптаудың түрі бар. Бұл дәл бәйге болардан бір күн бұрын кешкі салқын түсе жаратуда тұрған жүйрікті 2 шақырым қашықтыққа қатты шаптырып қолтық жаздыруды айтады.

Жүйрік қырлауды р атбегі өзінің таным-түйсігіне байланысты әрқилы атқарады.

Толық қырланған (бапталған) жылқының сипаты:

  • Денесі ширап, бұлшық еттері қатаяды.
  • Төрт аяғын ешқандай бұлғақсыз тең басады.
  • Төсінің ойма еті дөңестеніп тұрады.
  • Ұйқышыл, жатаған келеді.
  • Алдына қарай созылып керіледі.
  • Көзінің кірпігі қайырылып, алысқа тесіліп қарайды.
  • Түр-тұлғасы сылаңдап көрінеді.
  • Жаңбырлығы қабындайды.
  • Артқы аяқтарын кезек-кезек созып, сілкиді.
  • Кірпігіне сән кіреді.

Қырлаған жүйріктің юұл белгілері 3-5 күннен соң көзден тасаланады.

 

Бабы бұзылған жүйріктің белгісі

Жаратып, байлап-баптап отырған жүйріктің бабы бұзылатын жағдай жиі кездеседі. Бұл баптау кезеңдері мен уақытты дәл үйлестіре алмаудан туындайды. Нақтырақ айтқанда, баптау ісін дәл бәйге болатын күнге сәйкес келтіре алмау деген сөз. Белгісі:

  1. Қабағы салыңқы тартады, іші босап, теегі сұйылады, түр-түсі қаралтым тартып, мінезі құбылады.
  2. Тұмсық-танауының еті жиырылып, көзі қызарып былшықтанады, құлағы салбырайды.
  3. Сауыры бозмықтанып, тері кірлеп, жаясынан өн қашады.
  4. Шауып келіп тоқтағанда аяғының астынан шошынып үркеді.
  5. Тартылған ішегі босағандықтан жүргенде тынысы тарылып, ентікпе пайда болады.
  6. Кермеде көп тұрып жалыққан жылқы керілгенде белін садақша иіп, мазасы кетеді.
  7. Дүркін-дүркін пысқырып, үрке-шошып, тыпыршып жер тарпиды.
  8. Қан айналымы бұзылған жылқы үздіксіз қасынады.
  9. Байланған орны сәйкес келмегенде (ойпаң немесе желдің бағыты теріс, т.б.( жылқының зәрі қанкүрең түсті болады.
  10. Бос жібергенде өз ығымен аунап-қунамайды.
  11. Жай тұрғанда екі бүктетіліп, сымбатынан арылады.
  12. Жаясының көбірі түсіп, дүркін-дүркін зәр шығарады.
  13. Терінен ащы дәм шығып тұрады.
  14. Көзінің суағарын былшық басады.
  15. Мінезі шәлкес, қытымырланады.
  16. Ұйқысы қашады.
  17. Алаң көңіл, жүргенде сүрінгіш, көп пысқырып, жөтеліп тұрады.
  18. Тезегі жарты құмалақтанып шашырамай, жапаланып түседі.
  19. Шауып келіп тоқтағанда екі бүйірін соғып, еңсесі төмен түсіп, сенделіп төрт аяғын сылбыр басады.
  20. Тісі жарақаттанып сызат түсе береді және жеген шөбін дұрыс қорытпай, тастаған тезегінен жас шөптің иісі шығады.
  21. Аузы-мұрны қатпарланып, мұрнынан сары түсті су ағады.
  22. Мінезі тарылып, үркіп ұйықтамайды.
  23. Таңертең ұстатпай қашады, жымыраңдап иесін қорқытады, кейде теуіп, тістейді.
  24. Пықырауық келеді, күркілдеп жөтеледі.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 205 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: