22:49
Айтыс аламаны

МӘРТ МЕРҒАЛЫМ МЕРЕЙЛЕНДІ

Бойға бала жасынан-ақ біткен ерекше қабілет – сынықшылығымен алты алашқа әйгілі болған бқарапайым да бірегей тұлға Мерғалым Мұхтариханұлының сексен жылдық мерейіне арналған еске алу шарасында облыстық ақындар айтысы аламаны ұйымдастырылды.

Халықаралық, республикалық, аймақтық суырыпсалма додаларында бірнеше дүркін топ жарған алты марғасқа ақын қатысты осынау айтыс аламанына. Атап айтқанда, Баянауылдың намысын жыртқан Нұрғанат Қайрат һәм Аспанбек Шұғатаев, Қашырдың намысын қорғаған Алтынбек Мақсатхан, Ақтоғайды асқақтатуға бел буған Бейбіт Бөжен, Екібастұздың ақын назеркесі Алмагүл Жүгінісова, Павлодар шаһарының шабандозы Қуанышбек Шарман. Ал қасиетті қара домбыраның сүймелдеуімен өрілген өлең тартысын бағалауға Қазақстан Жазушылар Одағының Павлодар аймақтық филиалының төрағасы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын, қоғам қайраткері Арман Қани төраға болған, Қазақстан және Моңғолия Жазушылар Одағының мүшесі, қаламгер, қоғам қайраткері Ақын Алақанұлы, Ақтоғай ауданының тәжірибелі де белгілі айтыс ақыы Бейсенбі Мұқажанов, аймағымыздың айтыс өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосып жүрген керемет айтыскер ақын Асхат Тұрғанбек һәм осы жолдардың авторы әділқазылық етті.

Өзара үш жұп құраған дарынды ақындар бойдағы бар өнерін ортаға мейілінше салып, зейін қойып, құлақ түрген қадірменді көрермендердің патша көңілдерінен шығуға тырысып бақты. Сынықшылық-емшілік қасиетімен құдіреттенген, құрметтелген, қадірленген Мұхтариханұлы Мерғалымның қайталанбас феноменін тағылымдаудан аянып та алмады, тартынып та қалмады. Айтыс болғаннан соң бір-бірі мінеу мен сынауға шабыттың тізгінін жіберіп, көрермендердің шексіз ықыласына бөленді.

Осынау аламан айтыстың қорытындысын шығарған әділқазы алқасының төрағасы Арман Қани Мерғалымтануды қоғамдық-көпшілік һәм ғылыми-танымдық тұрғыдан әлі де жетілдіре түсу қажет деген қайраткерлік тілегін білдірді. Себебі айтысқа түскен ақындар Мерғалымның қайталанбас тұлғасын өлең өрнегімен сомдауда жалпы шолумен ғана шектелгендей әсер қалдырды. Демек, осынау тақырып терең де кешенді зерттеуді әлі де қажет етуде.

Нәтижесінде, бірінші орынды баянауылдық Аспанбек Шұғатаев, екінші орынды ақтоғайлық Бейбіт Бөжен, үшінші орынды және «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалының арнайы жүлдесін павлодарлық Қуанышбек Шарман ұтып алды, ал екібастұздық Алмагүл Жүгінісова, қашырлық Алтынбек Мақсатхан, баянауылдық Нұрғанат Қайрат қатысқаны үшін демеушілер тарапынан ақшалай гонорарлармен салтанатты түрде марапатталды.

Сайып келгенде, мәрт Мерғалым Мұхтариханұлының мерейтойына арналған ақындар айтысы аламаны қазақы өнерді шын бағалаған ел-жұрт жадында мәңгілік сақталатындай әсер қалдырғаны мәшһүр.     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Мерғалым  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 950 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: