13:00
Абайтануға айқындама

САРА ҒЫЛЫМ СОҚПАҒЫНДА

Заңтану (юриспруденция). Ол Абайдың құлай сүйсініп, көп зерттеген саласы. Қазақтың дағдылы заңдарын жақсы білетін Абай оны орыс өкіметі заңдарымен салыстыра отырып зерделеген. Бұл ретте Михаэлис (1881 жылы қала прокуроры қызметін уақытша атқарды), судья әрі этнограф Маковецкий, заңгер Гросс сияқты достары қол ұшын береді. Сөйтіп, 1885 жылы мамыр айында Қарамола төтенше съезіне Абай заңгер дайындығымен келген. Оған тоқталмас бұрын «Абай» журналында (1996 жыл, №1) жарық көрген көлемді естеліктен бір үзіндіні келтіре кетелік. «Абайды мен қалай таныдым» деген естелік иесі Семей қаласында тұрған, Ерейментау жерінде туып-өскен ғалым Т.Ерғалиев (1890-1967) Абайдың заңға жүйріктігі байқалған бір оқиғаны былайша әңгімелеп береді: «Баянауылдағы Қызылтау болысы атанатын Күлік деген елдің белгілі бір жуаны, аты Қабылбек деген, бет-аузы быжырайған, бөшке сияқты домаланып қалған, кісі айыпкер ретінде семейге келеді. Тергеу бітіп, үкіміне тірелген кезең болса керек. Ертеңгі күні әбден қорқып қысылған Қабылбектің ойына Абай түседі. «Белгілі кісі деуші еді, қазақ қой, бір ақылын аямас, сол кісіге жолығып көрейін» деп Абайды іздеп пәтеріне келеді. Абай мен Қабылбектің сөзін қасындағы жолдасы былай айтады:

«Келдік. Абай төр алдында отыр екен. Қолында үлкен кітабы бар. Кейпі бір ойға батқан адам сияқты. Сызданып, салқын қанмен отыр. Біз келген соң, кітапты жанына қойды да, амандасып жөн сұрады. Қабылбек жөнін айтты. Сонан соң Қабылбектің бетіне бір қарап: «Бәрекелді даңқыңа, өлім берсін сиқыңа» дегендей, желкесінен буындырған, тана көзденген сиқың бар, қандай арам пейілді адам екенсің?» дегені емес пе. Қабылбек ештеме деген жоқ, қыбжыңдап ұялып қалды. Мұнан соң аз ойланғандай болды да:

«Таңертең шақырған мезгілі сағат 9-да сотқа барып кіріңіз. Сонда соттың адамдары тесірейе қарап қалып, пішіндері сезіктенген сияқты болса, жұмысыңның жайсыз болғаны. Қолайсыз кесім айтып жіберуі мүмкін. Егер олай болмай, әрқайсысы өз жұмысымен айналып, беттерімен жүрсе жұмысыңның оңғаны. Менің басқа айтарым жоқ, шырағым», - деді».

Абайдың пәтерінен «Осы да көзім бе?! не де болса, айтқанын сынап көрелік» деген күпті көңілмен шығып, бұл екі кісі ертеңінде сот кеңсесіне барады. Абайдың айтқаны айдай келгенде таң-тамаша қалып, елге қайтады.

Абай сотты болған 7 жылда тергеушінің талайын көріп ысылған және психологияға құнт қойып, заң ілімдерін зерттеген. Келтірілген өмір фактісі осының айғағы.

Абайдың тамаша заңгер болғанының куәсі – Қарамола съезі күндері жазып үлгерген 73 баптан тұратын билер ережесі. Ол «әдет-ғұрып мәселесін орыс заңына бейімдеуі және кем-кетіктің, әсіресе әйелдің құқын жақтауы тұрғысынан ерекше» (Ә.Қоңыратбаев) болды. Егер ол күнде Қазақ елі тәуелсіз болса, Абай жазған «Ереже» қазақ заңнама өрісінде әйгілі «Жеті жарғыдан» кейінгі жаңа қадам саналар еді-ау. Бәлки, Ата заңға тірек, негіз болар еді.

Қысқасы, жаңа заң ережесін дүниеге әкелу – зор тәжірибе мен асқан білімділіктің белгісі. 1886 жылы Маковецкий басшылығымен «Қазақтың дағдылы әдет-ғұрып салты» деген зерттеу еңбек жарық көрді. Оның жазылуына Абай көп көмек көрсетеді.

Абай зер салып ізденген ғылым салалары көп-ақ. Біз тек үш сала бойынша ғана мысал-дәйектер алдық.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 101 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: