14:14
Абайтануға айқындама

САРА ҒЫЛЫМ СОҚПАҒЫНДА

Ғылым деген «инемен құдық қазғандай» өнімсіз еңбек. Ақынның:

Иждиһатсыз, мехнатсыз,

Табылмас ғылым сарасы (1880 ж.), -

дейтіні сол. Ал «ғалым кім?» дегенге былай деп жауап береді: «дүниеде ғылым заһири (сыртқы) бар, олао айтылмыштарды «нақлия» деп те атайды, бұл нақлияға жүйріктер «ғалым» атанады» (38-сөзі).

Абай «ғылым заһири (сыртқы ғылым)» деп жаратылыстану, заң, тарих, әлеуметтану, филсофия сияқты пәндерді айтқан. Көрінетін, дәлелденетін жарық дүние жайлы болған соң, бұларды «дүнияуи пәндер» деп те атайды. Абай ғылымдық жолын осы дүнияуи пәндерді меңгеруден бастаған. Оларға сынмен қарап, тексеріп, анық-қанығына жетуге талпынады.

Ғылыми кітаптарды зерттеушілік мақсатпен оқып-тоқығанда «Абайдың алдында жаңа жарық дүнеинің шеті ашылғандай болады» (Әуезов). Ал Ахмет Байтұрсынов өзінің Абайға «қазақтың бас ақыны» деп баға беруіне себепші бір жайды: «Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Европа білім иесілерінің кітаптарын оқыған», - деп көрсетеді.

Осы пайымдарды нақты ғылым салалары бойынша дәйектеп өтелік.

Философия. ХІХ ғасырдың бірінші ширегінен Еуропа ғалымдары адамзат тек алған қарыштамақ деген позитивистік философияны (оның төркіні – құдайсыздық) басына көтерді және күллі өркениеттің кіндігі тек Батыс әлемі деген еуроцентристік идея үстемдік құрды. Бірақ Бокль, Милль, Дрэпер сияқты оқымысты ғалымдар да қарап қалған жоқ, бұра тартушылыққа сынмен қарап, аяусыз соққы берді. Бокльдің «Англиядағы өркениеттің тарихы» атты еңбегінде өркениеттің Шығыстан келгені зерттелсе, Дрэпердің «Еуропа ақыл-ойы дамуының тарихы» атты әйгілі кітабында осы ақиқат нақты фактілер негізінде дәлелденді. Дрэпердің аталмыш еңбегін оқып шыққасын Абай қатты толқып: «Апыр-ай, күншығысым – күнбатыс, күнбатысым – күншыыс болып кетті» депті. Осылайша Шығыстық өркениет тым әріде екеніне, ал Еуропа құрлығы құрған өркениет мына тұрған беріде келіп шыққанына таңданысын жасыра алмайды. Ағылшын философия мектебінің айтулы өкілі Дж.Милльдің «Логика жүйелері» атты еңбегін Абай мұқият екшеп, ондағы индукция және дедукция деген логикалық ғылыми ізденіс тәсілдерін меңгереді.

Ағылшынның тағы бір ғалымы Герберт Спенсердің (1820-1903) үйретері көп-ақ еді. Оның әлеуметтік философиясы әлі күнге маңызын жойған жоқ. Құр сөз болмауы үшін оның «Воспитание умственное, нравственное и физическое» еңбегінен бір үзінді келтіре кетелік. Ол ғылымның қоғам дамуында атқаратын рөлін айта келе, былай деп түйеді: «Ғылым тұрмыс пен тәрбиенің ғана емес, барлық өнердің, керек десеңіз, скульптура, сурет, музыка мен поэзияның тірегі бола алады». Мұндай қисынның Абай көкейіне қона кеткені сөзсіз. Аталған әдебиеттер, сондай-ақ Абай тексерген антикалық пәлсапа – Платон, Аристотель шығармалары Семей кітапханасы қорында әлі күнге сақтаулы.

Тарих. 1880 жылдардың басынан Абай қазақ тарихы мәселелеріне ден қойып, Семей кітапханасында бар Батыс, Шығыстың дереккөздеріне үңіле жүреді. Атап айтқанда, Абай ескіліктері Рашид-ад-Диннің «Жылнамалар жинағы», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» еңбегі және Бичуриннің, Левшиннің қазақ тарихына арналған үш томдық еңбектерін оқиды. «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегінің жазылуы – тарих саласындағы ізденістерінің нәтижесі. Абайтанушы Қ.Мұхамедханов аталмыш еңбек «1890 жылдары аяқталған» деп дәйектеді. Кейініректе Статистикалық комитеттің хатшысы Коншин Абайдан Орта жүз руларының шежіресін жазып алады. Тарих, өлкетану мен этнографияға қосқан елеулі үлесі үшін Абай 1886 жылдың мамыр айында Статистикалық комитеттің толық мүшелігіне қабылданды. Бұл архивтік құжаттарда хатталған мәлімет. (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 99 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: