19:33
Абайтануға айқындама

СЕМЕЙДЕГІ ДОС-ТАМЫРЛАР

ХІХ ғасырдың екінші жарымында Семей қаласына алғаш жер ауып келген орыс жазушысы Федор Достоевский болса, 1870 жылдардан келесі лек келе бастады. Соңғының өзіндік тарихы бар. 1861-1876 жылдары кіндік Ресейде «Земля и Воля» (екінші аты – «шестидесятники») және «Народная воля» деген құпия ұйымдар пайда болған. Аталмыш саяси қозғалыстарға Герцен мен Чернышевскийдің қалың бұқара халықтың мүддесін қорғау идеясына ұйыған кілең студент жастар тартылған болатын. албырт патшалық билік жүйесін төңкеріп тастауды көздеді. Міне, сол үшін қуғын-үргінге ұшырап, жер аударылды.

«Петербург университетінің жер аударылған студенті шестидесятник Е.П.Михаэлис, «Народная воляның» мүшелері Н.Долгополов, С.Гросс, А.Блэк, П.Лобановский, Н.Коншиндер мен Абай арасында ұзақ жылдарға созылған достық байланыстың болғаны аян. Бұлардың бәрі де Семейге жер аударылып, өздерінің жазасын өтеуге келгендер еді», - деп жазады ғалым Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова өзінің монографиялық еңбегінде.

ХІХ ғасыр орыстың ақыл-ойы мен әдебиетінің «алтын ғасыры» делінеді. Сонда бұл қайдан, қалай келген құдірет?! Құдіреттің аты – ат төбеліндей зиялы қауымның туған халқына деген керемет сүйіспеншілігі-тұғын. Абайдың дос-тамырлары сол құдіретті, халықшыл рухты әкелді қазақ жеріне. Құнанбай «Абырой тек халыққа адал еңбек сіңірудемін, әділ болумен келеді, әйтпесе жоқ!» дегенді өзі берік ұстанып, ұрпағына да сіңірген. Мінеки, орыс достарының халықшыл рухы әкенің өсиетіне сабақтасып, Абайға өзгеше ықпал еткені сөзсіз.

Жер ауып келгендер арасында кесек тұлға – Евгений Петрович Михаэлис (1841-1913) болған. Өзгелері соның төңірегіне топтасты. «Ол дүлей талант иесі, егер айдалып кетпегенде, есімі Менделеев, Тимирязев, Сеченов қатарында аталатын еді» деп жазады Шелгунов деген оқымысты адам. Мұхаң «Абай жолына» Михаэлисті «Михайлов» деп өзгертіп, «Заманы келіссе, бір халықтың маңдайына біткен ырысы дерлік» деп тұлғаның жоғары бағасын береді. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде Абай:

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз (1886), -

десе, бұл, сірә да, Михаэлис бейнесі. Өзге туындыларында да «ғалым кім?» дегенге абай үлгіні осы адамнан алуы мүмкін.

Ғалым әрі зор қайрат иесі Михаэлис 1878 жылы Семейде тұңғыш ғылыми мекеме – Статистикалық комитетті құрды. Сол комитеттің жанында шағын кітапхана болған. Михаэлис пен Абайдың алғаш кездесуі сонда өткені белгілі. Бес жыл кейін, 1883 жылы сөз болып отырған кітапхана «қалалық» статус алып жаңадан ашылды (өйткені кітапхананы ұстауды статистикалық комитеттің қалтасы көтермеген).

Семейдің қалалық кітапханасында кітап қоры мың томға жуық болған. Оны ғалым Қ.Мұхаметханов былайша сипаттайды: «Ол замандағы Сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі ең байы деп танылған... Тарих, философия, табиғаттану, тағы басқа ғылым салаларына арналып жазылған кітаптарды және сол кезде Ресейде шығып тұратын «Вестник Европы», «Наблюдатель», «Русский вестник», «Русская мысль», «Исторический вестник», «Новое время», т.б. журналдарды жаздырып алып тұрды». Аталған басылымдардың қай-қайсын да Абайдың сүйіп оқығаны сөзсіз. 1889-90 жылдары «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегін жазуға түрткі болғаны анық сияқты.

Михаэлис арқылы Абай танысқан халықшыл топ өкілінің әрбірі өнерлі, әрі оқымысты, әрі жаны таза мәрт тұлға болуы таң қалдырады. Мәселен, Лобановский – суретші. Ол қарындашпен салған Абай суреті бүгінгі күнге жетіп отыр. Оның сыртында: «Семей уезі Шыңғыс болысының құрметті азаматы Ибрагим Құнанбаев, 45 жаста. Облыстық статистика комитетінің мүшесі, 1887 жыл» деген жазу бар.

Өзара ұғысқан, үйірлескен дос-жарандар, әсіресе Абай мен Михаэлис бас қосуды жиілетеді. Басқосуда нендей мәселе көтерілмеді дерсіз. Соның бірі патша өкіметі бақылауынан сақтану амалдары, цензура төңірегінде тәжірибе алмасу болған. Өйткені 1881 жылғы Александр ІІ патшаға жасалған қастандықтан соң, империяда саяси цензура, аңду мен бақылау күшейді. Абайдың сауысқандай сақ болуы, сірә да, семейлік достарының ғибраты. Ақын мұрасынан әлдебір саясаттың ізін қолыңызға шам алып іздесеңіз де таба алмайсыз (1903 жылы Абай жайлы мәлімет жинаған патша шенеунігі өзінің рапортында «Патша үкіметіне адал қызмет еткен адам, өкіметке қарсылық дейтіндей ешбір әрекеті анықталған жоқ» деп көрсеткен). Өз кезегінде достары Абайдан қазақ халқы, көшпенді тұрмыс, жалпы шығыс әлемі жайлы көп сұрастырып, құнарлы мағлұматқа қанығады. Халықшыл ағартушы таны көбіне этнография, пәлсапа, заң, психология, логика, көркем аударма сияқты сол заманның ғылыми салалары қызықтырды.

Қысқасы, Михаэлистей алыптың кездесуі Абай үшін зор сәттілік болды. Дос-ұстазбен бірге өткізген, терең із қалдырған бес жыл ғұмырын ұмтыа алмай: «Дүниеге көзімді ашқан кісі – Михаэлис» деп үлкен жылылықпен айтып отырыпты жарықтық.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 114 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: