18:25
31 мамыр – саяси-қуғын сүргін һәм ашаршылық құрбандарын еске алудың азалы күні
ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ Геноцид. Депортация. Репрессия... Атынан ат үркитін қайғы-қасіретке толы ауыр сөздер. Өткен ғасырдың 30-50 жылдарында саяси-қоғамдық ортада осы үш сөздің әмірі жүріп тұрды өкінішке орай. Бұларға қасақана әрі қолдан жасалған аштықты қосқанда, үрейден тұла бойың шымырлайды, төбе шашың тік тұрады еріксіз. Сол кездегі кеңестік биліктің ойыншығына айналған қазақ елі мен жері осынау аласапыранның құрбанына айналды. Солақай саясатты ұстанған әсіресілтеушілердің қисынға келмейтін һәм басқа сыймайтын түсініксіз іс-әрекетінен тұтастай бір ұлт мүлдем жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Өкінішке орай, қазақ халқының саны едәуір ортайып қалды. Әсіресе аштық кезінде, тарихи деректер мен азалы тақырыпты қозғаған көркем әдебиетке сүйенсек, қазақ даласы сондай аянышты халді басынан кешті. Ол аздай саяси қуғын-сүргіннің айыбы негізсіз құрбандарын азаптаған Карлаг, Алжир, Степлаг делініп кеткен тұтқындар лагерлеріндегі адам төзгісіз тірлігі қосылды. Ел қамы, ұлт болашағы үшін жанын пида етуге бел буған қаншама зиялы қауым өкілдері іскерлік-ұйымдастырушылық қабілет-қарымы гүлденген, пырақтаған шағында қыршынынан қиылып кете барды. Ал өз кіндік қаны тамған мекендерінен қашан да қонақжай қазақ даласына күштеп көшірілген, яғни депортацияланған, кәрістерді, Кавказ тауын мекендеген ұлттардың өкілдерінің ауыр тағдыры тағы бар... Әр жылдың мамыр айының соңғы күнінде саяси-қуғын сүргін һәм ашаршылық құрбандарын аза тұтып еске алады қазақ елі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей биыл да осы дәстүр өз жүрісінен жаңылмады. Былтырғы жылдың 31 мамырында Бесқарағай ауылына қарасты Байқадам атты жерде орнатылған, 1930-1932 ж.ж. аштық құрбандары рухына тұрғызылған Белгі тас маңына Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары Б.Байжанов, Лебяжі аудандық маслихаты хатшысы Қ.Әлтаев, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы С.Мусина, аймақ орталығы Павлодардан арнайы келген шешен ұлты диаспорасының бірнеше өкілдері, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Байтілеуова және басқа да аудан, ауыл азаматтары тағзым ете жиналды. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты шара барысында аштық құрбандарын бір минөттік үнсіздікпен еске алды, арысы облыс орталығынан, берісі аудан-ауылдан келген азаматтары Белгі тасқа гүл шоқтарын тағзым ете қойды. Сөз алған аудан әкімі орынбасары Бейітбет Таңатұлы еліміздің аталмыш күнді аза тұту һәм еске алу түрінде өткізуінің маңызды қоғамдық-тарихи салмағын ерекше атап өтті. Ал еңбек ардагері әрі ауыл тұрғыны, қызыл тілді шешендігімен дараланатын Думаш Сүлейменұлы өз кезегінде ел басына қара бұлттай төнген саяси қуғын-сүргін һәм алапат ашаршылық кезінде опат болған қандастарымыз жайлы статистикалық мәліметтерге тоқталды, танымдық мақсатпен басқа да тарихи деректерді қозғады. Шешен диаспорасының өкілдері тарихи деректердің болжамы бойынша ортақ зиратқа жерленген аштық құрбандары рухына Құраннан дұға түсірді. Байқадамнан аттанған автоколонна Бесқарағай ауылының бүйірінде, дәлірек айтқанда бұрынғы ауыл моншасы тұсындағы ойда, орын тепкен шешен ұлтының өкілдері жерленген зиратқа келді. Солақай саясат кесірінен осы ауылға күштеп көшіріліп, осынау құтты мекенде тұрақтап, ғұмыр кешіп, дүние салған шешендер қабірлерін өз көзімен көріп, тағзым жасауға арнайы келген аймақ орталығындағы шешен ұлты диаспорасының өкілдері мұнда да өз алдына Құраннан дұға оқып, ағайындарына адами құрмет көрсетті. Осынау зиратты қоршап, күтіп отырған бесқарағайлықтарға деген ризалықтарында шек болмады. Қайта-қайта адамгершілік тілектерін шын жүректен білдірумен болды шешен ұлтының өкілдері. Қонағын құдайындай сыйлайтын қазақы игі дәстүр бойынша Қызылағаш ауылдық әкімшілігі аппаратының мұрындық болуымен 1930-1932 ж.ж. ашаршылық кезінде құрбан болғандарды еске алуға арнайы құдайы ас берілді. Өткенге құрмет – бүгіннен ізет. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 1105 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: