10:10
Лирика - 26
Жүректен – жүрекке (таңдамалы)
Жүрегім жүр сені тілеп
Ақпан кетіп барады,
Қыстың соңын әкеліп.
Омбы су боп ағады,
Көктем келер күлімдеп.
 
Ақ қар реңі сұрланар,
Тамшы болып ериді.
Адам жүзі нұрланар,
Табиғат қыстан жериді.
 
Аяулым да ажарланып,
Айналаға сәуле шашар.
Ынтық сезім құмарланып,
Ғашық жүрек құшақ ашар.
 
Қиқу салар сан құс та,
Небір-небір әнге басар.
Жер қараяр әрбір тұста,
Сүйгендер сезім құшар.
 
Қыстан адам шаршады,
Жылы наурызды тек тілеп.
Жуырда ақпан қашады,
Жүрегім жүр сені тілеп.
 
Жүрегімнің інжуі
Аққуға тән әсемдік бар бойында,
Ханзадаға жар болу бар ойында.
Жалғанда ғой жүрегімнің інжуі,
Қосылармыз қай жылдың қай айында?
 
Самалменен наз иілген жас өскін,
Әрі сұлу, әрі ару келбет-кескін.
Күн-күндерде жүрегімнің інжуі,
Ажарымен ессіз қылар адам есін.
 
Леппенен желбіреген майда жібек,
Еңлігін бек тілеген мен бір Кебек.
Айлы түндерде жүрегімнің інжуі,
Жүрегіме бір өзіңнен сезім керек.
 
Үкісі сәукеле һәм домбыраның,
Асқар шыңы биіктегі қыранның.
Ынтық шақтарда жүрегімнің інжуі,
Гүлжауһары мен аңсаған Тұранның.
 
Жапанның бой түзеген тал-терегі,
Пернедей әуезденген наз жүрегі.
Төрт мезгілде жүрегімнің інжуі,
Ғашықтығың маған болар бар керегі.
 
Елесіңмен сөйлеймін
Дауысыңды естідім,
Тән-деміңді сездім.
Түс әлеті кезінде,
Ұйқасты өлең түздім.
 
Ажарыңды елестеттім,
Тұлғаңа тағзым еттім.
Әр сөзіңді естігенде,
Арман қуа алыс кеттім.
 
Жалғанда сүйем сені,
Аңса деймін сен де мені.
Самал жел боп сипағамда,
Желбіресің етек, жеңі.
 
Көздеріңді сағындым,
Сезіміңді оқыдым.
Өмір жайлы ойлағанда,
Сені аңсай атқыдым.
 
Жаз жаныңды тілеймін,
Пәниде сені елеймін.
Кей-кейде жалғыз қалғанда,
Елесіңмен сөйлеймін.
 
... қыстың соңғы түнінде
Аспанда жұлдыз біткен жақты шамын,
Ажарлым-ау, тек өзіңді сағынамын.
Даладағы қыстың соңғы түнінде,
Жаз бейнеңді елестете алданамын.
 
Жұлдыздар ғой жүргендей-ау қозғалыста,
Өз ауылың, үйің, бөлмең арғы алыста.
Ауладағы қыстың соңғы түнінде,
Ғашықтығым беки түсті осы қыста.
 
Әне ақты тағы жұлдыз ылди аңсап,
Зымырандай зу еткен шамға ұқсап.
Түздегі қыстың соңғы түнінде,
Ұйықтай алмай жай жатырмын сені аңсап.
 
Жалаңаш ағаш түнге сырын айтқандай,
Бұл өлкеден таңсәріде қыс қайтқандай.
Өте шығар қыстың соңғы түнінде,
Көктемдейін жылы, назды жүзің қандай!
 
Ұшқындады қар тағы да билей-билей,
Қайран жүрек дүрсілдейді сені тілей.
Жылжып жатқан қыстың соңғы түнінде,
Атырармын көктем таңын сені іздей, көз ілмей.
 
Көктем келе құлпырды
Еседі жылы леп,
Құстар әні көбейді.
Әр қадамын баса ептеп,
Алыстан көктем келеді.
 
Аяз қыспас, тондырмас,
Қардың түсі өзгерді.
Құтыра боран борамас,
Қара жүзін жер берді.
 
Құс түрлері көбейіп,
Күн мезгілі ұзарды.
Күн таныта мәз кейіп,
Көңіл-күй де тазарды.
 
Төбеден тамшы үзіліп,
Жерге жетіп су болды.
Көбейе әм көсіліп,
Өздігінен көл болды.
 
Алыстағы асылым
Көктем келе құлпырды.
Асылы, менің жан сырым
Наз жүрегін толтырды.
Шаhмантегі-Ибраhим Бегімхан Керімханұлы
www.shakhibbeker.ucoz.kz
 
Просмотров: 851 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: