12:30
Лирика - 25
Жүректен – жүрекке (таңдамалы)
Аңсау
Қаңтар кетіп,
Келер ақпан.
Сағыныш есіп
Батыс жақтан.
 
Ай таусылып,
Туар жаңа.
Өзіңді аңсап,
Сарғайып қана.
 
Сені аңсау –
Жауапты сын.
Өзіңді сүю –
Басты қисын.
 
Қараңғы түр
Тағы келді.
Аңсаймын-ау
Қыпша белді.
 
Айып тақпа,
Сезімім ашық.
Есте сақта,
Жүрегім ғашық.
 
МҰРАТ
Мөлдір көзді, пәк һәм таза кәусарым,
Мыңнан бір әм жүзден сұлу аңсарым.
Маржанымсың қол жетпейтін, көзден таса,
Мәтініндегі кей әннің «...асыл жарым».
 
Ұмай-ана бір өзіңе тағзым етер,
Ұлытау сен дегенде шыңын төмендетер.
Ұсынамын, сарп етемін ғұмырымды,
Ұнайсың-ау, шын сезімім саған жетер.
 
Рахат қайдам, болмасаң сен қасымда,
Рауанымсың нәр беретін әрбір таңда.
Раушан гүлім көркіменен баурап алар,
Рай таныт жүрегіме осы таңда.
 
Аспандағы адастырмас Үркерім,
Ақпандағы аяулы, наз керімімсің.
Асыл жаным сымбатымен тартымды,
Ажарына бақыт қонған көркемімсің.
 
Табылсашы сендей сұлу бұл жаһанда,
Табылмайды өзіңе тең ешқашанда.
Түймедағым төрт мезгілде гүлдей берер,
Тілеймін-ай жалғыз сені әрқашанда.
 
Көзімді жұмсам...
Көзімді жұмсам,
Алдымда елестейсің.
Мен сені шын сүйем,
Аяулым, не істейсің?!
 
Күлімдеген жүзіңді
Сипасамшы қолыммен.
Үлбіреген ерніңді
Сүйсемші ерніммен.
 
Наз иілер қолыңда
Бақытымның кілті бар.
Сені аңсар ақ жолда
Өмірімнің бағы бар.
 
Жарқыраған жаныңмен
Жаным менің нұрланар.
Ояу, ашық санаңмен
Мендегі сана оянар.
 
Көзімді жұмсам,
Жанымда жүресің.
Жүзіңе қол созсам,
Ұяла күлесің.
 
Көзқарасың...
Көзқарасың ынтық қылды өзіңе,
Ғашық бола қарай берем көзіңе.
Ұяласың, назданасың төмен қарап,
Бейне қудай қонайын-ау көліңе.
 
Көзқарасың баурап алды сезімді,
Айта берем «сүйем» деген сөзімді.
Үндемейсің, ақырын ғана күрсініп,
Ұзағынан танытам-ау төзімді.
 
Көзқарасың мұз жүректі жібітті,
Оңды болар сүйсе ару жігітті.
Жымиясың алма жүзің үлбіреп,
Өз жаным өз жаныңды үлгі етті.
 
Көзқарасың өміріме нәр береді,
Махаббатым ту-байрағын көтереді.
Білмеймін-ау, жүрсің қазір не ойлап,
Нұр бейнең түсіме жиі кіреді.
 
Көзқарасың үмітімді нұрландырар,
Бір сүйгенім құмарымды қандырар.
«Сүйсең» деймін Тәңірімнен бек тілеп,
Қалқам менің – ойландырар, толғандырар.
 
Қандай бақыт, сәулем, сені сүюім!
Сағынып жүр жүрегім жүрегіңді,
Айқара аш бір өзіме жан есігіңді.
Күмәндаңба, алдамаспын ешқашан,
Бек қадірлеп тербетейін бесігіңді.
 
Шын сезімнің айдынында жүземін,
Жүрек жарды өлеңдерді түземін.
Тасқа қашап қала бергей мәңгілік:
«Асылым, жалғыз сені сүйемін!»
 
Жиі-жиі көріп жүрмін сені түсімде,
Сенсің, сәулем, тәтті дәм де, түсім де.
Жер түрленер көктемдегі жыл құсым,
Алтын табақ нұрлы Күндей күлімде.
 
Басқа-басқа, ажар тұнған аққуым,
Жүрек пернесін тебірентер гәккуім.
Аппақ жүзің, ақ сезімің – бәрі ақ,
Қандай бақыт, сәулем, сені сүюім!
 
Аспаннан ақты жұлдыз, болды ғайып,
Жан һәм тәнің, пай-пай, шіркін, ғажайып!
Аңсай сені пырақтанар шабытым,
Ғашықтықтың сыры неткен таңғажайып!
Шаhмантегі-Ибраhим Бегімхан Керімханұлы
www.shakhibbeker.ucoz.kz
 
Просмотров: 944 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: