16:11
Құдайтану баяны

ӘУЕЛГІДЕ

Адамның өз орны айрықша. Оның жаны ақылдылықтың құдайлық қабілетіне сүйенген, бұл адамдарды Құдаймен жақындастырады және олардың бойына құдайлық болмыс дарытады. Құдайға ұқсас ой қабілеті адамды өсімдіктер мен жануарлар дүниесінен жоғары қояды. Ол тән мен жанның бірлігі ретінде микрокосм – кіші әлем болып саналады: оның бойына төменгі материалдар да, жоғары сана қасиеті де дарыған. Адамның міндеті – санасын ұштай отырып, өлмейтін Құдай болу. Адамның абыройлы қасиеттерінің бірі – даналық – софия философиялық ақиқатты пайымдау арқылы беріледі, ал ол, Платон айтқандай, Құдайдың Өзінің әрекетіне еліктеу болғандықтан, құдайлыққа алып барады. Теория – тек логикалық ой машығы ғана емес, жетік интуиция. Оларды ұштастыру өзін-өзі тану рақатына алып келеді. Мұндай даналық сирек адамға тән, қалғандары әрі кеткенде, тек фронезиске – тіршілік тәжірибесінен туған болжампаздыққа ғана қол жеткізе алады.

Бұл жүйеде Қозғалмайтын Қозғаушының маңызды орын алғанына қарамастан, Аричтотельдің Құдайы діни құндылықтан жұрдай. Ол әлем жаратушысы емес, өйткені жарату мұндай құдайдың қолынан келмес өзгерістер мен әрекетті білдіретін еді. Барлығы Оған ынтық болғанмен, бұл құдай әлем істеріне немқұрайды қарайды, өйткені Ол үшін Өзінен төмен саналатынды ойға алу мүмкін емес. Әлемді де Ол, әрине, билемейді, сондықтан өмірімізге ешбір ықпал жасай алмайды. Өзінен-Өзі болмысының болмай қоймайтын салдары ретінде келіп шыққан ғарыштың барын – Құдай біле ме, жоқ па, оны жорамалдау ғана қалып тұр. Сол сияқты «Құдай бар ма?» деген – жанама сұрақ. Кейін Аристотель өз теологиясынан өзі бас тартқан болуы ықтимал. Ол Платон екеуі «Кіндік кезеңде» өмір сүрді, олардың барлық назары жеке санада, адам бақыты мен қоғамдық әділет мәселелерінде шоғырланды. Сонымен бірге олардың философиялары тым асқақ еді. Таза әлем туралы платондық идеялар да, Аристотельдің қол жетпес алыстағы Құдайы да қарапайым адамдар үшін мүлде пайдасыз болды. Кейінірек мұны яһудилік және исламдық перипатетиктер мойындады.

Осылайша «Кіндік кезеңнің» жаңа идеологиялары бір мәселеде тоғысты: адам өмірінде танылмайтын жоғары және де маңызды әлдебір нәрсе бар. Жоғарыда аталған данышпандар мұны әрқалай түсіндірді, бірақ бірдей қорытындыға келді. Содан соң ол толық адам концепциясының дамуында маңызды рөл атқарды. Бұрынғы мифологиялармен қоштасуға ешкім асыққан жоқ, тек оларды басқаша түсіндіріп, адамдардың бір саты бтіктеуіне ықпал етті. Осындай пәрменді идеологиялар қалыптасқан уақытта израилдық пайғамбарлар өз дәстүрлерін өмір салтындағы өзгерістерге сәйкестендіріп, әрі қарай кемелдендірді. Нәтижесінде, Яхве біртіндеп жалғыз Құдайға айналды. Бірақ дегбірсіз күйгелек Яхве асқақ көріністердің үдесінен қалай шықты?

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 190 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: