16:04
Жаныңда жүр жақсы адам

ҰСТАНЫМЫ ҰТЫМДЫ ҰСТАЗ

Өзің түлеп ұшқан ұяда ұстаздық еткенге не жетсін, шіркін! Үкілі үміт арқалап, жеке өмірге қанат қаққан түлек араға бірнеше жыл салып, ұясына қайтып оралған қыран өскелең ұрпақ саналатын жас ұландарға оқу-білім һәм тәлім-тәрбие нәрін себеді. Жылдар өте осынау игілікті ісінің жемісті де жеңісті қызығын көріп, абырой мен даңққа мейілінше бөленеді.

Қайдаров Нұрболат Шәріпұлының Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде ұстаздық қызмет атқарып жүргеніне осымен жиырма алты жылға айналды. Кіндік қаны Бесқарағай ауылының топырағында тамған Нұрболат 1972-1982 ж.ж. аралығында аттас жалпы орта білім беретін мектепте білім алды. Әскерге бармас бұрын бір жыл ауылда от қазандығын жағушы болып та жұмыс істепті. 1983 жылы аудандық әскери комиссариаттың шақыруымен Кеңес Одағының Қарулы Күштері қатарында азаматтық борышын қиянда Амур облысы Тында қаласына қарасты Маревая стансасында абыроймен өтеді. Тіпті Байкал-Амур магистралі құрылысына белсенді қатысқаны үшін арнайы медальмен марапатталыпты. 1985 жылы елге қайтып оралды. 1986-1990 ж.ж. Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтту жоғары білім алды. 1990 жылдың тамызынан осы күнге дейін Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі болып еңбек жасап келеді. Сонымен қатар 2003 жылы заңгер мамандығы бойынша Қазақстан-Ресей институтын сырттай тәмамдап, екінші жоғары білім алды.

Ұстаздық жолды қалауында бар ғұмырын мұғалімдікке арнаған ардагер ұстаз, асқар әкесі Шәріп Қайдарұлының ықпалы болған екен. Әке таяғын ұстаған Нұрболат әуелден-ақ жүктелген міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарады. Алғашқы бетте қатардағы мұғалім болып бастап, жылдар жылжи мектептің әскери жетекшісі лауазымына дейін өсті. Аға лейтенант шеніндегі ол аудан көлемінде белді һәм беделді кәсіпқой мамандардың бірі болып табылады. Осынау асқаралы биікке қол жетудің айқын жемісі – оның шәкірттері. Әр жылдары Владимир Жиенбаев, Бақтияр Түсіпов, Дастан Абылғазинов есімді оқушылары әскери жоғары оқу орындарында білім алды. Қазіргі таңда олар өз ісінің абыройлы мамандары болып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында.

Өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылық, елжандылық, отансүйгіштік атты асыл қасиеттерді дарытумен қатар Нұрболат Шәріпұлы шәкірттердің салауатты өмір салтын ұстануына да оң ықпалын тигізуде. Біліктілігін арттыру жолында өткен жылдың қараша айында Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырған «Әскери іс негіздері» және «Тіршілік ету қауіпсіздігі негіздері» пәндері бойынша кәсіби-педагогикалық қызметті ұйымдастыру» бағыты бойынша семинарды сәтті тәмамдап, сертификатқа қол жеткізді. 2015 жылғы мамыр айында өткен аудандық әскери далалық жиында белсенді жұмыс атқарғандығы һәм жасөспірімдердің әскери патриоттық сезімін көтергені үшін аудандық әскери комиссариаттың Құрмет мадақтамасымен марапатталды. Сол жиын барысында тәрбиелеп жүрген шәкірттері Шаймұрат Айбарыс пен Уапов Арлан белсенділігі үшін Мадақтамамен марапатталды. Әр жылдары осы тақылеттес әскери-далалық жиындарда Жоламанов Рамазан, Ерсайынов Нариман атты оқушылары марапатқа ие болды. Қазбеков Мағжан, Кириченко Александр спорттық дайындықтың жоғары жетістіктерімен көзге түсті. Ал Садуақасова Айнұр есімді шәкірті аудандық «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынында «ОЗК және газға қарсы құралдарды кию» номинациясы бойынша жүлделі орынға ие болып, Мадақтамамен марапатталды.

Мектеп ішінде өткізілетін әскери-патриоттық бағыттағы шараларды сапалы әрі қызықты түрде ұйымдастырады. «Жас мерген» атты үйірмеге жетекшілік жасайды. Пневматикалық винтовкадан нысанаға атудан мектеп оқушыларын ұдайы дайындайды. Аудандық көлемде жүлдеге қол жеткізді. Өз мамандығына деген адалдығын артығымен дәлелдеп жүрген Нұрболат Шәріпұлы мектептегіалғашқы әскери дайындық дәрісханасын соны үлгідегі пәндік стендтермен безендірді. Сабақтарында ақпараттық-коммуникациялық технологияны мейілінше қолданады.

Өмірлік серігі Салтанат Бекперқызы да ұстаздық жолда. Тұңғыш қызы Нұрилә осы күндері Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің үшінші курсында мемлекеттік грант арқылы оқып жүр.

Абыройлы еңбек атқарып жүрген һәм ұстанымы ұтымды ұстаз Нұрболат Шәріпұлы Қайдаровты Қазақстан Республикасы Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтап, асулардан асу, белестерден белес бағындыруына тілектестігімізді білдіреміз.      

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 651 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: