18:26
Жаныңда жүр жақсы адам

ЕРЕН ЕҢБЕГІМЕН ЕРЛЕГЕН ЕРАҒА

Әлмисақтан халқымыз қолөнерге һәм қолөнершілерге кенде болмаған. Қашанда хас шеберлердің қисыны қиын туабітті дарынына таңқалып, қошемет жасаудан тартынып көрмеген.

Инновация мен индустрияны қос тізгіндей қатар ұстап отырған қазіргі таңда адамға қажеттің түгелін болмаса да, басым бөлігін компьютерлік бағдарламаланған түрліше құрал-құрылғылар жасап беріп отырғаны да еш құпия-сыр емес. Дегенмен әуел бастан әңгімеге тұздық болған табиғи қолөнер бүгін де бабалық аманатты жалғасын тауып отырғаны іш жылытады. Сондайма ұлағатты да өнегелі шебер һәм ұстаз Асанов Қанат Қайроллаұлы осы күндері Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде абыроймен еңбек етіп келеді.

Осыдан жиырма жеті жыл бұрын ұстаздық жолын Бесқарағай кеңшарына қарасты Подпуск бөлімшесіндегі 1 Мамыр негізгі (сегізжылдық) мектебінде бастаған Қанат Қайроллаұлы (үйдегілер де, ауылдастар да Ерғанат, Ераға деп атап үйренген) алғаш жұмысқа қабылдаған үлгілі басшы, марқұм Байтілеуов Шоқан Байтілеуұлын мақтанышпен еске алып, аузынан түсірмейді.

Ашығын айту қажет, Ераға тағдыр тауқыметін балдырған шағында-ақ тартудай-ақ тартты. Төрт жасынан ата-анадан тұл қалған баланы Думаш ағасы мен Гүлсара жеңгесі бауырына басып, ата-ананың бірегей орнын жоқтатпады. Барынша бақты, барынша қақты. Ол ол ма жас балада сурет салуға деген, ісмерлікке деген ыңғай-ептілік байқала бастады. Оны кезінде хас суретші атанып үлгерген марқұм нағашысы Сағдаттан қонған болу керек дейді де. Бозбалалықтан соң алаулаған-жалаулаған жастық кезде аңшылыққа деген де әуестік қылаң бере бастады. Ал бұл жағы Ерағаға арғы атасы Шайқымнан дарыса керек. Сөйткен Қанат Қайроллаұлы қолөнер шеберлігіне де, аңшылық ептілігіне де ден қойып кетті...

Ағаш-ағаштың, темір-темірдің, сүйек-сүйектің тілі мен ебін жанын сала, жүрегін аша таба білетін Ераға қансінді шығармашылық дарынымен небір қайталанбас һәм бірегей бұйымдарды өзі ғана жасап қоймай, сондай көзқызықтырар дүнияларды жасауды алғыр да ынталы шәкірттеріне де жасатуда биіктерге қол жеткізді. Әсіресе ұлттық нақыштарға толы сандықтар, ас үйге арналған ағаш ыдыс құралдары, қасиетті домбыра неге тұрады десеңізші! Ал жаңғақтың қабығын, асбұршақты, қауын-қарбыз шемішкесін және басқа да ұсақ-түйек қарапайым заттарды бұйымдарға үйлестіре орналастыру шеберлігі әм одан шыққан бұйымдар өз алдына бір ғанибет. Ол аз десеңіздер бояумен салынған сурет туындылары қандай тамаша!..

1997 жылдан бері Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде технология, бейнелеу өнері, сызу пәндерінен мұғалім болып қызмет жасауда. Міне он бес жыл бойы абыройлы да қажырлы еңбек арқылы берісі аудандық, арысы аймақты, тіпті республикалық көлемде өзі де, шәкірттері де танылып отыр ғой. Айталық, былтырғы оқу жылында Жұмашев Асхат сынды өнерлі шәкіртінің жасаған бұйымы республикалық байқауда жүлделі бірінші орынға ие болды. Бұдан басқа Болатқожинов Ернұр, Шаймұрат Айбарыс, Жанпейісов Әнуар, Уапов Арлан сияқты шәкірттері де соңғы кезде ұстазының үйреткенін бойларына сіңіріп, өз туындыларымен өнегелі ұстазының сенімін ақтап жүргені қуантады.

Ал Ерағаның үр жаңалап бағындырған белестері де, асулары да сүйсіндіреді: Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай білім беру мекемелерінің ұстаздар қауымы арасында бейнелеу өнерінен өткізілген «Менің Қазақстаным» атты облыстық сайыста Павлодар облыстық педагог қызметкерлердің біліклігін арттыру институтының І дәрежелі Дипломымен, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай Лебяжі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін аудан әкімі Құрманова А.А. Құрмет грамотасымен, аймақ басшысы Е.Арынның өкімімен «Павлодар облысына 75 жыл» мерейтойлық медалімен биыл марапатталса, былтыр Алматыдағы Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелеік орталығының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты республикалық балалардың шығармашылық көрменің аясында өткен шығармашылық шеберханалар мен шеберлік сабақтарына қатысқанын растайтын Сертификатпен, Павлодар облыстық мәдениет басқармасының халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар шығармашылығының «Сені жырға қосамын, туған өлкем» атты ІІ облыстық фестивалінде ең үздік өолөнер жұмыстарын көрсеткені үшін Алғыс хатпен, Павлодар облыстық білім беру басқармасының аймақтық «Атамұра» сәндік-қолданбалы шығармашылық көрмесіне жүлдегер дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Ал баянды болашақтағы болжамын Қанат Қайроллаұлы былайша түйіндеп отыр: «Ұлттық өнерді жаңғырту жолында аянбай еңбек етуге өскелең ұрпақтышақырамын. Шәкірттерімді үйретуден қалыс қалмай, қайрай түсемін. Бағындыратын биіктер, алар асулар алда».

Асылы, Ерағаның һәм шәкірттерінің ерен еңбегі ерлей де, өрлей де берсін.   

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 834 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: