10:08
Жаныңда жүр аяулы жан

ЗУРА АПАЙДЫҢ ҰСТАЗДЫҚ ҰЛАҒАТЫ

Өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруді өмірінің басты бөлігі деп білетін ұстаз – сауапты істің нағыз иесі. Қисыны қаншалықты қиын, соншалықты қызықты іске бар ғұмырын сарп еткен осындай тұлғалар екі дүниеде де төрден ойып тұрып орын алып, шексіз қошеметке бөленері сөзсіз.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде осымен қырық екінші жыл табан аудармай мұғалімдік жұмысты абыроймен атқарып жүрген Қапанова Зура Нығманқызы есімді математика пәнінің ұстазы бар. Сонау 1971 жылы Павлодар педагогикалық институтын тәмамдаған Зура апай биыл 65 жастың шыңына шығып отыр.

Тал шыбықтай үлбіреген жас кезінде бұлақ көзіндей бастау алған педагогикалық еңбек қайнары жылдар жылжи адуынды арналы дарияға айналып та үлгерді. Бір адамға бергісіз ғұмырлық мерзімді бойына жинаған сондайма өтіл ішінде бірнеше түлекті өмір атты керуенге жолдама беріп қана қоймай, математиканың сарқылмас білім қорын бойларына ұялата білген Зура Нығманқызында арман бар ма, шіркін!

Сонау барсакелмеске кете барған Кеңес Одағы кезінде мамандығына деген асқан ынта-талабымен, қажыр-қайратымен көзге түскен мұғалима сол кездің өзінде аймақтық, аудандық білім бөлімі тарапынан көптеген мадақтамалармен марапатталып, көзге түсті. Оқытудың қызықты да тиімді әдіс-тәсілдерін ізденіп жүріп әрі жаңартты, әрі жаңғыртты. Өзіне тапсырылған пән дәрісханасын оқушыларға пайдалы көрнекілік құралдармен жабдықтап, әр сыныпқа қажетті әдістемелік нұсқаулықтармен толықтырды. Өршіл жастықтың қызуымен сол заматта айбыны асқақтап тұрған жастардың комсомол ұйымының да белді де белсенді мүшесі бола білді ғой...

 Содан бері заманның лебі өзгеріп, жаңаша замат жауқазын-қызғалдақтай қаулап та қойды. Зура апай да өмірдің шыңына шығып, ұстаздық ұлағатымен соншалықты танылып, зейнеткерлікке қол жеткізді. Дегенмен бойдағы сарқылмас кендей қалыптасқан пәнді оқытуға деген құлшыныс Зура Нығманқызын жай отырғызбауда. Алпыстың бел ортасына келсе де, оқушыларға математиканы игертуде аянбай еңбек жасауын болғанның үстіне болдыра түсуде. Шәкіттерге деген ерекше махаббатын, мейірімін нұр-сәуледей төгіп, әр күнгі әр сабақтан өміршеңдік күш-қуат, дауа-шапағат алып, өзінің ұстаздық ұлағатымен ізін әлдеқашан өкшелеп басып келе жатқан әріптестеріне таутұлғалы үлгі де, өркенді өнеге де.

Бір жақсысы, әлі күнге дейін мектепті әлдеқашан бітіріп кеткен шәкірттері Зура апайды ылғи мақтап-мадақтап, алғыс-ризашылықтарын ғаламтордағы әлеуметтік желілерде де, ауылға ат басын бұрып келген кезде де ұдайы білдіріп жүр. Асылында, Абайша «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегені Зура Нығманқызы сынды аяулы тұлғаға барынша телінген ғой.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББМ оқу істері меңгерушісі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 2784 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: