09:55
Жадыда жүрсін жатталып...
Білгенге – маржан (жалғасы)
Геральдика тарихында бұрын-соңды болмаған Қазақстан елтаңбасындағы қандай бейне ? Шаңырақ тектес елтаңба бұрын-соңды әлемдік геральдика тарихында болмаған. Қазақтың қасиетті қара шаңырағының бейнесі бүтін қазақ елінің символы іспеттес. Қара шаңырақ-біздің ұлттың алтын бесігі. Асыл діңгек аман болса, алтын бесік мәңгілік өмір жырымен тербеле береді деген ұғым бар. Қазақстан елтаңбасындағы бесбұрышты жұлдыз нені білдіреді? Тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей ашық, әлемдік өркениет көшіне өз болмыс-бітімімізді сақтай отырып ілеспек ниетіміз бар дегенге мегзейтін бесбұрышты жұлдыз. Бесбұрыш формасы Күлтегін ескерткішінде де қолданылған. Аспан денелерін, әсіресе, Күн мен Айды, одан кейін жұлдыздарды кие тұтатын халқымыздың «бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсін» деген асыл арманын да арқалап тұр ол. Ту деген не? Ту («флаг» нидерл.) ағаш сапқа немесе бауға ілінген белгілі бір түсі, көбіне эмблемасы бар мата. Мемлекеттік ту дегеніміз не? Мемлекеттік ту- елдің Тәуелсіздігін білдіретін ресми билік нышан. Тудың сипаттамасы қайда тіркеледі? Мемлекеттік тудың негізгі сипаттамасы Конституция бойынша бекітіліп, тіркеледі. Мемлекеттік тудың негізгі элементі оның түсі екендігі де дау тудырмаса керек. Ең көп тараған деректер бойынша, мысалы, қызыл ту ерлік таныту, күрес, қауіп төндіру, бас көтеру және шу шығару деген ұғымдарды береді. Ақ ту-бейбіт ниет, жауға қарсыласпай берілу, қара ту-қайғы, жоқтау және қарсылық білдіру белгісі деп саналады. Түстердің діни мағыналары да бар. Ақты-христиандар, жасылды мұсылмандар, сарғыш қызылды буддаға табынушылар қасиет тұтады. Әр халықтың, әр ұлттың жанына жақын, айрықша қастерлейтін өз баяуы, өз түсі де болады. Осыған орай ұлттық бояу деген ұғым кең тараған. Оның терең танымдық мәні, қолдану үрдісі және әріден бастау алатын төл тарихы болады. Әдетте, ұлттық бояу ұлттық өнер туындыларында, ою-өрнектерде, киім-кешектерде, тұрмыстық заттарда жиі қолданылады. Ол сол себепті халықтың табиғи болмыс-бітімі мен мінез-құлқынан да хабар беріп тұрады деп есептеледі. Мысалы, Испания туларындағы өрекпіген қызыл-сары бояулар испан халқының қызу қанды мінезіне үйлесер болса, Финляндия туларындағы ақшыл, көгілдір түс фин халқының бойындағы салқын қандылық пен сабырлылықты сездіретін көрінеді. Қазақстан туының көк түске боялу себебі? Танымдық тұрғыдан алғанда, қызыл-оттың, жылу мен қанның, жасыл-шөптің, өсімдіктің, қара-жердің, суықтың, қараңғылықтың, ақ-судың белгісі болып саналса, зеңгір көк-аспанның, ауа мен құрлықтың белгісіне баланады. Алғашқы геральдистердің бірі Ансельм жасаған кесте бойынша, ол-адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны, әрі осы реңдес ту көтерген елдің саясатына ерекше сенім көрсетуге болады деген ойға жетелейді. Қазақ жерінде ту қашан пайда болды? Ту көтерген батыр бабалар бейнесі сонау ерте замандарда жартаста сызылған суреттерде айқын бейнеленген. Көне ұғымдарды былай қойғанда, аттары бүгінге дейін жеткен Мөде, Бумын және Елтеріс, Жәнібек пен Керей, Қасым мен Есім хан, Тәуекел мен Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай сынды ел билеушілеріміздің, қол бастаған баһадүрлеріміздің қай-қайсысының да өз байрағы болғаны мәлім. Байрақтың түсіне келер болсақ, «Көк асаба» аталған көне байрақ түсі исі түркі халықтарының түп атасы кие тұтқан Көк аспан әміршісінің белгісіне баланса, түркілердің тағы бір табынары-көк бөрі бейнесі де тудағы таңбаға айналған. Қазақ даласында көтерілген байрақ, тулар да бір тектес болмаған, әрине. Ұзақ уақыт бойы арнайы сөз етіліп, қасиетті жәдігер ретінде құнтталмағандықтан да, ел ішінде көбіне Абылайдың ақ туы ғана ауызға алынады. Дегенмен, тек төрелер ұстаған тулардың өзі әр алуан болған. Мысалы, араб, парсы, түркі және қытай жазбаларына сүйене отырып, олардың қызыл, көк, ақ, ала тулы болғанын білеміз. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының ресми анықтамасы? Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі, қыран көңіл халқымыздың асыл арманын арқалаған дала бүркіті мен рухани болмысымыздың жарқын бір көрінісі болып табылатын ұлттық өрнек-сондай айтары мол астарлы айшықтар. Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тікбұрышты көгілдір түсті мата. Оған қоса, Туды сабының тұсынан ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түсті болуы керек. Тудың ені мен ұзындығының бір-біріне қатынасы ½ бөлшегімен өрнектеледі. Яғни, ені-1,5 метр болса, ұзындығы 3 метр болады. (жалғасы бар) жиған-терген ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ http://www.shakhibbeker.ucoz.kz
Просмотров: 1460 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 2.5/2
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: