09:14
Уақытыңды басқар

АДАМНЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ мен ӨМІРІНІҢ КЕЗЕҢДЕРІ        

Жастық шақтың алғашқы кезеңі бозбала мен бойжеткеннің балиғатқа толған жасымен тұспа-тұс келеді. Ал балиғат жасына жеткен жеткіншекке бес уақыт намазын үздіксіз оқуы, Рамазанда ораза ұстауы, қаражаты жеткен жағдайда зекетін беріп, қажылыққа баруы парыз болып саналады. Сондықтан бұл жастағылар уақытын жоспарлағанда осы міндеттеріне қарай икемделуі қажет. Бір күндік уақытын жоспарлау барысында күнделікті оқылатын бес уақыт намаздың уақыттарын назарға алуы тиіс. Басқа істерін соған қарай реттеп үйренгені жөн. Бір жылдық уақытын жоспарлау кезінде Рамазан айының парыз оразасын есепке алуы қажет болады. Осылайша балиғат жасқа толғаннан бастап адам баласының уақытын жоспарлауы ең алдымен діни міндеттеріне байланысты болғаны абзал.

Жастық шақтың бастапқы бірнеше жылдарымен адамның мектептегі кезеңі аяқталмақ. Жалпы мектеп партасында отырған жылдарында алдымен ата-ананың көмегімен, кейіннен өз күшімен уақытты жоспарлауды әрі соған сай тиімді пайдалануды үйренуі қажет. Бұл адамның өмірінің кейінгі кезеңдерінде аса қажет болады. Мектеп кезінен күн тәртібіне үйреніп, сабаққа дайындалатын, кітап оқитын, ата-анаға қолғабыс ететін, демалатын, достармен бірге болатын уақыттарын жеке-жеке белгілеп, реттеп қоюға дағдыланғаны жөн. Осы арқылы бала оқуда озат, ата-анаға көмекші, достардың арасында сыйлы болып өсіп жетіле алады.

Болар бала он бесінде баспын дер,

Тозар жігіт отызында даспын дер.

Ал жастық шақтың одан кейінгі кезеңі адамның жоғары білім алуға ден қойған кезіне сай келеді. Бұл кезеңде уақытты жоспарлауды маңызы бұрынғыдан да арта түспек. Жоғарғы оқу орнының қабырғасында берілген жылдардың ішінде барынша жан-жақты білім алып, үлкен өмірге жалғыз аяқ баса алатындай дәрежеде рухани және ғылыми түрде дайындалуы қажет. Бұл кезең арнайы осы қажеттіліктерін үйренуге мүмкіндік пен уақыт берілген шақ болып саналады. Бұл кезең өтіп кеткен соң тиімді пайдаланбағанына өкініп, сан соғып қалмас үшін уақытын жоспарлы қолдана білуі аса маңызды. Өзінің таңдаған ісінің білікті маманы болып шығу үшін толыққанды білім алумен қатар, барынша қосымша ізденіп білімін шындай түсуі қажет. Одан кейінгі жұмыс пен үлкен өмірге рухани тұрғыдан әрі адамдық жағынан бейімделу үшін діни әрі танымдық, жан-жақты жетілуіне септігін тигізетін кітаптар оқып, ой-өрісін кеңейте түсуі маңызды. Бұлардың барлығына шектеулі уақыттың ішінде үлгере алу үшін уақытты жоспарлаудың қажеттілігі бұлтартпас жайт.

Жастық шақтың бел ортасынан кейінгі кезең – адам баласының өз бойын өзі алып жүре алатын, бір істің маманы болған, бір отбасының іргесін қалаған жан атанатын шағы. Бұл кезеңде адам үшін уақыт бұрынғыдан да қысқа, ал орындау керек іс бұрынғыдан да көп болып көрінеді. Расында да солай, жас ұлғайып, жауапкершілік артқан сайын атқару керек істер де көбейе бермек. Және мұның бәрін де үлгеру үшін уақытты жсопарлы қолданудың қажеттілігі мен маңызы артқан үстіне арта түседі.

Кемелдену жасындағы адамның жастық шақтың соңғы кезеңдерінде басталған жұмыс және отбасылық міндеті жалғасын таба бермек. Тек жас үлкейген сайын өмірде өз орнын қалыптастырған жан болуға талпынғаны дұрыс болады. Қазақтың «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген сөзі осы жастағы жандарға қарата айтылғанын көре аламыз. Отыз жасында кемелденуге аяқ басып, қырқында белгілі бір нәтижелер мен жетістіктерге жетуі, одан кейін елуге келгенде ел ағасы ретінде беделге ие бола алуы тағы да уақыттың дұрыс пайдалануына байланысты болмақ.

Ал жасы алпысқа жетіп, «Пайғамбар жасына» келдім деген жандардың балиғат жасына толғаннан бастап атқарып жүрген ғибадатын еселей түсіп, «ертеңгі күнге» қамданғаны абзал. Себебі Алла Елшісі (с.а.с.) «Алла Тағала алпыс жыл ғұмыр берген пендесінің ешбір сылтауын қабыл алмайды» деген. Сонымен қатар бұл жас «балам – балым, баламның баласы – жаным» демекші, жанындай болатын немере сүйіп, оған да Пайғамбардай (с.а.с.) мейірімділік танытып, қызығына тоймай отыратын шағы деуге болады.

Кәрілік кезеңіне жеткен жанның сол жасқа жеткізген Раббысына шүкір етіп, құлшылығына барынша көңіл бөліп, өскелең ұрпаққа дуалы аузымен асыл өсиетін айта отырғаны өзіне жарасар іс.

Ақылды қария – ағып жатқан дария.

(мақал(

Аманат болған жанын Иесіне тапсырып, о дүниелік болған уақытта жуындырылып, кебінделіп, жаназасы оқылып, жерленуі артында қалған ұрпағына міндет болмақ.

Осыдан соң адам үшін қабір өмірі басталмақ. Қияметке дейін бәрзах әлемінде күткен соң, қиямет күні Алланың құзырына жиналып, есеп беріп, соңғы тұрағы болатын жаннат не тозаққа кірумен адам жанының өмір сүру кезеңдері ақырғы нүктесіне барып тоқтайды. Ал бұл соңғы кезең мәңгілікке жалғасын таппақ.

Мезгілсіз таң атпайды,

Уақытсыз жан шықпайды.

(мақал)

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 181 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: