16:47
Уақытыңды басқар

АДАМНЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ мен ӨМІРІНІҢ КЕЗЕҢДЕРІ        

Бала сәби кезеңінің соңына дейін жүруді үйренеді, жайлап сөйлей бастайды. Осылардың уақытына сай баланың өз еркімен отыруын, еңбектенуін, тәй-тәй басып жүруін қадағалауға тырысу керек. Және алғашқы сөздерін қадағалап, ең бірінші сөзі дініміз бойынша құпталғандай «Лә иләһә иллаллаһ» болуына көңіл бөлген жөн.

Екі жастан асып бүлдіршін кезеңге аяқ басқанда да сол кезеңнің ерекшеліктеріне сай ата-ана баланың тәртібі мен уақытына көңіл бөлуі қажет. Айналасын танып білуге құмартқан баланың сұрақтарына байыппен сабырлы түрде жауап беріп, ненің не екенін үйреткен абзал. Сөздерді дұрыс қолданып, сөйлемдер құрап, өз ойын айтып үйренген шағында қысқа сүрелер мен дұғаларды жаттата бастаған жөн. Одан біраз есейгенде діни түсініктер мен терминдерді үйретіп, баланың санасына сіңіре беруге болады. Бұл кезеңде баланың санасы мен есте сақтау қабілеті ақ парақтай таза болғандықтан, Құран, хадис жаттатын болса, бірден қабылдап, тез арада есіне ала алады. Қарап отырсақ, Ислам әлеміне танымал көптеген ғұламалардың балалық шақтағы уақыттарын бос өткізбей, кішкене жасынан бастап діни білімге ден қойғандарына, Құран жаттағандарына куә боламыз. Оқу, есеп, грамматика, логика секілді ойлануды қажет ететін ілімдерді сәл есейгенде қолға алу керек. Бұл тұрғыда баланың уақытын жоспарлауға әлі де ата-анасы көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс. Баланың уақытын босқа пайдасыз дүниелермен өткізуіне жол бермей, рухани жан дүниесін әрі ақыл-ой, зеректігін дамытатын істермен шұғылдандырып, қажет кезінде сергіп ойнауына да жағдай жасап күнін жсопарлап бергені жөн.

«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас».

Халық даналығы

Оңы мен солын ажырата бастаған тәмииз жасына келген бала көп нәрсені үйреніп, түсініп, қабылдай алатын болады. Соны ескерген Алла Елшісі (с.а.с.) «Жеті жасына келгенде балаға намаз оқуды бұйырыңдар» деген. Сонда жеті жас – балаға намаз оқуды үйрете бастау қажет уақыт. Бала балиғат жасқа толғаннан бастап намаз оқып кету үшін оған ертерек осы жеті жастан бастап үйрете беру керектігін ескерткен. Әйтпесе, оған дейін еш нәрсе үйренбеген не қабылдамаған бала балиғат жасына толған күні парыз болған ғибадатын бірден бастап кетуі қиынға соғады, тіпті мүмкін емес деуге болады. Сондықтан ата-ана бұл мәселеде қырағылық танытып, бұдан былай баланың күн тәртібі мен уақыт жоспарына бес уақыт намазды қосып үйретуге тырысуы қажет. Рамазан айы келгенде немесе аптаның ішіндегі күндері ішінара балаға ауыр тимесе, ораза ұстауға баули бергені дұрыс. Бұл жаста бала жақсылық пен жамандықты ажырата бастайтындықтан, діни тұрғыдан жақсылық, ізгілік саналған нәрселер мен жамандық, зұлымдық есебіндегі жайттарды ұғындырған абзал. Адамдағы ең абзал қасиеттердің бірі саналатын ұят сезімі де осы жастан бастап қалыптаса алады. Осының барлығына ата-ана барынша көңіл бөліп, үйрету мен түсіндіруді баланың күн тәртібіне енгізіп қойғаны жөн.

Мураһиқ жасы – балиғатқа толғанға дейінгі кезең. Балиғатқа толу жасы (қыз балада 9 жастан басталса, ұл балада 12 жастан басталады) адамға байланысты әртұрлі болатындықтан, ең кеш уақыты саналған 15 жас есепке алынған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Балаларыңыз жеті жасқа келген шақта намаз оқуға бұйырыңдар. Олар он жасқа келгенде намаз оқымаса, ұрыңдар. Төсекте олардың жатын орнын өлек жатқызыңдар» деген. Бұл хадистегі «ұру» деген сөз он жастан ары қарай намазды толық оқытуға барынша көңіл бөліп, маңыздылығын түсіндіріп жеткізу қажеттігінен ұғындырса керек. Және осы жастан бастап балалардың жыныстық ерекшеліктеріне көңіл бөліп, тәртібі мен уақытын соған сай қадағалау қажеттігі туындайды.

Бұл жас аралығы көбіне өтпелі кезең ретінде танылған. Ата-ана осы кезеңде баланың тәрбиесі мен күн тәртібіне аса мұқият көңіл бөлуі қажет. Бір жағынан күн тәртібін өз бетінше жасауына, уақытын өзі жсопарлауына мүмкіндік беріп, екінші жағынан сырттай қадағалап отырғаны жөн. Өтпелі кезеңде әртүрлі жағымсыз әдеттер мен қылықтар байқалуы мүмкін болғандықтан, баланың сол өтпелі кезеңнен дұрыс шығуына жіті мән беруі қажет. Осы кезеңде бала өз күшімен уақытын дұрыс жоспарлауды үйрене алса, оның мойнына жауапкершілік жүктелетін алдағы өмірінде де уақытын тиімді өткізу әдеті қалыптаспақ. (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 190 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: