11:34
Уақытыңды басқар

НАМАЗДЫҢ МАҢЫЗЫ

Намаз арқылы түн мен күндіз сырлы тәртіпке орнығады. Өмір ғибадатқа негізделген уақыт түсінігіне сәйкес реттеледі. Сол арқылы әрекеттеріміз Алланың бақылауында көркем түрде тәртіпке келтіріліп, ғибадаттан тыс істеріміз де ғибадат бояуымен боялып, құлпырып сала береді.

Алла Тағала құдси хадисте былай бұйырады: «Сенің үмбетіңе бес уақыт намазды парыз қылдым. Өз-өзіме берген сөзім бар: Кім сол намаздарды дәл уақытында оқитын болса, оны міндетті түрде жаннатқа кіргіземін. Ал кім ол намаздарды сақтай алмаса, оған берілген ешқандай сөзім жоқ». Ал Оның Елшісі (с.а.с.) өз кезегінде мынаны айтып өтеді: «Намаздың алғашқы уақыты – Алланың разылығын, ортаңғы уақыты – Алланың мейірімін, соңғы уақыты – Алланың кешірімін алуға себеп болады».

Намаздарды алғашқы уақытында оқу – мүміннің назарында жүруі тиіс аса маңызды мәселелердің бірі. Аяғын әрең басып, намазды соңғы уақытына дейін кешіктіру және көңілсіз түрде оқып тастап, тезірек құтылуға тырысу – мүмінді мұнафықтыққа апаруы мүмкін қауіпті жағдай.

«- Амалдардың мәртебелісі қайсысы?

  • Алғашқы уақытында оқылған намаз».

(хадис)

«Құптанды жамағатпен оқыған түннің алғашқы жартысын және таң намазын жамағатпен оқыған адам түннің екінші жартысын ғибадатпен өткізгенмен тең болады». Олай болса, намаздарды уақытында оқу ғана емес, мешітте яки үйде жамағатпен оқудың да маңызын есте ұстағанымыз жөн екен. Әсіресе, адам баласы ұйқының құшағына берілгісі-ақ келетін осы екі уақыттағы намазға аса мән берілген.

Намазды тастап кетуге келер болсақ, оның ешқандай ақылға сияр сылтауы мен себебі бола алмайды. Соңғы демімізді беретін сәтке дейін намаз тұрғысында көкірегіміз үнемі ояу болуы керек.

Амал дәптерін ізгі амалдарға толтырып, жаннаттағы жоғары дәрежеге ие болғысы келетін мүмін асығып, уақытын тиімді пайдалануы керек. Мүмкіншілігін толық пайдаланып, күші жететін ізгі амалдардың бәрін мүлт жібермеуге тырысуы қажет. Бірақ жақсылықта жарысамын деп жүріп, кем-кетік, шала-шарпы істей салу дұрыс емес. Өйткені Алла Тағала істелген әрбір істің дұрыс және тиянақты орындалғанын қалайды.

Атақты ғалым Алийул-Қари бұл жайында мынадай түсініктеме береді:

«Алланың әмірлеріне бет бұру тұрғысында асығу мен оларды орындау барысында асығыстық жасау – екеуі екі түрлі нәрсе. Бұлардың біріншісі – жақсы, мақталған іс, ал екіншісі – датталған іс».

Яғни, намазға асығу керек, ал намазда асығуға болмайды. Сонымен қатар айналамызда жүрген кейбір кісілердің «Намаздың шығуына қанша уақыт қалды?» деген бір сұрағы олардың намазға қарым-қатынасын көрсетіп беретіндей. Намаздың уақыты өтіп кетпесе болды, әйтеуір бір оқырмын деген көзқарас адамның намазға деген жауапкершілігінің жеткілікті болмай жатқанын меңзейді. Мүмін адам «Намаздың кіруіне қанша уақыт қалды?» деп намазға алдын-ала дайындалып, қырағылық танытқаны жөн. Жалпы сұрақ қою тәсілін осылай өзгертудің өзі адамның ең абзал ғибадатына деген қарым-қатынасын өзгертуге септігін тигізетініне сенеміз.         

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

Просмотров: 235 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: