12:41
Тіл - күретамыр

АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН...

Ауру қалса да, әдет қалмайды.

Күнделікті ауызекі сөйлеу стилінде жан баласы қолданатын сөздер түрлілігімен, мол нұсқалылығымен, шұбыртпалы-шалмалы түзілуімен, аралас-құралас тізбелілігімен кімді тамсандырады, кімді таңдандырады, кімді жирендіреді, тағысын тағы. Дегенмен кей сөздерді орынсыз қолданысқа түсіріп алу – үрейлендіреді.

Бірде бір таныспен жүзбе-жүз тілдескенде өзі қызмет жасайтын мекемеге азуы алты қарыс һәм мүйізі қарағайдай комиссия тексеріске келетінін айтып, сөз соңында «өлтіретін болды» деп қағып қалмасы бар ма. Әрине келтірінді-ауыспалы мағынада қолданғанын білдім. Сөз арасында айтылғанмен, естір құлаққа жағымсыз екен біртүрлі.

Сол сияқты кей ата-ана өз баласы қандай да бір оғаш қылықты байқаусызда жасап қойса, жерден алып, жерге салып, ұрсып-жекіп, соңында «ендігәрі бұлай жасайтын болсаң, өлесің» деп бадырайған нүктесін қояды.

Қандай да бір ұзақ сапардан шаршап-шалдығып жеткен қайсыбіреу «өлдім-талдым дегенде жеттім-ау» дегенін де естиміз.

Тірлік тауқыметі түрліше жағдай-жағдаяттарға толы. Қымқуыт шабыс, олжалы табыс, отбасындағы ая, жанұялық ұя, қызметтегі қарбалас, қатардан қалмаудағы жанталас – бәрі-бәрі өмір заңдылығы. Қайсыбір жанұядағы отағасы мен отанасы арасында келіспеушіліктер орын алып отырады. Осынау қарбаластан қажау көріп жүрген екеуінің біреуі сергу мақсатымен бе, әуестену әлегімен бе ішімдік атаулыны мерзімінен асыра артық сілтеп жіберіп, айрандай ұйыған берекені ірітеді. Сондай қызба сәттерде ұрыс-керіссіз болмайды тағы. Бір-біріне айбат шеккен әлгі екеуі нешеме қарғыс сөздерді оқтай жаудырады. Сондай айтылымдар ішінде «құрып кет, өліп кет» дегендері де қол ұстаса-қолтықтаса жүреді. Мүмкін «жаман айтпай, жақсы жоққа» жетелейді шығар.

Жалпы өлімді шақыру жақсылыққа жеткізбейді. Мұндай дисфемизмдерді үйреншікті түрде қолданғанша, оларды « жақсылап тұрып тексеретін болды», «тәртіпке саламын», «әйтеуір жеттім-ау», «осыңды тоқтатпасаң, болмай ма» деп тізбектеліп келетін эвфемизмдермен ауыстырса, «қасқыр да тоқ, қой да аман» болары анық.

Сөздерді орынды саптау оларды орын тәртібін сақтауды, мазмұн-мағынасына қарай дұрыс қолдануды талап етеді. Адам санасын жаулап алған ғаламтордағы кейбір комментарийлерде де әдеби нормадан алшақтап кеткен сөздер жетіп артылады. Әлеуметтік желілерде отыруға әдеттенген жұрт та өзара-ортақ хат-хабар тілдесімде сананы тауға да, тасқа да ұрғызатын небір сорақы-дөрекі сөздерді оңды-солды ұсынады кеп. Арагідік жаңарып қылтиятын блог-микроблогтардағы тұтас сөйлем түрінде жарияланымдарда тіл мәдениеті әлі де ақсандауда. Оған кедергі сол дөрекі-былапыт сөздер. Қайсыбіреулер оларды сән көре ме, өзінше мән санай ма қалай.

«Тіл сүйектен де өтеді» дейді халқымыз. Бір халықта «Тіл сүйексіз» деген тағы бар. Ойды жинақтай келе, тілдесім мәдениетін, сөз әдебін, сөйлесім әлеуетін адами тұрғыдан сапаландыру үшін талпынсақ жетпей ме. Сіздер қалай ойлайсыздар?    

ШАҺМАНТЕГІ Бегімхан

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1146 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: