23:37
Татулық, достықтың киелі бесігі

ДОСТЫҚТЫҢ ДАРХАН ҰЯСЫ

Бауырмалдық жағынан қазақ халқына жетер ұлт жоқ шығар.

Әлбетте, Қазақ елі – татулық, достықтың киелі бесігі. Саясаттың қамшылауымен қуғын-сүргін, күштеп көшіру зардабын тартқан бірталай ұлт өкілдерін кеудеден итермей, керісіңше, бауырына басып, қолда барымен бөлісіп, өмір сүруге деген ұмтылыстың ұшқынын сыйлаған да осы қазақ халқы ғой. Көптеген ұлт пен ұлыс ынтымақтастықта, бірлікте, достықта ғұмыр кешіп отыр. Осынау көз қызығарлық деңгейге жетуіміз – аса маңызды жетістігіміз!

Мамыражай мамыр елімізде Қазақстан халықтары бірлігі күні мерекесімен бастау алып келе жатқаны бүгін емес. Ірілі-шағын елді мекендер атаулы мейрамды атап өтуді игі дәстүрге айналдырғаны қашан. Бесқарағай ауылында да бұл үрдіс-үдеріс өз даңғылынан адасқан емес. Биылғы мереке «Достықтың дархан ұясы» деген зор атқа ие болды.

Жаймашуақ Күннің жылы сәулесімен нұрланған бесқарағайлықтар орталық көше бойымен Бейбітшілік шеруін өткізді. Үлкені бар, жасы бар қолдарына Мемлекеттік Туымыздың шағын жалаушаларын, түрлі-түсті шар ұстап, бір адамдай шаттық-қуанышта, тату-ынтымақтастықта адымдап, мектеп алдындағы импровизацияланған сахна алдына жиналды. Жастар саясаты істері бойынша инспектор Г.Сейітова мен мектептің аға тәлімгері А.Ахметовтің елдігімізді әспеттейтін ұран сөздерінің жаңғырығымен рух һәм жігер алды.

Мерекелік концерт басталмас бұрын Қызылағаш ауылдық округі әкімі Ж.Байтілеуова өзі бас-көз болып отырған ауыл тұрғындарын Қазақстан Республикасы халықтары бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, жуырда ғана өткен кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президенті сайлауында сөзсіз жеңіске жеткен Н.Назарбаевтың жеңісіне үлес қосқан бесқарағайлық сайлаушыларға шексіз ризалығын білдірді де, баянды болашақта игі жақсылықтарды тіледі.

Концерттік бағдарлама бастауыш сыныптар оқушыларының әдеби монтажымен ашылды. Онда Отан, Атамекен, Достық, Ынтымақтастық, Бірлік, Татулық атты асыл қасиеттер балдырғандардың балдай тілімен асқарлады. Ал көркемөнер көрсетуде тәрбиеші Л.Сейітова тәрбиелеп жүрген мектепалды даярлық тобының кішкентай бүлдіршіндері қадірменді көрермендер ықылас-ризығына мейілінше бөленді. Алдымен олар қазақ және орыс тілдерінде әйгілі де танымал «Әрқашан күн сөнбесін» әнін майын тамызып тұрып әдемі шырқаса, сәл кейіндеу тәрбиеші апайлары Ләйлә Қазбекқызы орындаған «Хуторянка» әнін жарасымды би жағынан сүйемелдеді. Бұдан басқа орыс тілінде білім алып жүрген 3-4 сынып оқушыларының, 6-7 сынып оқушыларының, қазақ тілінде оқып жүрген 2-3 сынып оқушыларының, 4-сынып оқушыларының хормен орындаған тамаша әндері де мерекені әрлей түсті. Ал 2-сынып оқушысы Ахметова Ділназ бен 3-сынып оқушысы Аман Торғынның өзбек биі, орыс тілінде оқып жүрген 3-4 сынып оқушыларының орындауындағы орыс биі және қазақ тілінде оқитын 4-сынып оқушылары Зейнолла Гүлзира мен Серікпай Айдананың орындауындағы қазақ биі сахнаны көркемдік жағынан әсемдетті.

Бір сөзбен айтқанда, биылғы 1 Мамыр мерекесін мейрамдатуда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары, күміс көмей әншілік өнерімен әбден танымал мектеп тәрбиешісі Л.Сейітова асқан белсенділік танытты.       

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1191 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: