12:29
Тарихи түптөркін

Арқалық – 1963 жылдан Қостанай облысындағы қала. Оның іргетасы 1956 ж. поселке ретінде Торғай боксит кенін игерумен байланысты қаланған еді.

Жағрапия маманы Ғ.Қоңқашбаевтың айтуына қарағанда, «арқалық – жалдары тегістеу, бірдей, аласа келген жота, қырат».

Сол жерде туып-өскен, жер жағдайын өте жақсы білетін Ә.Нұрмағамбетовтың «Арқалық» атауына берген анықтамасы ғылыми тұрғыдан тиянақты да нанымды деп бағалаймыз. «Түркі тілдері материалдарын салыстыра келіп, олардың көбіне арқалық сөзі «таулы», «таулы жер», «жоталы», «биік», «үстірт жер» деген мағына беретінін көрсетеді. Арқалық өз атауы орналасқан жердің бедеріне байланысты иеленген, дәлірек айтқанда, түркі тілдерінде ертеректе жоталы, үстіртті жерлер арқалық сөзімен аталған деуге болады», - деп пайымдаған.  

 

Арыс – Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұзындығы 346 км, су алабы 13870 км2 ағынды өзен. Арысқа бірнеше өзен құяды. Олар: Ақсу – ұзындығы 130 км, алабы – 907 м2; Бадам – ұзындығы 141 км, алабы – 4329 км2; Машат – ұзындығы 60 км, алабы 561 км2; Жабағылысу – ұзындығы 38 км, алабы 221 км2; Қарағашты – ұзындығы 29 км, алабы 231 м2; Орбұлақ – ұзындығы 18 км, алабы 56 км2; Сарыбұлақ – ұзындығы 34 км, алабы 233 м2; Шұбарсу – ұзындығы 28 км, алабы 206 км2; Қабылсай – ұзындығы 45 км, алабы 1700 км2.

Осы өзен бойындағы арыс қаласы 1956 жылдан бері өсіп, көркейіп келеді.

Қызылорда облысында, Бетпақдаланың батысында ащы-тұзды, алабы 173 км2 көл аты да Арыс.

Арыс атауы – көне заманнан келе жатқан тарихи атау. Оның мән-мағынасын, шығу тегін тіліміздің сөз байлығына тән лексикадан іздеу өте қиынға соғады. Атаудың бірінші құрамындағы ар сөзі үндіеуропа және орал-алтай тілдерінде ar – «өзен» мағынасын білдірсе, екінші құрамындасы ыс тұлғасын да сол тілдердегі ос (-ус, -ас, -ыс) – «өзен, су» мәніндегі сөз екенін ғалымдар айтқан. Олай болса, Арыс атауының мағынасы «су, өзен» дегенге нақтылай түсу болашақа мамандардың борышы болмақ.

Әділхан Байбатшаның айтуынша: «Арыс тайпасы б.д.д. V-IV ғасырлар шамасында Қазақ даласының қастерлі ұлдарының бірі Үйсін бытыраңқы сақ тайпаларын біріктіріп құраған Ұлы одақтың (жүздің) құрамына кірді.

Сырдарияны Эллиндер арыс тайпасының атына байланысты Аракс деген. Ал солтүстікте Арысқұм, Арыс көлі арқылы Ұлытау, Көкшетау өңіріне дейінгі аралықтағы аймақты мекендеген Сақ тайпасы. Қазіргі арыс өзені, Арыс көлі, құмы осы тайпа мекендеп, атын қалдырған жер-мулар.

«Геродот Сырдарияны Аракс өзені деп осы аймақты мекендеген Арыс тайпасына байланысты атаған», - дейді Әділхан Байбатша. Бұл құнды пікірдің маңызды екенін ескере отырып, болашақ зерттеушілердің өз жұмыстарында пайдаланары сөзсіз.

 

Асы – жер, жайлау, өзен. Еңбекшіқазақ ауд., Алматы обл. Биік таудағы өзен аты да, жайлау аты да осылай аталады. Негізгі мағынасына зер салсақ, көне түркі тілінде jazi – «дала», «жазық», «кең алқап», өзб. яси – «жазық», түркім., әзербай. язы, язи – «дала», «жазық». Бұған қарағанда, Асы атауы әуел бастағы jazi, язы сөздерінің замандар бойы тіліміздің дыбыстық өзгерісіне ұшырап, тұлғалық жағынан түрленген қалпы деп қарауға болады. Осы Асы өзені ағып жатқан тау етегінің кең жазық екені де жер-су атының қойылу себебін дәлелдей түскендей.

Алайда Ә.Байбатша ғалым Ю.Зуев пікіріне сүйене отырып, оның сөзін: «Ассақатар, яғни асы тайпасы б.д.д. V-IV ғ. құрылған ұлы жүз одағының бірі болып, үйсін мемлекетінің құрамына кірген», - деген сөзіне жүгінген. Асылардың Сарыарқаны мекендегенін Ә.Марғұлан айтса, Жетісу өлкесінде, Асы өзенінің бойынан осы тайпаның ерте кездерден бергі қоныстарын археолог Т.Сенигова тапты. Демек, бұл пікірлерге қарағанда Асылар қазақ даласын мекендеген Асы атымен байланысты жер-су аттарының сол тайпа атынан қойылғанын байқауға болатындай.   

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 206 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: