22:21
Шағын орталық шапағаты

БҮЛДІРШІНДЕР АЛТЫН КҮЗІ

Міне-міне пердесі түрілгелі тұрған биылғы қоңыр қараша күздің жуырда өткен бір күнінде Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі жанындағы «Айналайын» шағын орталығында «Алтын күз» атты ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды.

Қылығымен қызықты, былдыраған-балбыраған тілімен тартымды бүлдіршін-тәрбиеленушілерді көріп-тыңдауға жиналған ана-әжелер қуанышында шек болмады. Тақырыпқа сай безендірілген әрі жарқын күннің жарығымен көрікті бөлме төріне жарасымды сәнді киім киген балғындай балдырғандар қаз-қатар тізіліп шыға келді. Балаларға деген Анаға тән жылы мейірімділік танытқан тәрбиешілер Л.Қ.Сейтова мен А.С.Абдоллаева өз кезегінде бас-көз болды.

Бастапқы бетте бүлдіршіндер өздері жаттаған шағын өлең шумақтарын мәнерлі түрде айтып, тақырыптық аясы өміршең әдеби монтаж тыңдатты. Көпшілік алдында еркін сөйлеуге үйрететін осынау әдістің кейіннен берер мүмкіндігі ұшаң-теңіз. Өлең оқудың ізін суытпай балдырғандар көңілді әнді көрермендерді қызықтыра хормен бір шырқап тастады. Одан соң көп тілге аударылып, атағы жер жарған «Бауырсақ» ертігісін сахналау өнеріне кезек келді бұл шарада. Сондағы Кемпір мен Шалдың, бас кейіпкер Бауырсақтың, одан қала берді Қоянның, Қасқырдың, Аюдың һәм Түлкінің рөлдерін сомдауда бал тілді тәрбиеленушілер барын салуға тырысып бақты. Тіпті бір балдырған еркелік танытып, Бауырсақ рөлін ойнаудан бас тартқан қысылтаяң сәтте тәрбиеші Ақтоты Серікқалиқызы тапқырлық көрсетіп, әлгі рөлді өзі ойнап шықты түбінде. Ал көрермендер қошемет-құрметінде шек болмады. Кейіннен бүлдіршіндер өзара жұп құрап, вальс биін тамашалатты. Үй тапсырмасы ретінде әр балдырған алдын-ала дайындап әкелген біртума сән үлгісінің небір түрлерін көрсетті.

Шараның соңында мектеп жанындағы «Айналайын» шағын орталығының әрбір тәрбиеленушісіне тәрбиешілер тарапынан «Алтын күз» қызығына белсенділік таныта қатысқаны үшін арнайы Диплом табыс етілді. Осылайша бесқарағайлық балғын-балдырғандар биылғы күзге деген ықылас-ниеттерін тағы бір мәрте тарту етті.  

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 790 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: