02:25
Сайлау - 2015

 АЗАМАТ БОЛУҒА МІНДЕТТІСІҢ!

Ұлы көршіміздің ақындық әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалған әйгілі Н.Некрасовтың «Ақын бол-болма, бірақ азамат болуға міндеттісің» деген қанатты сөзі бар. Ендеше:

  • «Ежелгі – Тұран, бүгінгі – Қыран» Қазақстан Республикасын туған жерім деп санасаң, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Жәнібек және Керей хандар іргесін қалап, соңынан ел тарихында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» атанған, Хақназар, Тәуекел, Жәңгір, Тәуке, Абылай хандар асқақтатқан Қазақ хандығының 550 жылдың мерейін құдіретін қадір тұтсаң, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Кең де дарқан даламызға сұқтана көз тігіп, сырттан анталаған жаумен найзаның ұшымен, білектің күшімен аяусыз шайқасқа түскен Қабанбай, Бөгенбай, Баян, Наурызбай, Кенесары батырлардың баһадүр ерліктерін құрмет тұтсаң, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Күркіреп күндей өткен Екінші дүниежүзілік соғыста, әсіресе оның шешуші тармағы саналатын Ұлы Отан соғысында сұрапыл майдандағы ұрыс даласында қайталанбас ерлігімен танылған қазақстандық жауынгерлерді пір тұтсаң, соғыстан қайтып оралмаған батырлар аруағын сыйласаң, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейін мәртебелесең, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Қиын-қыстау заматта теперіш пен қуғын көрген өзге ұлттарға құшағын ашып, бауырына басып, жақын көрген көпұлтты Қазақстанның ынтымақ-бірлігін, Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдық мерейін мақтан етсең, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Еліміздің басты құжаты болып табылатын әрі әрбірімізге бейбітшілікте өмір сүруімізге кепілдік беретін Ата Заң – Конституциямыздың 20 жылдық мерейін құрметтесең, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Өзің ауасын жұтып, жерін басып жүрген, кіндік қаның тамған, балмұздақтай тәтті балалық шағыңның куәсі болған, өзіңе пана болған һәм туған жер болып табылатын елді мекенді қасиет тұтсаң, сайлау уачскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • «Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен» анаңа тағзым етсең, өнегелі тәлім-тәрбие берген асқаралы әкеңді мақтан тұтсаң, алдыңғы толқын ағаларды сыйласаң, кейінгі толқын інілерге үлгі болғың келсе, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Ел іргесін тіктеуде аянбай еңбек еткен арда тұлғалардың қызметтік-шығармашылық жолын өмірлік үлгі тұтсаң, елдік байрағын көкке көтерген асыл рухани мұраларды тағылымдық бағдар санасаң, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • «Мен – Қазақстан Республикасы азаматымын» деген зор атақты биік санасаң, баянды болашаққа үлкен үмітпен қарасаң, ел дамуына тамшыдай болсын пайда тигізуге бек жарасаң, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Сайлау болатын күні Қазақстан Республикасы азаматы екендігін дәлелдейтін жеке куәлігіңді не төлқұжатыңды қолына алып, дауыс беруге азаматтық құқығы бар туған-туысқандарыңды, жора-жолдастарыңды, көрші-қолаңдарыңды, таныс-білістеріңді адамгершілік сыйластық танытып, бірге ертіп, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!
  • Осынау маңызды қоғамдық шараға немқұрайлы не атүсті қарайтындарға, енжарлық танытатындарға дұрыс жөн сілтеп, дауыс беретін орынға бағыттап, адами-азаматтықтың асқан үлгісін көрсетсең, сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп, азамат болуға міндеттісің!

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 964 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: