14:46
Өрлеу - біліктілік өркені
ЕУРОПАЛЫҚ БІЛІКТІЛІК СТАНДАРТЫН ЕНДІРУ КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУ ҮЛГІСІ РЕТІНДЕ
 Ұстаз бабамыз Ыбырай Алтынсариннің жалпыға танымал ғибратты өлеңіндегі «көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызды» деп түзілген тармағын мұрындық ете отырып қазіргі замандағы білімдену үдеріс-үрдісіндегі жаңалықтар бірін-бірі әрі жаңартуда, әрі жаңғыртуда. Асылында, қандай да бір жаңа серпін сапаны еселеуге бағытталғаны. Педагог мамандардың біліктілік арттыруы да соңғы кезде интербелсенді қарқынмен ілгерілеуде. Айталық, бүкіл елімізде болсын, жекелей аймағымызда болсын жаңа үлгідегі үшайлық курстардың өткізіліп, енді іске асырыла бастағаны қашан. Оның үстіне облыстық педагог мамандардың біліктілігі арттыру институттары республикалық «Өрлеу» ұлттық біліктілік арттыру орталығының (ҰБАО) аймақтық филиалдары құзырына ие болғаны да жүйеленудің айнасы ғой. Биылғы жылдың 19-30 қараша аралығында еліміздің алып шаһары Алматыдағы «Өрлеу» ҰБАО мектеп директорының оқу-әдістемелік істері бойынша орынбасарларына арналған «Еуропалық біліктілік стандартын ендіру көптілді білім беру үлгісі ретінде» тақырыбында біліктілік арттыру курстары ұйымдасқан түрде өткізілді. Республиканың жан-жағынан ат терлетіп, ынта ерлетіп келген тыңдаушыларға аталмыш біліктілік ордасының жетекші маманы Жүнісханова Қ.Қ. кураторлық жасады. Осындай екі апталық кезеңді қамтыған осынау республикалық біліктілік арттыру курстар барысында мынадай тақырыптар тыңдаушылармен бірге теориялық-сарамандық тұрғыдан ортаға салынды: курсқа қатысушылардың білім, біліктілігін диагностикалау; Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы негізгі заң актілерін жүзеге асыру жолдары; ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауының басым бағыттары; шеберлік сыныптарында оқыту технологиялары (француз технологиясы бойынша шағын топтармен жұмыс); әлемдік білім беру жағдайында мамандарға қойылатын талаптар; функционалдық сауаттылықты арттыруда В.К.Дъяенконың ұжымдық оқыту технологиясының рөлі; заманауи сабақ және оны талдау үлгілері; Ж.Қараевтың оқытудың «Үшөлшемді әдістемелік жүйесі» технологиясын педагогтарға меңгерту жолдары; білім берудегі ақпараттандырудың рөлі: педагогтардың ақпараттық құзырлылығын қалыптастыру; Қазақстан Республикасындағы тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 ж.ж. арналған мемлекеттік бағдарламасындағы тіл саясаты; Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 ж.ж. арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында көптілді білім беру талаптары; билингвальді білім беруді басқарудағы шетелдік және Қазақстандық тәжірибелер; педагогтардың зерттеушілік әрекетінің мониторингі; мектепішілік бақылау және басқару; Еуропалық Біліктілік Стандартының негізгі сегіз білігі және олардың негіздемелік өлшемдері; көптілді білім берудің бейімдендірілген моделі; үш тілде білім беру мониторингін өткізудің әдістемелік ұсыныстары; көптілді білім беру – бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру кепілі. Сонымен бірге курс барысында тыңдаушылар халықаралық "EDTECH-KZ” білім орталығына барып, ондағы ҰБТ-ге дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдерімен семинар арқылы танысса, Ұлттық ақпарат орталығында электрондық және мультимедиялық оқулықтардың ерекшеліктері хақында мағлұматтарды көңілге тоқып қайтса, төрт тілде (қазақ, орыс, ағылшын, ұйғыр) білім беретін Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназиясында көпмәдени білім беру моделімен етене танысты: білім ошағындағы осынау ғылыми-әдістемелік ізденістің нәтижесін паш еткен семинарға ортақтасты, ашық сабақтарға қатысты, ұлттар бірлігі мен ынтымағын жар еткен концерттік бағдарламаны тамашалады, алған әсерлері турасында пікір алмасты. Басқасын қайдам, ал өзіме басым бөлігі ұйғыр балалары білім алатын мектеп-гимназия ұмытылмас әсер қалдырды. Жан-жақтан жиналған тыңдаушыларға Жүнісханова Қ.Қ., Жұмағұлова Р.К., Белденбаева М., Абайдуллаева А.А. сынды білікті оқытушылар тер төге аянбай еңбек етті. Өз дәрістерінде оқытушылар мен тыңдаушылар арасында диагностика, дәріс, диалог-дәріс, тренинг, іскерлік ойын, практикалық сабақ,, дөңгелек үстел сыңайлы іс-әрекеттер жүзеге асырылды. Ол ол ма, әрі орталық, әрі институт саналатын оқу мекемесіндегі кітапхана және ондағы қызметкерлердің риясыз іскерлік ілтипаты да тыңдаушыларға білім-білік жинауда көп септігін тигізді. Асылы, ғылым-білім һәм өркениет-мәдениет орталығы және алып мегаполис Алматыда өткізілген осынау біліктілік арттыру курстары мектептердегі оқу-әдістемелік меңгерушілер үшін сондайма менеджменттік ілгерілеу-серпін беріп қана қоймай, санаға тоқып алған әдістемелік-ұйымдастырушылық қорды инновациялық тұрғыдан тиімді түрде пайдалануға таптырмас негіздеме болатыны аян. Ендеше, күтілетін нәтиже сапа жағынан қомақты болсын.
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ЖОББМ директорының оқу істері бойынша орынбасары
Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 2605 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: