22:33
Риясыз рух

МОТИВТЕРДІҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ

Кейде адам болмысындағы мотивтер өзара қайшылыққа түседі. Біреуі адамды өз жағына тартса, екіншісі қарама-қарсы тарапқа тартады. Бұл кезде адам екі таңдаудың ортасында қалып не ары емес, не бері емес, тұрақсыздың күйін кешеді. Бұған – мотивтердің қақтығысы немесе ішкі жанжал (конфликт) делінеді. Мәселен, адам екі тараптың біріне ниет білдірсе, кенеттен қарсы тараптың күші артып адам нәпсісін қыдықтай бастайды. Ниетіне араласып, адамның ниет білдіргеніне қарсы күмәнді күшейте түседі. Осы себепті адам не істерін білмей екі ортада қалады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұдан оңай құтылудың жолын үйретіп:

«Күмәнді нәрседен бойыңды аулақ салып, күмәнсіз болғанын таңда...» деген.

Хадис адамды өзімен шыншыл болуға үндейді. Себебі адам кейде біреуді алдағаны секілді өзін де алдайды. Оның көрінісі – жүрегі қаламаған күмәнді нәрсені өзіне мәжбүрлеп қабылдатады. Бұған ішкі сезімдер мен сыртқы әлеуметтік факторлар да әсер етуі мүмкін. Мәселен, қорқыныш сезімі. Адам іштей бір нәрседен қорыққаны себепті, өзі қаламаған немесе күмәнданған нәрсені жасауы мүмкін. Сол секілді біреуге ұнау немесе жағу мақсатында, сондай-ақ белгілі бір ортадан айырылып қалмас үшін не болмаса біреуге қырсығып өзі іштей ұнатпаған іске барады. Бірақ іштей мұның дұрыс емес екендігін сезеді.

Мәселен, көшеден ақша тауып алса неше түрлі ойға баруы мүмкін. «Ақшаны иесіне қайтарайын ба, жоқ әлде өзімде қалсын ба? Өзіме қалдырсам, қымбат көлік сатып аламын. Шетелге барып қайтамын» деген ой келуі мүмкін. Осы уақытта оған нәпсі мен ақыл жәрдемге келеді. Олар адамға мейірім, жанашырлық, жомарттық сезімдерін қалқан қылып әсер етуге тырысады «жақының ауырып жатыр, соның еміне көмектеспейсің бе?» дейді. Осы кезде адам ойына жеңілетін болса, мүдірместен ақшаны қалтасына басады. Ал егер күмәнді тастап, өзімен шынайы болса, райынан қайтып, ақшаны иесіне қайтарудың жолдарын іздейді. Өйткені адамның фытраты (тумысынан таза табиғи болмысы) күнәлі істі қабыл етпейді.

Бұл тазалықты өмірде сақтап тұратын – иман. Мәселен, жүректі шам деп алатын болсақ, иман сол шамның ішіндегі жанып тұрған – шырақ. Ол – артпайды да кемімейді, бір қалыпты жанып тұра береді. Алайда шамның кірленуі себепті – жарығы әлсірейді. Нәтижесінде, айналаға нұр беріп, төңіректі анық көру қиындық тудырады. Шам қаншалықты кірленсе, шырағы да соншалықты әлсіз болады, ал қаншалықты тазарса, жарығы да соншалықты күшейеді. Иман әлсіреген сайын адам баласы айналадағы ғажайыптар мен хикметтерді анық көре алмайды. Рухани әлемі тарыла бастайды. Сондықтан адам күмәнді нәрсеге тап болған уақытта иманды басшылыққа алғаны жөн.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 28 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: