16:15
Риясыз рух

ИЕЛІК ЕТУ немесе МАНСАП пен БИЛІККЕ ҚҰМАРЛЫҚ МОТИВІ

Бір нәрсеге иелік еткісі келген адамның көзі тоймайды.

Эрих Фромм

Иелік ету немесе билікке құмарлық – адамдағы психологиялық мотивтердің бірі.

А.адлердің айтуынша: «Дүниеге көзсіз берілген адамды өмір бойы бір ғана сұрақ мазалайды: «Қалайша басқаларды басып озамын? Қалайша мол байлыққа кенелемін?» Ондай адамның бойында мұндай оймен қоса, кез келген нәрсеге көңіл толмаушылық сипаты қатар жүреді.

Бидікке құмар адамдар әрдайым басшылықты және өзгелерді қадағалауды қажет ететін орындарды иеленуге тырысады. Әсіресе аумалы-төкпелі заманда, мысалы төңкеріс кезеңдерінде мұндай мінезге тән ерекшеліктер бой көрсетуге бейім». Оның пікірінше:

«Мұндай адамдар үйде де әмірін жүргізуді әдетке айналдырған. Басшылық ету рөлінен басқа нәрсе олардың ешбір ойын қанағаттандыра алмайды, яғни мұндай тип адамдар, қарапайым ойдың өзінде ханның немесе әскер басының рөлін сомдағанды жақсы көреді. Олардың арасында өзіне әмір етілген кішкентай бір істің өзін орындай алмайтын немесе орындағысы келмейтін индивидтер бар. Себебі өзгеге бағыну, басқаның айтқанын орындау олардың бойында толқу мен қобалжу сезімін тудырады. Бір сөзбен айтқанда, бұл нәрсе олар үшін өліммен тең.

Ислам ғұламалары иелік ету немесе билікке құмарлық – шайтанның Адамды (а.с.) тыйым салынған ағаштан жегізіп күнәға итермелеу үшін қолданған маңызды мотивтердің бірі екендігін алға тартады.

«Содан шайтан оны: «Уа, Адам! Саған мәңгілік ағашын әрі әсте зауалға ұшырамайтын патшалықты көрсетейін бе?» - деп азғырды» («Таһа» сүресі, 120-аят).

Шайтанның «...әсте зауалға ұшырамайтын патшалықты көрсетейін бе?» деген азғыруынан иелік ету немесе дүниеге құмарлық мотивінің Адам (а.с.) мен оның ұрпағына тиесілі табиғи фактор екенін нақты айту қиын. Себебі шайтан азғырғанға дейін Адамның (а.с.) бойынан мұндай нәрсе орын алмаған. Шайтан өзінің азғыруы арқылы амал тұрғысынан сол уақытқа дейін көрініс таппаған мотивтің бірімен Адамның (а.с.) нәпсісіне әсер етуге тырысты. Бұдан Адамның (а.с.) иелік ету мотивін, шайтанның азғыруы мен нәпсісіне әсер етуі арқылы сыртқы әсерден үйренгенін көреміз.

Көп жағдайда бұл мотив адам бойында әлеуметтік тұрғыдан даму барысында қалыптасады. Адам қоғам ішінде өзіне күш-қуат, атақ-абырой әкеліп, кедейліктен құтқаратын дүние-мүлікке, байлыққа, жер теліміне қол жеткізуге тырысады. Ал оны игеруді өмірлік тәжірибесі мен қоршаған ортадан үйренеді.

Хадистерде де адамның дүние-мүлікке құштарлығы мен байлыққа деген ашкөздігі баян етілген.

«Адам баласының бір сай толы алтыны болса, тағы да дәл сондай бір сай толы алтыны болғанын қалайды. Оның құлқынын (көрге кіргенде) топырақ қана тойдырады. Соған қарамастан, Алла тағала (ашкөздік, сараңдық сынды жағымсыз қылықтардан арылып) тәубеге келген құлының тәубесін қабыл алады».

Хадисте адамның дүниеге тойымсыздығы, үнемі байлығының артуын қалайтыны, оның бұл қалауын өлімнен басқа еш нәрсе тоқтата алмайтындығы ашық айтылған. Келесі хадисте:

«Адам қанша қартайса да, көңілі мына екі нәрседе жас (яғни қаламай тұрмайды): «Ұзақ өмір сүру және көп мал-мүлікке ие болу» делінген.

Хадистер арқылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетін дүние-мүлік жинауда көзсіз жарысқа түсуден сақтандырған. Себебә көзсіз дүниенің соңына түсу – адами құндылықтардың аяқ асты етілуіне, адамдар арасындағы қарым-қатынас тепе-теңдігінің бұзылуына, қызғаныш, көреалмаушылық, дұшпандық, депрессия секілді әртүрлі дерттердің ортаға шығуына әкеліп соғады. Сонымен қатар діни құндылықтарды, оның ішінде ғибадат-құлшылықтарды адамның ескерусіз қалдыруына себепші.

Бұл жерде ескере кететін жайт. Дүниені маңдай термен, адал жолмен, адал кәсіппен тауып, дұрыс қолдану және дұрыс жолға жұмсау, ізгі амалдарға жарату – бөлек мәселе. Яғни шариғат адамды бай болудан тыймайды. Бай бол, бірақ байлықтың буына мастанып адамшылығыңды жоғалтпа және сол байлықты Алла үшін игі істерге жұмса дейді. Зекетті де сол үшін парыз қылды. Себебі байлық қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешудің, адам бойындағы потенциалдарды толық аша білудің бірден-бір себебі.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 30 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: