22:29
Риясыз рух

НӘПСІНІ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

7. Сөгу, айыптау, кінәлау (муатаба)

Нәпсіні тәрбиелеудің келесі сатысы – муатаба. Муатаба – адамның өз нәпсісін сөгуі, айыптауы. Сөгу, айыптау, кінәлау – нәпсінің құмарлыққа салынып, адамға ырық бермей, күнәға бой алдырған кезінде немесе жалқаулық пен бойкүйездікке, салғырттық пен салақтыққа және немқұрайдылыққа ұрынған уақытта іске қосылатын тәрбиенің түрі. Мұндай кезде адам тәрбиенің бұл түріне жүгінбесе, нәпсіні тым еркінсітіп алады. Одан кейін нәпсіні құмарлықтан тыю қиынға соғады. Нәпсінің өз құндылығын төмендетіп алған мұндай шағында, адам өзін марапаттау немесе сыйлық беру арқылы тәрбиелей алмайды. Бұл кезде нәпсіге қатты-қатты сөздер ғана әсер етеді. Мұндай кезде адам өзіне:

«Ей, өзіне зұлымдық жасаушы нәпсім! Сен тағы да өз қалауыңа, шайтанның азғыруына, дүниенің қызылына алдандың. Әлі де надандық құрсауынан шыға алмадың. Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Күнәға беттеуге саған батылдық берген не? Жалқаулық пен немқұрайдылыққа салынуыңа не себеп? Өзіңе сөз беріп, қашанғы уәдеңнен тайқып кете бермексің?! Қашан ақылға келесің? Қашан тура жолда нық тұрасың? Өз қалауларыңның құлы болудан шаршаған жоқсың ба?! Саған сансыз нығметтерді тарту еткен Раббыңнан ұялсаң етті?!» деу арқылы, нәпсімен диалог құрып, оның іс-әрекетін сөгуі қажет.

 Бұл ғапылдыққа ұрынған нәпсіні бір сілкіп алуға көмектесетін дүние. Одан кейін жоғарыдағы нәпсіні тәрбиелеу тәсілдерін қолдану арқылы оны қайтадан қолға алып, бақылауда ұстау керек. Ғапылдықтан айығып, надандық ұйқысынан оянған соң, күнәлі әдеттерінен арылтып, бірте-бірте жақсы әдеттер мен ізгі істерге бойын үйрету қажет. Уақыт өте келе жетістіктерге ұмтылыс байқатып жатса, марапаттап, сыйлық беру арқылы жігерлендіріп отырған жөн. Нәпсі өзі қызық жаратылыс. Үнемі бақылауды, әрдайым тәрбиені қажет етеді. Тәрбие тоқтаған күні – нәпсінің адами келбеті де жоғалады. Жоғалғаны соншалық – хайуаннан бетер азғындап кете барады. Құран бізге бұл ақиқатты былайша баяндайды: «Анығында, олао (өз бетімен жайылған) мал сияқты (нәпсілері қайда тартса, сол жаққа лағып кете береді), тіпті жолдан одан бетер адасқыш келеді» («Фурқан» сүресі, 44-аят). (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 27 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: