09:56
Озық тәжірибе, ортақ әдіс

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КҮН ШАРАПАТТАРЫ

Білім және білімдену сапасына деген көзқарас осы күндері ерекше еселену үстінде. Оқушының тұлғалануына жасалып отырған игіліктерді замана талаптары деп қарастырамыз. Пән мұғалімінің де біліктілік сапасы жаңаша бір жаңғыру даңғылына түсіп отыр. Демек, ұдайы дамудың толассыз арнасымен жүзіп келеміз.

Соңғы жылдарда кез келген жалпы орта білім беру мектепте санатты жоғарылату һәм растау бойынша аттестаттаудан өтетін мұғалімдердің оқыту-әдістемелік құзыретін айқындау мақсатымен шығармашылық күн өткізу жақсы жолға қойылды. Бесқарағай мектебінде 29 қаңтарда шығармашылық күн ұйымдастырылды.

Биылша технология мұғалімі Асанов Қ.Қ. жоғары санатты растап жатса, ағылшын тілі мұғалімі Қапанова Г.Ж. жоғары санатқа, технология мұғалімі Байтемірова А.Т., биология пәні мұғалімі Апсаликова Ә.Т., музыка мұғалімі Ахметов Қ.А. екінші санатқа өту қамында. Аталмыш күнге ұйытқы болған да осы ұстаздар.

Оқушылардың қысқы демалыс кезінде Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің 26 пән мұғалімі сын тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша әдістемелік семинар-практикумына, ИнЕУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, оқытушы-жаттықтырушы Маняпова Т.Қ. жетекшілігімен, мектепте қатысып, қомақты әдістемелік дайындығын ұштаған болатын. Осы жолы сын тұрғысынан ойлау технологиясының тиімді әдістерін Гүлнар Жұмаханқызы ағылшын тілінен 10 сынып оқушыларымен өткізген «Қазақстан – менің Отаным» тақырыбын, Әсем Тілеуғабылқызы биологиядан 7 сынып оқушыларымен өткізген «Жалпақ құрттар типі» тақырыбын, Асылжан Тәтімбекқызы технологиядан 7 сынып оқушы қыздарымен өткізген «Құрақ құрау» тақырыбын ту еткен ашық сабақтарында орынды һәм сәтті қолданды. Қазіргі күн талабына барынша сай келетін осынау әдістеме арқылы оқушылардың өздігінен сыни ойлау, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру және сабақ үдерісінде өздігінен білімді игеру сияқты зияткерлік қабілеттері жаңа серпінмен қайраттанды. Мультимедиялық дәрісхананың шексіз мүмкіндіктері оқушы мен мұғалім тарапынан оңтайлы қолданылды. Әсіресе сыни тұрғыдан ойлау мен жазу технологиясының «Топтастыру», «Венн диаграммасы», «Виртуалды зертхана» және басқа да әдістері аталмыш презентациялық сабақтарды әдістемелік-ізденіс тұрғысынан әрлей түсті.

Әрі шеберлігімен, әрі ұсталығымен көпке аян технология мұғалімі Қанат Қайроллаұлы 6-7 сыныптар ұлдарымен өткізген «Қазақтың ұлттық қымыз ожауы» атты ашық сабағында өз шәкірттерімен алқа-қотандаса жай ағаш бөлігінен қымыз ожау жасаудың қисыны қиын, июі күрделі әдіс-амалдарын сарамандық тұрғыдан сәтті сабақтаса, жас маман Қуат Анатолийұлы музыкадан 4 сынып оқушыларымен «Вокалдық музыка» тақырыбымен өткізген ашық сабақта компьютер мен шығармашылық арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырды.

Түйіндегенде, шығармашылық күн арқылы аттестаттаудан өтіп жатқан пән мұғалімдерінің әдістемелік шеберліктері өздері оқытып жүрген оқушыларының қарым-қабілеттері арқылы еселене түскенін айқындадық. Шығыс ғұламасы Әбдірахман Жәмидің «Алтын да емес, күміс те емес адам даңқын шығарар, Талант пенен Іскерлікке даңқ пен атақ сұранар» деген қанатты дәйектемесі осындайда пырақтанады да.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу істері меңгерушісі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1445 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: