16:24
Оқушылар жетістігі

АЛУАНЫҢ АСУЛАРЫ

Әлбетте, өнерлінің өрісі кең. Туа бітті дарынды баланың болашағы жарқын екен. Тек осынау қасиет-қабілетті уақытында танып, ілгерілетуді адымдатса болғаны. Ал мұндай қадамның ұшар басында ата-ана, тәрбиеші, ұстаз тұрады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп астарлайтынымыз да осы емес пе.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің оныншы сыныбында оқып жүрген Увакова Алуа – қатардағы екпінді оқушының бірі. Десе де әншілік дарындылығымен балдырған кезінен-ақ танылып, сахна төріне үзбей шығып жүрген бүгінгі бойжеткеннің асығы алшысынан түсіп жүр.

Бастапқы кезде ән шырқауды үйретуде күміс көмей әншілік өнерімен аудан-ауыл аумағында танылып үлгерген нағашы апасы Сейітова Ләйлә тер төкті. Сахна төріне өзімен бірге шығарып, дуэт болып бірнеше әнді қайырды. Ал орта буында оқып жүрген уақыт аралығында аталмыш оқу ордасының музыка пәні мұғалімі Ахметов Қуаттың атқарған еңбегі зор. «Жас ұлан» балалар ұйымына аға тәлімгерлік жасайтын Қуат Анатолийұлы Алуаның жасұландық белсенділігін бірден аңғарды да, мектеп ішіндегі, аудан көлеміндегі тәрбиелік-тағылымдық іс-шараларға үнемі қатыстырып жүрді. Осылайша сахна төрінде айтарлықтай ысылып қалған Алуаны аймақтық өнер байқауларына да қатыстыруға бекем бел буды. Айталық, биылғы жылы аудандық «Әнші балапан» оқушылар байқауына қатысқан өнерлі бойжеткен вокал номинациясы бойынша ересек балалар тобында бірінші орынды жеңіп алса, облыстық «Жаңа жұлдыз» балалар ән байқауының бірінші һәм екінші кезеңдерінен мүдірмей өтіп, ақтық болып саналатын үшінші шешуші кезеңге жолдама алды. Үстіміздегі жылдың 8 сәуірінде Павлодар шаһарындағы Катаев атындағы Оқушылар сарайында өткен «Жаңа жұлдыз» облыстық оқушылар ән байқауының ақтық сынында патриоттық ән номинациясы бойынша жүлделі екінші орынға ие болып, аймақтық деңгейдегі мадақтамамен марапатталды. Алуаның айтуынша, осынау ән байқауына алдымен 47 үміткер, артынша осылардың 16-сы іріктеліп шығыпты. Өкптің арасынан екінші болып суырылып шығу – зор жетістік, асқан абырой. Өзінің әншілік дарынымен осынау биікті бағындырған Алуа ұстазы А.Ахметовтің, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектептің абыройын асқақтатты. Белсенді бойжеткен жасұланымыздың болашағы жарқын болсын.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 634 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: