19:09
Наурыз нақыштары

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ ҰЛАҒАТЫ

Әлбетте, Наурыз өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер-жаһандағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Көшпелілердің байырғы аспаннамалық түсінігі бойынша, әрбір жыл алты ай жаз бен алты ай қысқа бөлінген. Тіліміздегі «алты ай жаз бойы», «ала жаздай», «алты ай қыс бойы», «ала қыстай» секілді сөз оралымдарын осы бір түсініктің жаңғырығы десек болады. Жаз айларында дүние кеңіп, шаруадан мойын босап, жер бетін қуаныш, шаттық жайлайтындықтан «жағымды», ал қыс айларында суық, жүдеу, жұт болатындықтан «жағымсыз» саналған. Әуелгі адамдардың жақсылық пен жамандыққа жан бітіріп, оларды адам бейнесінде айтыстырып, күрестіргені туралы қызықты мәліметтер көне жазбаларда көптеп сақталған. Мәселен, біздің жыл санауымыздан бұрын дүниеге келген қасиетті «Авеста» кітабында, XI ғасырдағы түркі тілдерінің энциклопедиясы  «Диван лұғат ат-түрк» сөздігінде, сондай-ақ қазақ халқының қиял- ғажайып ертегілерінде осындай ұқсас сюжеттер қайталанып отырады. Соғдылықтар жақсылыққа «Ахуромазда», жамандыққа «Ахирман» деп ат қойса, бұрынғы қазақтар жақсылықты «Кие», жамандықты «Кесір», қысты «Зымыстан», жазды «Табысқан» деп атаған.

«Атасы мен анасы,

Үш жүз алпыс бес баласы,

Он екі ауыл шамасы,

Отыз ор дуадақ,

Бес балақ сан,

Елу екі қарақшы»,—

деп халық жұмбағында айтылғандай, қазақтар бір жылды әрқайсысы отыз күннен тұратын он екі айға бөлген. Жыл соңындағы санатқа кірмей қалған бес (алты) күн —«бес қонақ» деп аталады. Мұны парсылар «фэнджи», сотистік күнтізбеде «эпагоменай» (шолақ ай) дейді. Ежелгі сенім бойынша жаксылық пен жамандықтың жан алып, жан берісіп өмір үшін күресуі санатқа кірмей қалған осы уақыт аралығына сәйкес келеді. Осы бір «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер, өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар» қиын, қысталаң күндері халық тілінде «өліара» деп аталады. Қазақтар осы бес (алты) күнді өткізіп жібермей жолаушы шықпайды, қоныс аудармайды, жиын-той жасамайды, мал сойып, қонақ шақырмайды. Ақсақалдар өліарада «апыр~ай, қайтер екен» деп ауыл иттерін де үргізбеген.

Қыс пен жаздың халық санасындағы осы көрінісі кейбір ғалымдардың Наурыз мейрамының шығу тегін дуалистік теориядан іздеп, Жақсылық пен Жамандықтың, Қыс пен Жаздың, Суық пен Жылының, Қайырымдылық пен Қатыгездіктің күресінен туған деген ой қорытындылауына себеп болды . Алайда, «екі жарты бір бүтін», «бірлік болмай тірлік болмас», «тіршілік көзі бірлікте» деген халық даналығына үңілсек, ата-бабаларымыздың жаратылыс жайындағы түсінігі басқаша екенін көреміз. Бірінсіз бірі болмайтын, үнемі бірін екіншісі алмастырып отыратын тіршіліктің құралым бөлшектерінің үйлесімді бірлігінен бір тұтас жаратылыс, тіршілік туса керек. Мәселен, күн-түн=тәулік, қыс-жаз=жыл; күйеуі-жұбайы= отбасы т. б.

Малдар төлдеп, қой қоздап,

Сүттен бұлақ ағызған.

Жаңа жылдың сипаты

Молшылыққа аңыз боп,

Басталыпты Наурыздан,—

деп халық ақыны С. Оңғарбаев жырламақшы, көшпелілер жыл басын Наурыздан бастайды.

Бүл күн аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні ұлыс күн» деп атаған. Григориан күнтізбесі бойынша ескіше 9 наурыз, жаңаша 21-нен 22-не қараған түн осы күнге сәйкес келеді.

Наурыз сөзі иран тілінің ноу - «жаңа», руз - «күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «наурыз» сөзі, біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден, наурыз айы, үшіншіден, ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады.

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», соғдылықтар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям еңбектері арқылы жетіп отыр. Мәселен, иран тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май қүяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешек егін жайлы болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалак» ұсынады; ағаш соқамен бір борозда жыртады, ат шаптырып, жамбы атысып жарысады; көнетоз киімдерін тастап, үйдегі ескі шыны-аяқты сындырады; бір-біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою «күн нышанын» салады; үйдің тіреу ағашына гүл іледі.

Ал ежелгі түркілер болса, ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал-мұрттарын түзеп, шаштарын алады, алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге жамбы атып жарысады. Егер кімде-кім бірінші болып, жамбыны атып түсірсе, сол адам бір күн елге патша болып, билеуге ерік беріледі. Наурыз жырында:

Құл құтылар кұрықтан

Күң құтылар сырықтан, -

деп жырланғандай, осы күні ертедегі гректердің патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқызған. Наурыз күні ертедегі Иран патшасы қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен деген де деректер бар. Тіліміздегі күні бүгінге дейін айтылатын «құлға да бір күн азаттық», «құлдан да бір тілек бар» деген мәтелдер осы бір көне рәсімге қатысты болса керек.

Христиан дінін қабылдағанға дейінгі ежелгі Русьте Жаңа жылды 1 наурыз күні қарсы алу дәстүрі болған. Олар мейрам күндері Құт қүдайының құрметіне арналған шырақтарды шие ағаштарына ілген. «Түрлі аурулар мен пәле-жаладан сақтайды» деген сенім бойынша дастарқан басына жиналған әрбір шаруаның алдына үш бас сарымсақ, үстелдің қақ ортасына бетін шөппен жапқан он екі тал пияз қояды екен.

Ағылшындар XVIII ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 наурызда тойлап келді.

Біздің заманымыздың VII VIII ғасырларында Иран мемлекеті мен қазіргі Өзбекстан аумағын, Қазақстанның оңтүстік аймағын арабтар жаулап алады да, оларды мұсылман дініне енгізеді. Ата салт, әдет-ғұрыптан айрылған жұрт езгіге көнгіш, дінге де құлай сенгіш болатынын жақсы ұққан шапқыншылар қол астындағы халықтардың көне салт-дәстүрлерін жоғалтып, жойып жіберуге, жер атаулары мен адам аттарын өзгертуге, мәдени мұраларын талқандауға барынша күш салды. Олар, әсіресе, халықтық мейрам Наурызды тұншықтыруға көп күш-қайраттарын жұмсады. Мәселен, ұлы Абайдың: «...Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады», - деуінің астарына тереңірек үңілсек, осы бір идеологиялық күрес тартысынан хабардар боламыз. Өйткені күн күнтізбесі бойынша қалыптасқан Наурыз мейрамы барлық тұрмыс тіршілігі ай күнтізбесіне сай келетін мұсылмандық идеологияға мүлде қайшы келетін еді.

Қазақтар Ұлыс күнді «жыл басы» санайды. Тілімізде Наурызға қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұлыстың үлы күні ұлыс күн», «ұзақ ұшып келген күн», «жыл басы» - жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн, «көк кұт көзін (өсімдік) ашқан күн», «жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі сез оралымдары сақталған. Осылардың біріне -  «Самарқанның көк тасы еріген күн» дегенге тоқтала кетпесе болмас.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр адамдарға дәулет дарытып, бақ кондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып кейіпкер. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының нышаны Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.

Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себездеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күнгі таңғы сағат 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек.

Наурыз күні наурыз көже пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс-жидектер) және қызылдан (еттен жасалатын тағамдар) жеті түрлі дәм қойылады. Қалыптасқан салт бойынша қойдың басын ауыл ақсақалы мүжиді. Ал басқалары «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» десіп, наурыз көжені тоя ішіседі. Көже ішіліп болған соң, төрағасы қолын жайып:

 «Бақытты ас берсін,

¥лыстың үлы күнінде,

Ұлың оңға консын,

Қызың қырға қонсын,

Қыруар малың өріске толсын,

Дәулетіңді асырсын,

Дұшпаның басылсын,

Менің берген бұл батам,

Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам», -

деп үй иесіне батасын береді.

Жеті қазынаның бірі қара қазанның халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде атқарған қызметі аса терең де мәнді. Оған сиынған халықтық наным-сенімдер желісінің елестері біздің дәуірімізге түрлі көмескіленген аңыз-әңгімелер түрінде жетіп отыр.

Қазақ есепшілерінің тәжірибесіне сүйенсек, Үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, ал көктем басында аспан етегінен көрініп, жазға қарай мүлдем батып кетеді. «Үркердің жерге түсуі» делінетін осы кезеңге 40 күн жазғы шілде сәйкес келеді. Бұл кезеңде Үркердің көкжиектен көрінбеу себебі Күн жолы наурыз айында дәл соның үстінен өтеді. Қазақстанның кейбір жерлерінде ғана, мәселен, Орталық өңірлерде осы кезде Үркердің кос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан көгіндегі дәл осы көріністі Қазақстан жартастарына шимайланған петроглифтерден - мүйізімен Күн Көкөгіз - көруге  болады.

Ұлыстың Ұлы күні мәнділігмен ұлағат сыйлап, ел-жұртқа бақ-береке һәм той-мереке сыйласын.

құрастырған             

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1353 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: