22:24
Ұлы Жеңіс ұлағаты

ЛЕБЯЖІ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні күні кеше мерекеленіп өтсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Лебяжі өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес.

1919 жылы Күннің шығысы бағытында орналасқан Шарбақты ауылында туған Свәтілғазы Иманханов 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Сол жылы ғой КСРО-ның сыртқы саясаттағы жағдайының ушығуына Скандинавиядағы Финляндия елі себепкер болды. Нашарлағаны сондай – 1940 жылы екі ел арасында кәдуілгідей соғыс өрті тұтанып кетті. Осы соғысқа С.Иманханов та қатысты. 1941-1945 ж.ж. қамтыған Ұлы Отан соғысында жауынгер Свәтілғазы атты-кавалериялық әскердің қатарында қару асынып, ауыр ұрыстардың жуан ортасында болды. Венгрияның Будапешт қаласын, Германияның Берлинін алу операцияларына белсене атсалысқандардың бірі болды. Ұлы Отан соғысын жеңімпаз ретінде тәмамдаса да, 1945-1946 ж.ж. Батыс Украина жерінде ұлтшылдық-радикалдық бағытты ұстанған бендеровшілерге қарсы азаматтық қақтығыстарға да қатысты. Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «ІІІ дәрежелі Даңқ», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Будапештті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталды. Бейбіт өмірде де мерейгерлік медальдармен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Соғыстан оралған соң, 1946 жылы, өз ауылы Жас Еңбекте (Шарбақты) еңбек жасауға кірісті. Тың игеру жұмысына алғашқы болып кіріскендердің бірі болды. Кейіннен мал шаруашылығы фермасында бригадир, техник-ассимилятор қызметтерін абыроймен атқарды. Тоғыс баланы тәрбиелеп, он бес немере және жиырма шөберенің қызығын көрді.

Алеменов Махмет Бозжігітұлы (1921) Лебяжі ауданы Тақыр ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, соғысқа аттанып, 1-Украина майданына алынды. Соғыста жүріп, Воронеж қаласын қорғауға қатысты. Артиллериялық бригадада нысанашы болды. Ауыр жараланып, 1944 жылдың қыркүйегінде елге оралды. Бейбіт өмір кезінде Тереңкөл ауылдық кеңесінде төраға, бастауыш партия ұйымының хатшысы, Баймолдин кеңшарының №2-бөлімшесіндегі қой өсіру бригадирі қызметтерін абыроймен атқарды. «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да медальдармен марапатталды.

Айғожин Бейсенбай (1905 – 1978) Лебяжі ауданы Жабағылы ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1933-1941 ж.ж. Баянауыл ауданында Ұлттық Ішкі істер комитетінде жұмыс істеді. 1941 жылы әскерге шақырылып, сол жақтан соғысқа аттанды. 1943 жылы қатты жарақат алғаннан соң, елге оралды. 1944-1951 ж.ж. Майқайың ауылында, кейін Екібастұз қаласында жұмыс атқарды. 1953-1964 ж.ж. Бесқарағай ауданының тұтынушылар одағында қызмет істеді. 1964 жылы Жабағылы ауылына қайтып оралып, өмірінің соңына дейін осында тұрды. «Сталинградты фашистерден азат еткені үшін» медалімен марапатталды.

Атимов Зада (1918 – 1981) Лебяжі ауданы Жабағылы ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1938 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, сол жақтан Ұлы Отан соғысының майданына аттанды. Соғыстың бастапқы кезінде №144 атты-артиллерия полкінде болды. 1942 жылы ақпан айында тұтқынға түсіп, көптеген қиянат көріп, 1946 жылы ғана елге оралды. Соғыстан соң мал шаруашлығында, тың игеру жұмыстарында еңбек етті. Ұлы Жеңістің бірнеше мерейгерлік медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 739 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: