22:47
Ұлы Жеңіс ұлағаты

ЖЕТПІС ЖЫЛДЫҚТЫҢ МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Дүние жүзі тарихындағы Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңі саналатын 1941-1945 жылдар аралығын қамтыған Ұлы Отан соғысы Жеңісіне жетпіс жыл толып отыр биыл. Ірілі-шағын елді мекендерде осынау мерейлі мерекеге деген ынта-назар ерекше қазір. Тәрбиелік-тағылымдық маңызы зор шаралар ұйымдастырылуда. Өскелең ұрпаққа Жеңіске жету арқылы Бейбітшілікті аманат еткен соғыс ардагерлеріне һәм тыл ардагерлеріне деген құрмет-қошемет те асқарлануда.

Күні кеше Бесқарағай ауылына арнайы сапармен Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазинов, аудандық мәслихат хатшысы Қ.Әлтаев, аудан прокуроры Р.Есенов, аудан әкімі аппаратының меңгерушісі Р.Тастамбеков күркіреп күндей өткен сұм соғыстың көзі тірі куәгері болып, ортамызда отырған соғыс ардагері, құрметті ақсақал Қаблен Қасеновтің киелі шаңырағының босағасын аттады. Осынау сапардың басты себебі – Қаблен ақсақалға Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерекелік медалімен наградтау. Аудан орталығынан ат терлетіп келген лауазымды меймандарды қонағын құдайындай сыйлайтын сүйегі асыл ақсақал қошеметпен қарсы алды. Аудан әкімі Серік Хасенұлы орден-медальдарға толы қарт майдангер омырауына мерекелік медальді асқан бауырмалдықпен жайғастырды. Естелік сыйлықтарын табыстады. Көпті көрген қарияға игі тілектерін жаудырды. Осынау құрметке бөленген Қаблен ақсақал да қарап қалмады. Жас кезінде өз басынан өткен қиындықтарға тоқталды. 1945 жылы Берлинге алпыс шақырым қалған ұрыс даласында жараланып, артынша госпитальда емделіп, Жеңістің келгенін сонда қарсы алғанын күні кеше ғана болғандай әңгімеледі. Тоқсанның үшеуіне аяқ басып отырған соғыс ардагер жүз жасап, шөбересінің мектеп табалдырын аттағанын көргісі келетінін де ашып айтты. Өміршеңдік деп осыны айтса керек. Қарт майдангерді ұйып тыңдаған тұлғалар рух мен жігер алғаны анық. Ақсақалды бағып-қағып отырған ұлы Қанат және келіні Гүлнар қонақтарға қазақы дастарқан жайып, дәм-тұз татқызды. Осы күндері соғыс ардагері үйінің шатырын жаңалау жұмыстары ұйымдасқан түрде жүзеге асырылуда. Киелі шаңырақты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету жағы атқарушы биліктің жіті бақылауында.

Мерекелік медальдарды ресми түрде бұнымен шектелген жоқ сол күні. Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары А.Қасымова сұрапыл соғыс кезінде қажырлы еңбек еткен бесқарағайлық тыл ардагерлеріне медальдар табыстады. Қызылағаш ауылдық әкімшілігіндегі мәжіліс залында дәм-тұзды дастарқан басында Алма Жәнтенқызы Қапия Омарова, Бизат Жүнісова, Қадиша Абылғазинова, Лидия Маляренко сынды әжелердің омырауына мерекелік медальдарды зор ілтипатпен орналастырды. Келе жатқан үлкен мерекемен құттықтады. Мейірімділікпен жақсы тілектерін жеткізді. Алдына қойған дәм-тұздан алып отырған, қою шайды ішіп отырған әжелер іздерін басып келет жатқан кейінгі ұрпаққа Бейбітшіліктің маңызын артық рет айшықтады. Осынау отырысқа денсайлығына байланысты келе алмаған тыл ардагерлері Күлшан Оспанова және Мәкен Абдрахманова әжелерге мерекелік медаль өз үйлерінде ресми түрде табысталды.

Соғыс ардагеріне көрсетіліп жатқан әлеуметтік қызметтің бір парасы тыл ардагерлеріне де көрсетілуде. Бұл бағытта Қызылағаш ауылдық округ аппаратының, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебіндегі «Жас ұлан» балалар ұйымының атқарып жүрген жұмыстарын атап өткеніміз абзал. Қыс мезгілінде аулаларын қалың қардан тазаласа, жазғытұрымда, күзгітұрымда үй айналасын реттеуде аянып қалмайды. Бұл шараларда аудандық «Жалын» жастар орталығы инспекторы Г.Сейітова және мектептегі аға тәлімгер А.Ахметов ұйымдастырушылық жағынан көзге түсуде.

Сайып келгенде, Бесқарағай ауылында тұрып жатқан соғыс ардагері Қ.Қасеновке, тыл ардагерлеріне деген ықылас, құрмет бұған дейін қалай толастамаса, баянды болашақта да еш толастамақ емес. Бейбітшілікті аманаттаған жандарға алғысымыз шексіз!   

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 870 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: