22:42
Ұлы Жеңіс ұлағаты

 ЕРЖҮРЕК ҚАБДУДЫҢ МАЙДАНДАҒЫ ЖОЛЫ

Жетпіс жылдық мерейге толып отырған Жеңіске майдандағы ержүректілігімен сүбелі үлес қосқан Бесқарағай ауылынан сұрапыл қатысқан тұлғалардың бірі – Тустуков Қабду. Марқұмның өнеге болар өмір жолы хақында әңгіме өрбітуді немерелік парыз санадым.

1918 жылғы 10 қазанда Май ауданы «Қазақстан» ұжымшарында дүниеге келген Абылдың Қабдуы ес білгелі ұжымшар жұмысына белсене араласып, 1939 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын атқаруға Қызыл Армияның қатарына шақырылған екен. 1939 жылдың маусым айынан 1941 жылдың ішіне дейін 864-артиллерияның полкінде атқыштар дивизиясында болған. Ұлы Отан соғысы басталысымен өз еркімен майданға аттанды да, өзге жауынгерлердей Отанды опасыз жаулардан қорғау жолында ерен ержүректілік танытуға кірісті.

1941 жылдың маусым айынан 1943 жылға дейін 454-зениттік артиллерия полкінің пулеметшісі, ал 1943-1944 ж.ж. 1338-артиллерия полкінде болды. 1944-1945 ж.ж. 864-зениттік артиллерия дивизиясының бөлімше командирі қызметін абыроймен атқарды. Сұрапыл соғыстың соңын алған 1945 жылдың қаңтар айынан мамырға дейінгі аралықта Қырымды, Польшаны фашис басқыншыларынан азат ету шайқастарының бел ортасында болып, Германияны тізе бүктіру мақсатымен Берлинді алу операциясына белсене қатысқандардың бірі болды.

Өмір мен өлімнің бел кеткенше алысқан қан майданында етігімен су кешіп жүріп, бойындағы жігерімен, қолындағы қаруымен сұм фашистерді шыққан індеріне өкшелей қуып, Ұлы Жеңіске де қол жеткізгендердің бірі болған Қ.Тустуков екінші дүниежүзілік соғыстың жеңімпазы ретінде елге 1946 жылы оралды да, бейбіт өмірдің қызу тірлігіне белсенділік таныта кірісіп кетті. Содан Бесқарағай кеңшарында мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойында еңбек етті.  Айталық, 1947 жылдың 5 қарашасынан бастап 1974 жылдың 22 сәуіріне дейін, құрметтік зейнеткерлікке шықанша дейін, Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етті. Айналасындағы туған-туысқандарына тірек болып, өмірден озғанша дейін үбірлі-шүбірлі отбасының ұйытқысы да бола алды әлбетте.

Қабду Абылұлы майдан даласынан «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденінің, «Кавказ үшін шайқас», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарының иегері ретінде оралды. Бейбітшілік шарықтаған кезде «Еңбек ардагері» және Ұлы Жеңістің жиырма жылдық, жиырма бес жылдық, отыз жылдық, қырық жылдық, елу жылдық, КСРО Қарулы күштерінің алпыс жылдық, жетпіс жылдық мерейгерлік медальдарымен наградталды.

Бүгінгі күнде артынан қалған ұрпақтары түрлі салада қызмет жасап, құрметті ақсақалдың мәртебесін асқақтатуда.     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 615 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: