22:38
Ұлы Жеңіс ұлағаты

ҰРПАҚТАРДЫ САБАҚТАСТЫРҒАН СОҒЫС

Осыдан жетпіс жыл бұрын Жеңіспен тәмамдалған Ұлы Ота соғысы қаны бір туған-туыстардың тағдырында да айтарлықтай із қалдырды. Ұрыстар өткен қайсыбір мекендерде біреуінің атасы қару асынып, жан алысып, жан беріссе, бейбіт күнде азаматтық борышын өтеген немерелері соғыс қимылдары жүрген әскери бөлімдерде өмір мектебінен өтті. Ұрпақтарды сабақтастырған соғыстың бір тармағы хақында Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері С.Кәрімнің өз айтары бар.

Серік Садықұлы әкесінің туған ағасы Әбу Кәрімовті зор мақтанышпен еске алады. Өкінішке орай, жасындай жарыраған ол жиырма бір жасында Орел-Курск иінінде болған фашис танкілерімен жекпе-жек шайқастардың бірінде артиллерия лейтенанты шенінде ерлікпен қаза тапты.

Соғыс басталысымен-ақ өрімдей жас жігіт жастық жігерімен майданға алғашқылардың бірі болып сұраныпты. Әскери комиссариатта жолдасы Қалел екеуі тіркеліп, сұрапыл соғысқа аттаныпты. Айта кетейік, полковник Қалел Қоңыров Қазақстан Республикасының ардагер журналисі, белгілі қаламгер Төлеубек Қоңырдың туған ағасы болып табылады.

Бастапқы бетте Семейде әскери дайындықта болған екеуін тағдыр бөліп жіберді. Әбу Кәрімовті Түрікменстанның Чарджоу қаласына көшірілген Орел артиллерия училищесіне оқуға жібереді. Содан кейін қанды шайқасқа кірген Әбу Курск иінінде батарея командирі болыпты. Майданда жүріп, тыныштық орнаған аз-кем сәтте бойындағы ақындық шабыты қозып, өлең шығаратын дарындылығы бар ол өзінен жырақ жүрген досы Қалелге өлең түрінде ұйқасталған үшбу хат та жазған көрінеді. Рухани құндылығы мол осынау хаттарды Садық сақтаған екен.

Әбу Кәріммен бірге оның ең үлкен ағасы Жүніс те 1942 жылы Дон өзені бойында болған кескілескен шайқаста қаза тапты. Тегеурінді артиллерияға бас-көз болған әрі ұрыстардың қайнаған ортасында жүріп, өлең шығарған Әбу Кәрімнің туындыларын Төлеубек Қоңыр өз кітабына негізгі арқау еткен.

Ал бейбіт күнде әскери борышын өтеген Серік Садықұлы өзі болған әскери бөлім жайында өзіндік сыр тарқатты. 1942 жылы Алтай өлкесінің Барнаул қаласында құрылған артиллериялық полкта соғыстан кейін сержанттардан бөлімшелер командирлерін дайындайтын оқу курстарын тәмамдады.

Аталмыш артиллериялық полктің тарихын бес саусағындай жақсы білетін С.Кәрімнің айтуынша, полк 1942 жылдың 23 наурызында Батыс майданға ауыстырылыпты, 238-атқыштар дивизиясының құрамында сондағы генерал-лейтенант Беловтың корпусымен қосылуға бағытталған ірі операцияға жапа-тармағай қатысты. Сол жылдың тамыз-қыркүйек аралығында аталмыш полктің артиллерияшылары 21-армия құрамында Вертячий хуторының маңында орын алған жаудың ірі жаяу һәм танк екпінін басуда ерлік танытты. Осылайша жауға Сталинградқа апаратын жолға шығуға мүмкіндік бермеді. 1943 жылдың ақпанында полк фашистердің Сталинградта шоғырланған тобын қоршау мен залалсыздандыру бойынша шайқастарға қатысып, «Гвардиялық» деген құрметті атаққа қол жеткізді.

Ұлы Отан соғысы барысында артиллериялық полк бірнеше гвардиялық дивизия құрамында болған екен. Айталық, Днепрді шабуылдау бойынша операцияға, жаудың Корсунь-Шевченкода шоғырланған тобын құртуға, Умань қаласын азат етуде, дұшпанның Кишиневте іріктелген тобын жоюда (осы ұрыс үшін Жоғарғы Басқолбасшының бұйрығымен полкке «Кишиневтік» атағы берілді) қаһармандық танытты.

1945 жылдың сәуірінде аталмыш әскери бөлім Богдан Хмельницкий орденімен наградталды. Сол кезде артиллерияшы-жауынгерлер Аустрия астанасы Венаны азат ету шайқастарына қатысып, Екінші дүниежүзілік соғыстағы өз әскери жорығын аяқтады.

Статистикаға жүгінсек, артиллериялық полк сұрапыл соғыс жылдарында бес мыңнан аса жау солдаты мен офицерін жер жастандырыпты, 96 танкісінің, 14 бронетранспортерінің, 92 ДЗОТ-ының, 54 артиллериялық қаруының, 150 автокөлігінің, қару-жарағы ауыз-мұрнынан шыққан 19 қоймасының һәм 1 ұшағының күл-талқанын шығарыпты.

Осыдан отыз жылдан аса уақыт бұрын әскери борышын атақты артиллериялық полк орналасқан әскери бөлімде өтеген Серік Садықұлының мақтанатын жөні бар. Ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосқан артиллериялық полктің 43 жауынгері Әскери Қызыл Ту, 208-і Қызыл Жұлдыз, 120-сы І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, 1-сы Даңқ, 16-сы Александр Невский ордендерімен, 238-і «Ерлік үшні», 238-і «Әскери жетістіктері үшін», жеке құрамның 100 пайызы «Сталинградты қорғағаны үшін», «Венаны алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдармен наградталыпты. Бүгін Ұлы Отан соғысы жылдарында кескілескен ұрыстарда қаза тапқан Гвардиялық Кишиневтік артиллериялық полктің жауынгер-артиллерияшылары құрметіне ескерткіш орнатылды.

Серік Садықұлы осынау атақты әркери бөлімшеде азаматтық борышын өтеген кезде үлгілі қызметі үшін «Гвардия» Белгісімен марапатталыпты, КСРО Қарулы Күштері және әскери-теңіз флоты үздігі атанды. Сонымен қатар алты ай бойы жас курсанттарды оқытты. Бөлімше командирі болды, үш айлық офицерлер курсын тәмамдады. Запастағы гвардия аға лейтенанты болып табылады.

Жоғарыда ине-жіптей сабақталған баяннан шығар түйін – ата мен немере тағдырын сабақтастырған «артиллерия» делінетін әскери-соғыс ұғымы. Бірі – өскелең ұрпақтың уайымсыз бейбіт өмір сүру үшін артиллерияға командир бола жүріп өмірін ерлікпен қыршынынан қиса, бірі – өзі әскери борышын өтеген әскери бөлімнің Екінші дүниежүзілік соғыстағы бірегей артиллериялық қаһармандығын мақтан тұтады. Тағдырлардың сабақтастығы, тағдырлардың жазуы осы шығар асылында.               

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 790 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: